Тарих • 26 Қаңтар, 2023

Қазақ киносының бойтұмары

367 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сұлтанахмет Қожықовтың есімі аталғанда даңқы дәуірге дас­тан болған «Қыз Жібек» фильмі ойымызға оралады. Көркем өнердің көкжиегін кеңейтіп, қазақ киносын шырқау биікке көтерген киногердің биыл ғасыр тойы.

Қазақ киносының бойтұмары

Ол талантты боп туған адам. Қаннан келген қасиет қолына алдымен қылқалам ұстатқан. Кенептегі кемел ойды қос ағаның еншісіне қалдырып, өнерден өз жолын, өз арнасын іздепті. Шы­ғармашылық адамына ең алдымен еркіндік керек. Себебі өнер қалыпқа құя беретін кірпіш емес, ол шетсіз, бәлкім шексіз әлем. Суреткер бойындағы осы еркіндік пен халқына деген сүйіспеншілік егіз өрілгендіктен де ұлтының бекзат болмысын, өр рухын экранда жарқырата көрсетті. Фильмге кілең тулаған таланттарды таңдап алып, олардың да есімінің ел жүрегіне енуіне жол ашты.

р

Қазақтың аяулы қызы Ме­руерт Өтекешова өз естелі­гінде: «Өнер деген өте нәзік әлем, еш­қандай астамшылықты көтер­мейді. Жібектің бейнесін сомдау үшін тек әдемілік қана емес, талант керек. Қағілез режиссер Сұлтан Қожықов, суретші Гулфайруз Ысмайылова, композитор Нұрғиса Тілендиев, оператор Асхат Ашрапов бастаған комиссия мені 400 үміткердің ішінен ақтық сынға қатысатын 10 қыздың қатарына енгізді. Артынша барлығымыздың өне­рімізді сараптап шыққан көр­кем­дік кеңес басты рөлге мені бекітті. Кино әлеміне енуіме, өмірлік бойтұмарыма айналған Жібек рөлі арқылы елге танылуыма көреген режиссер Қожықовтың әсері мол», деп толғанады.

Терең мазмұнымен, көркемдік қуатымен көпшіліктің көңілінен шыққан картина 1972 жылы Ба­куде өткен Бүкілодақтық кинофестивальде көрсетіліп, үш бірдей дипломға ие болды. Ұлт танымын этникалық планда кең де тынысты етіп бедерлегені үшін айтулы марапат Сұлтан Қожықовқа, суретші Гульфайрус Исмайыловаға, актер Кенебай Қожа­бековке берілді. Туынды Мем­лекеттік сыйлыққа лайық деп танылды.

Сол тұста кеңестік баспасөзде режиссердің даңқын асырған түрлі мақалалар жарық көріп жат­ты. «Бұл – С. Қожықовтың үлкен табысы, кемелді суретші болғанының айғағы» деп жазды «Комсомольская правда» газеті. Өмір есігін ашқан мыңдаған сә­­биге Жібек есімі қойылды. Уни­верситет қабырғаларынан «Қыз Жібек» атауымен эстети­ка­лық үйірмелер ашыла бастады.

Халық дәстүрімен сабақтасып жатқан мазмұнды идеяны миллион жанарды жаулаған жау­һар туындыға айналдыруда режис­сердің табанды еңбегі жатыр. Картинадағы әр деталь, әр штрих үлкен талғаммен өрілген. Мәселен, жасанды, арзан шыт-шыбыр экранда білініп қалады деп костюмдерге барқыт, мақпал, жібек, шәйі, пүліш секілді қымбат маталар, құндыз, сусар, елтірі, інжу-маржан қолданылған. Ар­найы қаулы негізінде Ауыл шаруашылығы министрлігіне фильм­ге таңдаулы 40 ат тауы­п беру жүктелді. Тіпті ат әб­зел­де­рі, сауыт-саймандар, киіз үй жи­һаздары, кілем, текемет­тер таңдаулы шеберлердің қо­лы­нан шықты. Батырлар мен қыз­дардың киімдеріне қажетті жүздеген әшекейді Алматыдағы әйгілі «Сувенир» фабрикасы қақ­таған күмістен, бағалы металдардан жасап шығарды. Қо­жықов қазақ даласының көркем табиғатын көрсету үшін түсірілім жұмыстарында Алатау, Алтай, Ақтау, Жайық, Қарқаралы, Іле жағасы секілді ең шұрайлы жер­лерді қамтыды. Жанкешті жұмыс, еселі еңбек, тынымсыз тө­гілген тер. Бұл Сұлтанахмет Қожықовтың өз мамандығына ғана емес, ұлтының асқақ арманына деген адалдығы еді. Кар­тинадағы ұшан-теңіз еңбекті уақыт бедерінде сан сынаққа түскен халқының еңсесін көтеру, ұлттық рухын ояту, қалғыған намысын қайрау деп қабылдамай көріңіз. Сұлтанахмет соғысқа қатысты, майданда мұқалмаған жігер жалынға айналды. Көңіл түкпірінде шымыр-шымыр қай­наған әппақ арман ұлтының асқақ келбеті болып экранда жарқ етті.

