Тау тұлғаның талантынан туған туындылар барша өнерсүйер қауымға мәлім. «Дайрабай», «Құдаша-думан» симфониялық күйлері, «Қамар-сұлу», «Алпамыс» және «Абылай хан» опералары, романстары мен әндері талай жылдан бері тыңдаған жүректі тербетіп келеді.
Концерттің атауы композитор Нұтфолла Шәкеновтің сөзіне жазылған «Таң самалы» лироэпикалық әнімен байланысты. Жас кезінде сүйікті қаласы Алматыдан шабыт алған Еркеғали Рахмадиев туындыны жары Клараға арнаған. Ән КСРО Халық әртісі Роза Бағланованың репертуарында елдің есінде қалып, көптеген жанның сүйіспеншілігіне бөленді. Ал осы кеште көрермен бұл әнді Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақтың (сопрано) орындауында тыңдады.
Концерт барысында «Қамар сұлу», «Алпамыс» операларынан үзінділер, «Күндер зулап барады», «Туған ел туралы жыр», «Осынау әнге салғайсың», «Ақ тырналар», «Әнші бақытты», «Шаттық вальсі» және басқа да әндері мен романстары шырқалды. Сазды кешке Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов (баритон), «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Алтынбек Әбілда (баритон), халықаралық байқаулардың лауреаттары Әйгерім Аманжолова (сопрано), Фируза Рахметова (сопрано), Шахризада Тыныштық (сопрано), Алтынбек Арыстанбек (тенор), Талғат Аллабиринов (тенор), Нұрсәт Алмас (баритон) қатысты. Ал фортепиано партиясында – Мәдениет саласының үздігі Роза Шотқалиева өнер көрсетті.