Қоғам • 25 Қаңтар, 2023

Өңірлік баспасөздің басты бағыттары

342 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Елорда төрінде өңірлік мер­зімді басылым­да­р форумы жұмысын бас­тады. Тұңғыш рет ұйым­дас­­ты­рылған маңызды бас­­қо­суға Ақпарат және қоғам­дық даму министр­лі­гі ұйытқы болды. Екі күн­ге жоспарланған іс-шара шең­берінде өңірдегі газет-жур­­налдардың тағдыры тал­қыға түсіп, күн тәрті­бін­де тұрған проблемалар­ды шешу жолдары қарастырылмақ.

Өңірлік баспасөздің басты бағыттары

Суреттерді түсірген Игорь Бургандинов

Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары өңірдегі мерзімді басы­лым­дардың жағдайы қиын­­­дап, көптеген мәселеге тап келіп отыр. Цифрлық технология дамы­­ған сайын басылымдардың басы­нан бақ тайғаны рас. Бұрын жергілікті әкімдіктің қол­дауын сезініп келген басылым­дар жекенің қолына өтті. Сөйтіп, ғи­ма­ратынан айырылып, мате­риалдық-техникалық базасы әлсіреп, кадрлар қысқарып, бас­па шығындарына бас қатырып, таралымы төмендеп, «шықпа жаным шықпа деп» күнелтіп отыр. Міне, осы мәселелердің шешу жолын қарастыру – форумның басты мақсаты. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің аймақтағы журналистер мен басылым редакторларын Астанаға арнайы шақыруының себебі де осы. Ұсыныстар назарға алынып, жүйелі жұмыс қолға алынады деп көзделіп отыр. Сондай-ақ форумда журналистік материал­дарды жазудың жанрлық түр­лері мен стилистикасы, дәстүрлі және жаңа медиа, аймақтық БАҚ-ты дамыту, медиа кеңіс­тіктегі мемлекеттік тіл мәселесі, конвергентті журналистика, басылымдардың сапасын арттыру және аудиториясын кеңейту, оларды оқырманға уақтылы жеткізу мәселелері талқыланып жатыр. Форум қатысушы­лары БАҚ саласындағы тың тәжі­ри­белермен танысып, кәсіби идея­ларды тыңдап, тәжірибе жинақ­тауға мүмкіндік алмақ.

ывп

Форумға қатысқан Премьер-министр­дің орынбасары Алтай Көлгінов жаһан­дық ақпарат ағымында мерзімді басы­лымдардың алар орны ерекше екенін атап өтті.

– Басылымдар тарихымыз бен мәде­ниетімізді, рухани ұлттық құнды­лық­тарымызды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін негізгі ақпарат құралы екені сөзсіз. Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген даналық сөзі әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Оған дәлел ретінде басы­лым­дардың жыл санап көбейіп келе жатқанын айтуымызға болады. Егер 2016 жылы Қазақстанда 2 мыңға жуық БАҚ тіркелген болса, бүгінде олар­дың саны 5 мыңнан асқан. Оның 70%-ға жуығы баспа басылымдары. Бұл – медиа саласының қарқынды даму әлеуе­тінің ұлғайғаны мен болашағының зор екен­дігіне тағы бір дәлел. Отандық медианың әлеуетін бұдан да арттыру үшін алдымызда ауқымды міндеттер тұр.

Мемлекет басшысы сайлауалды бағдарламасында еліміздегі ақпараттық саясатты, жастар саясатын, азаматтық қоғам мен байланыс тетіктерін жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар беріп, міндеттер қойды. Осы тұрғыда өңірлік баспа бұқаралық ақпарат құралдарының мәселелерін, атап айтқанда оқырман саны мен басылым таралымын қайта көбейту, қаржыландыру және техникалық жаңарту, уақтылы жеткізу мен жергілікті БАҚ-тың ахуалын жақсарту бағытында министрлік және жергілікті атқарушы органдармен бірге тиімді әрі нақты шешу жолдарын пысықтау қажет деп есептейміз. Бүгінгі жиын мақсаты да – осы, – деді Алтай Көлгінов.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі өңірлерге жасаған жұ­мыс сапары барысында жергілікті басы­лым­дардың шаңырағына арнайы ат басын бұ­рып, мәселелерімен танысқанын, сол уа­қыт­та форум өткізуге уағдаласқанын айтты.

