Қоғам • 26 Қаңтар, 2023

Алматыда әлеуметтік жоба бастау алды

190 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған аналарға жеке кәсібін ашуға мүмкіндік туды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда әлеуметтік жоба бастау алды

Алматы қаласының іскер әйелдер қауымдастығы «MamaPro» қоғамдық қоры және «ICF-Kazakhstan» қоғамдық бірлестігімен ерекше баласы бар аналарға арналған «Әйелдер – әйелдерге» әлеуметтік жобасын бастады. Іріктеуден өткен 22 әйел алдағы уақытта менторлар мен коучтардың көмегімен арнайы біліктілік курстарынан өтіп, жеке кәсібін дөңгелетіп әкетпекші.

Өткен жылдың желтоқсан айында іріктеуден өтіп, осы жылғы қаңтар мен сәуір аралығында менторлық жетекшілік пен коучингтен өтетін болашақ кәсіп иелері бұған дейінгі кезеңде кәсіпкерліктің әліппесін танып, психологиялық қолдаудан өтті. Кәсіби мамандар сонымен қатар аналар үшін арнайы шеберлік сағаттарын да өткізеді.

Жоба аясында аналар өз кәсібін ашумен қатар, жұмысқа да орналаса алады. Алматы қаласы Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Наталья Мұхамеджанова атап өткендей, қоғамдағы әлеуметтік мәселелер жұмыла біріккенде ғана шешімін табады. Ал инклюзия саласында бірлесіп атқаратын шаруа жеткілікті. Бұл жоба аналардың кәсіп ашуына қолдау көрсете отырып, отбасының әлеуметтік салмағын жеңілдетуге бағытталып отыр.  

Әлеуметтік жобаның демеушісі Алматы менеджмент университеті ғимаратында жобаға қатысты бірқатар шаралар өтетін болады. «MamaPro» қоғамдық қоры тарапынан аналарға кәсіпкерліктің негіздері, психологиялық көмек көрсетілсе, қалалық Іскер әйелдер қауымдастығы менторинг, шеберлік сабақтар мен құқықтық қолдау жасай отырып, үш кандидатты жұмыспен қамтуға ықпал етеді. «ICF-Kazakhstan» ҚҚ ерекше баласы бар аналарға коучинг-сессиялар өткізеді.

Жиын барысында іріктеуден өткен аналар өз басынан өткен қиын жағдайлар туралы баяндап, жаңа жобаның ерекше қажеттіліктері бар балалардың отбасы үшін үлкен қолдау екенін атап өтті.

 

АЛМАТЫ