Медицина • 26 Қаңтар, 2023

Ажар Ғиният Қарағанды облысының тұрғындарымен кездесті

203 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында Қарағанды медицина университетінің базасында тұрғындармен кездесу өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz  ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Ажар Ғиният Қарағанды облысының тұрғындарымен кездесті

Министр өз сөзінде денсаулық сақтауды дамытудың бірнеше басым бағыттарын атап өтті. Тарқатып айтқанда, бұл - медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдарында медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету ауылдық медицинаны дамыту, ана мен бала денсаулығын сақтау, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жақсарту. 

«Біз Мемлекет басшысының халыққа медициналық көмек көрсетудің тиімділігін арттыру жөніндегі тапсырмалары шеңберінде кешенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Нәтижесінде ел бойынша денсаулық сақтаудың негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштерінің оң динамикасы байқалады. Қарағанды облысы бойынша жағдай келесідей: халықтың жалпы өлімі 9%-ға төмендеді. Сондай-ақ қанайналым жүйесінің ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіштері 37%-ға, обырдан болатын өлім-жітім 8%-ға, тыныс алу ағзаларының  ауруларынан болатын өлім-жітім 37%-ға төмендеді, ал туберкулезден болатын өлім-жітім 31%-ға төмендеді», деп атап өтті Ажар Ғиният кездесу барысында.

Министрдің айтуынша, 2022 жылы 9 жаңа қалалық емхана мен амбулатория, оның ішінде Қарағанды облысында 3 емхана пайдалануға берілді.

Министр ауылдық денсаулық сақтауды дамытудың басымдығын атап өтіп, ауыл тұрғындары үшін профилактикалық қарап-тексерулерді енгізу туралы баяндады.

«Қарағанды облысының 50 мыңнан астам ауыл тұрғыны зерттеліп-қаралды, 506-ға жуық адам динамикалық бақылауға алынды, оларда жоғары қан қысымы, қант диабеті, бүйрек патологиясы белгілері байқалды», деп хабарлады министр.

Айта кетсек, Қарағанды облысында ауылдық медицина ұйымдарының базасында 6 дәріхана пункті ашылды, ал шалғайдағы ауылдық пункттер үшін 7 жылжымалы дәріхана пункті іске қосылды.

«2023 жылы ұлттық жобаның шеңберінде 309 МСАК объектісі, оның ішінде Қарағанды облысында 42 объекті салынады», деді А.Ғиният.

Министр профилактикалық қарап-тексерулерді қаржыландыру көлемі 2 есеге, медициналық консультациялық-диагностикалық қызметтер мен оңалту 1,5 есеге, стационарлық көмек 1,2 есеге, жоғары технологиялық медициналық көмек 2,2 есеге көбейгенін және жақын арада 300 төсектік аурухана, 200 төсектік перинаталдық орталық салу жоспарланғанын атап өтті.

 

Гүлшахра САНСЫЗБАЙ