– Цифрлық технологиялар адамзат­тың ақпарат тұтыну әдеттерін түбегейлі өзгертті. Бүгінде газет-журналдардың таралымы төмендеп, оқырмандар ақпаратты негізінен интернет-ресурстардан алатыны белгілі. Соның салдары­нан көптеген басылым жұмысын тоқтату­ға немесе тираж санын күрт азайту­ға мәжбүр болды. Әсіресе пандемия ке­зінде дәстүрлі баспалар күрделі тек­тоникалық өзгерістерді бастан ке­шірді. Бұл қиындықтар өңірлік басылымдарды да айналып өткен жоқ. Тиісті талаптарға сай келмегендіктен, бөлінген қаражаттардан құр қалған редакциялар емес. Кейбір БАҚ-тар түрлі себептермен жекешеленіп те кетті. Мәсе­лен, аудандарда 159 газет жекеге өткен. Бірақ біз өңірлік басылымдарды жеке­ме­ншік не мемлекеттік деп бөлмей, бар­лы­ғына да қолдау көрсетуге әзірміз. Осы күнге дейін елімізде жабылған газет-журналдардың нақты себептері терең ғылыми тұрғыда зерттеуді қажет етеді. Қазақстандық қоғамдық даму инсти­туты медиа саладағы осындай мәсе­ле­лерді кешенді түрде талдап, нақты қо­ры­тындылар шығаруға тиіс. Біз қандай шешім қабылдасақ та, ғылыми негізге сүйенгеніміз жөн, – деді Дархан Қыдырәлі.

Президент жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры Асқар Омаров өз сөзінде: «ХХ ғасырдың ортасында да «радионың, газеттің дәурені өтті» деген пікір айтылған еді. Бұл пікір осы уақытқа дейін айтылып келсе де, басылымдар мен радио маңыздылығын жоғалтпай, өз тұтынушыларына сапалы өнім ұсынып отыр. Алдағы уақытта мерзімді баспаларды дамытудың кешенді жоспарын әзірлеген жөн», деді.

Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп: «Ақпараттық технология дамыған сайын «Газет-журналдың керегі бар ма, бар болса оны дамытудың жолы қайсы?» деген сауал жиі алдан шығады. Қазір оқырманды ақпараттық мақаламен таң қалдыра алмайсың, бұл ретте, өңірлік басылымдар ағартушылық және танымдық дүниелерді жариялау арқылы мәртебесін арттыра алады. Оқу мәдениетінен айырылған адам ойлау мәдениетінен айырылатынын естен шығармаған жөн», деді.

Форумның ашық алаңында негізінен облыстық, аудандық деңгейдегі газеттер­дің жай-күйі талқыға салынды. Өңірлік баспасөздің басты мәселесі қандай? Ақпараттық заманда аймақ басылымдары қалай «күн көріп» жатыр?

Форумға жиналған облыстық газет­тердің құрылтайшылары өңір­лік баспасөздің жағдайы көңіл көншіт­пейті­нін ашық жеткізді. Жыл сайын тиражы азайып, оқырманын да орталап алған газеттер қазір маман тапшылығы, жалақы аздығы, газетке «күштеп» жаздыру секілді мәселемен бетпе-бет келіп отыр.

апыпв

– Дәстүрлі БАҚ-тың өрісі күннен-күнге тарылып келе жатқаны жасырын емес. Алдымен кәсіби маман табу қиын, қазіргі заманға бейімделген, жаңа технологияның тілін біліп, жазуды да қатар алып жүретін қызметкерлер жоқтың қасы. Әрине, 10 қызметкердің орнына 5 білікті маманды жұмыспен қамту оңайырақ болар еді. Әрі жалақылары да екі есеге өсіп, облыстық баспасөздің абыройы да артар еді. Өкінішке қарай, әзірге бұл ойымыз жүзеге аспай тұр. Серіктестік құрғалы материалдық-техникалық базамыз жаңарды, заманауи баспаханамыз бар. Мұнда екі республикалық газет пен облыстағы 30-ға жуық газет-журнал басылады, – деді өңірлік БАҚ-ты дамыту мәселелерін сөз еткен «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев.