 Бұл тұрғыда сыншы Әмина Құрманғали: «Қазақ неткен сұлу халық деп әлем екі рет таңдай қақты. Бірі – «Абай жолын» оқығанда, екіншісі – «Қыз Жібекті» көргенде. «Қыз Жібек» - көркемөнердегі тылсым құбылыс. Оның өмірге келуінің өзінде бір ғажаптық бар. Бейне бір қазақты жебеуші Тәңірдің өзі «ғасырдың қайталанбас ғажабын жасасын» деп, ылғи дарындарды бір жерге әкеліп тоғыстырғандай. Осы фильм тұңғыш рет қазақтың әдемі, сұлу, сергек, дені таза, та­за қанды халық екенін көрсетті. Шынардай сымбатты, сұңқардай сұлу, тұлпардай текті халық екенін көрсетті. Қазақ киносын ақсақ, соқыр, таз, қалқан құлақ, орсақ тіс, бүкір, талтақ, тәштек-тапал (әдейі жинап алған) сайқымазақ кейіпкерлерден арылтты. Бүкіл­одақ­тық мемлекеттік кинемато­графия институтының ре­жис­серлік факультетін тә­мамдап, Довженконың өзінен сабақ алған Сұлтанахметтің білі­міне, нәзік эстетикалық талға­мына, көрегендігі мен табандылығына таңдануға болмас. Таңданатын нәрсе – оның осы қабілеттерінің мо­йындалмауы» деп күйінуі де ретті.

Расында суреткердің алға ұстаған арманы ұлттық ойта­нымның кәусарын алдыңа тосатын мөлдір бұлақ па дерсіз. Алайда қазақ киносының жау­һары ретінде жарты әлемді шарлаған осы бір туындыға ой арманын сығып бергенімен, киноға қатысты сын-пікірлердің қарша борауы режиссердің жанына жүк түсіріп, жүрек талмасына ұшыратқаны да өмір шындығы.

Фильмнің алғашқы түсірілім материалдарын талқылау барысында Шәкен Айманов: «Тө­леген, Бекежанның қасында әлсіз, жасқаншақ. Біздің көріп отырғанымыз – ойсыз, алаңсыз жүр­ген біреу» десе, Ғабит Мүсі­репов те осы ойды құптап, басты рөлдегі әртістерге сын арқылы жігер берген. Картинаның айналасында сценарий авторы Ғ.Мүсірепов пен режиссер арасында келіспеушіліктер орын алғанымен, фильм жарыққа шық­қанда Ғабең: «Енді мен бұл фильм үшін оппозиционер емеспін. Бұл сөзімді С. Қожықовтың алдында шын көңіліммен айтамын», деп ағынан жарылыпты.

Әрбір суреткердің арманы тұтас ғұмырға татитын туынды­сымен тарихта қалу. Шығар­ма­шылық жолында қаншама дүние­ні қалыптастырса да, «Қыз Жібек» кинорежиссер ретінде Қо­жы­қовтың қайталанбас қол­таңбасы болып қала бермек. Оның арманы да, аңсары да, дер­ті мен өрті де, қуанышы да осы туындының өзегінде өрі­ліп жа­тыр. Ендеше дегдар та­лант­тың өмір жырын, көңіл сырын болашаққа жеткізетін байып­ты қадамдар биылғы мерейлі жылдың еншісінде деп білейік.

 

АЛМАТЫ