«Сыр медиа» басшысы өңірлік бас­па­сөздің дамуына қажетті бірқатар ұсы­нысымен бөлісе келіп, ең алдымен мемле­кеттік тапсырыс көлемін ұлғайту мәселесіне назар аудартты. Оның айтуынша, Сыр өңірінде өткен жылмен салыстырғанда биыл мемлекеттік тапсырысқа бөлінген қаржы біршама азайған.

– Мемлекеттік тапсырысты бөлу­дің өзі жылда кешіктіріледі. Сондай-ақ мемлекеттік тапсырыстың шар­шы сантиметріне есептелетін қаржыны бірдейлендіру бастамасының нәтижесі көрінетін емес. Газеттер үшін шаршы сантиметр құны барлық өңір үшін бір бағада болуға тиіс. Қазір бір газет пен екінші газетті айырмашылығы мынадай: республикалық тариф – 700 теңге, жергілікті тариф – 120 теңге. Осыған байланысты министрлік тарапынан сүйенуге негіз болатын тарифтерді бекітуге арналған құқықтық акт бекітілсе құба-құп болар еді. Сондай-ақ газет басу және тарату қызметін субсидиялау қажет. Республика көлемінде барлық санаттағы кітапханалар арқылы баспасөзге жаздыруды тұрақты міндетке алу, газетке жазылған студенттерді немесе оқушыларды субсидиялау мәселесін қарастыру қажет, – деді Аманжол Оңғарбаев.

Айта кетейік, «Сыр медиа» – «Қазпоштаның» жеткізу қызметіне иек артпай ауыл-аудандағы оқырманына өнімін өзі жеткізіп отырған елдегі бірден-бір мекеме. Басшысының айтуынша, бұл – тиімді әрі қаражат үнемдеудің ең ұтымды тәсілі.

Ал «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин аудандық баспасөз халық пен биліктің арасындағы көпір ғана емес, сондай-ақ халықтың сауа­тын ашатын құрал екенін атап өтті.

– Мобилизацияның кесірінен биыл Ресей жастары Оралға көптеп келді. Көрші ел жастарының көбейіп кеткені сонша, халық арасында түсініспеушілік туындай бастады. Бұл мәселе облыстық қоғамдық кеңесте де талқыланды. Сол кезде біз «Орал өңірінде» «Елең-алаң мезгіл, алагөбе көңіл» деген жергілікті халықтың, психологиялық жағдайын жаза отырып, «жергілікті жұртты ашуландырып алмайық», деп билікке ескерту ретінде көлемді мақала жарияладық. Осы мақала арқылы біз ұлтаралық емес мемлекетаралық жағдайдың шиеле­нісуі­нен елді, өңірді сақтадық. Бұл «аймақ­тық газет керек емес», дейтін кейбір сарап­шылардың пікірлеріне қарама-қайшы, – деді Б.Ғұбайдуллин.

Форумда сөз алған сарапшы халықтың оқу мәдениетіне қатысты ойын да ашық жеткізіп, «Егер халық газет-журнал оқымаса, сауатын қалай ашады?» деген сауал тастады.

– Біз облыстық газетті насихаттап, өңір­дегі ауыл-аймаққа жиі шығып тұру­ға тырысамыз. Сондай бір жиында жергілікті интеллигенция болып саналатын мұғалім, ұстаздардың баспасөз оқымайтынын аңғардық. Бұл, әрине өте өкінішті, – деді «Орал өңірі» газетінің бас редакторы.

«Қазір барлық облыстық, аудандық газет­тер жекеменшікке өткені белгілі. Сондықтан газет тиражы да құрылтай­шының құзырында. Алайда барлығы өз қолымызда деп жергілікті баспасөздің тағдырына балта шабуға болмайды». Бұл пікірді ауқымды іс-шараға Ақтөбе облысынан арнайы келіп қатысқан «Шалқар» аудандық газетінің құрылтайшысы Қыдыралы Әлин айтты.

– Ақтөбе облысында барлық газеттер 2015 жылдан бастап жекеге өте бастады. «Шалқар» аудандық газетінің 90 жылдық тарихы бар. Облыстағы тиражы көп басылым – осы газет. Қазіргі күні тиражы 3 мыңнан асады. Соңғы 4-5 жылда осы тиражды ұстап тұрмыз. Әрине, тоқырау кезеңдерінде азайып кеткеніміз рас, екі мыңға дейін түсіп қалдық. Кейін саны көтерілді. Қазір жазылым көрсеткіші де жаман емес, – деген құрылтайшы басылымның аудандағы жалғыз БАҚ екенін айтты.

Ал форумға қатысқан республикалық газет, журналдардың жетекшілері газеттің тиражын арттыру, оқырманға жеткізу жолдарын айтып, тәжірибелерімен бөлісті.

Мемлекеттік ақпараттық саясаттағы өңірлік газеттердің рөлі туралы айтқан «Қазақ газеттері» ЖШС-ның директоры Дихан Қамзабекұлы қалыптасқан дәстүр бойынша баспасөзде сын мен бақылау болатынын алға тартты. «Газет сынайды, атқарушы билік немесе қоғамдық құрылымдар сол сыннан тиісінше қорытынды шығарады», деген серіктестік басшысы кез келген сынды бақылау және одан қорытынды шығару қажеттігін еске салды. Ақпаратты қанша адам оқиды, кім оқып жатыр? Зиялы қауым, билік өкілдері таңғы асын газет оқудан бастай ма? Журналистің жазған сараптамалық өнімін оқи ма, әлде көз жүргізіп қана өте шыға ма? Осы және өзге де мәселені ашық талқылауға шығарған Д.Қамзабекұлы БАҚ пен қоғам, қоғам мен биліктің арасындағы алшақтықты анықтайтын өлшемдерді атап өтті.

Спикер сондай-ақ өңірлік бас­пасөздің басты 5 мәселесін тізбелеп берді. Олар – жур­налистің құқықтық сауаты, мем­ле­кеттік тапсырыс, БАҚ-қа сенімнің азаюы, жалақының аздығы және – кәсіби деңгей. Соңғы талапқа орай, оқу орындары журналистерді даяр­­лауға қатысты көзқарасын түбе­гейлі өзгерту қажет екенін де айтты.

Ал газеттегі жарнама және монетизация әдістерімен бөліскен «Айқын-Литер» ЖШС-ның директоры Ысқақ Егембердиев қазіргі жағдайда газет тек сараптамалық, зерттеу мақалаларын басып, ал ақпаратты баспасөз сайтына жүктеп отыру қажет деген пікірін ортаға салды. Оның айтуынша, қазіргі күні баспасөз бірнеше жолмен монетизацияға қол жеткізе алады. Олар – мемлекеттік тапсырысты орын­дау, жарнамалық материалдар орналас­тыру, баннер не болмаса пос­тер жариялау, әлеуметтік желідегі ресми па­рақшаларға жарнамалық контент жариялау, яндекс-жарнама, тизерлік жарнама және баспасөзге жазылушылардың санын арттыру.

Сондай-ақ National Geographic журна­лы­­ның контент әзірлеу тәжірибе­сімен бөліс­кен басылымның жауапты редакторы Ай­бын Шағалақ визуализацияға аса мән беру керектігін жеткізді. Оның айтуынша, сараптамалық мақалалар текст, фото және инфографикадан құралуы қажет. Бұл әдіс оқырманды жалық­тырмай, ақпаратты жылдам қабылдауға әсер етеді.

Іс-шарада сөз алған спикердің бірі Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоябергенқызы «Жур­налистиканың ықпалы мен мәрте­бесі» тақырыбына баяндама жасаса, журналист Ерболат Мұхамеджан конвергенттік журналистика туралы ойымен бөлісті. Сондай-ақ Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Ербол Тілешов медиакеңістіктегі мемлекеттік тіл мәселелеріне кеңінен тоқталып, шешу жолдарын ұсынды.

 

Оралхан АХМАДИЯ,

Гүлнар ЖОЛЖАН,

«Egemen Qazaqstan»