Экономика • 27 Қаңтар, 2023

Желіге «желімделгендер»

270 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әлеуметтік желілер – өміріміздің ажырамас бөлігі. Бұқаралық ақпарат құралдарының, мемлекеттік органдардың, танымал тұлғалардың әлеуметтік желілердің ауылына әлдеқашан «қоныстанғаны» да сондықтан. Ел-жұртқа танылғысы келетіндердің бәрі дәл осы әлеуметтік желілерді төңіректейді. Мұны даңқ пен дақпыртыңды дүниеге жаяр сиқырлы күш десе де болғандай. Ал адамдар қанша уақытын әлеуметтік желілерге арнайды? Қандай желілер жаһан жұртына танымал? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік.

Желіге «желімделгендер»

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Халық арасында кең тара­ған ең алғашқы әлеуметтік желі – Classmates.com. Ол 1995 жылы пайда болды. Жал­пы, әлеуметтік желіні іске қосу­дың серпінді кезеңі 2003-2004 жылдар деп есептеледі. Дәл осы аралықта LinkedIn, MySpace және Facebook пайда болған. Орыстілді сегменттегі негізгі әлеуметтік желілер – «Одноклассники» және «ВКонтакте» 2006 жылдан бері таныла бастады.

Datareportal.com мәліме­тінше, 2022 жылдың үшінші тоқсанында әлем­де әлеуметтік желі қолдану­шы­ларының саны 4,74 млрд адамды құраған. Көрсеткіш сол жылдың екінші тоқсанымен салыстырғанда 0,7 пайызға, ал бір жыл бұрынғы деңгеймен салыстырғанда 4,2 пайызға өскен. Демек жер бетіндегі адамдардың 59,3 пайызы әлеуметтік желілерді пайдаланады деген сөз. 13 жасқа дейінгі балаларды есепке алмасақ, жастар мен ересектердің төрттен үші, яғни 75,9 пайызы әлеуметтік желілерге «желімделген».

Тағы бір қызықты дерекке көзіміз түсті. Интернеті бар адамдардың 93,4 пайызы әлеуметтік желілерді пай­­да­ланады екен. Демек олардың әлеу­мет­т­ік желілерден ак­каунт ашуы қалыпты жағдай. Сон­дай-ақ әлеуметтік желіні пайдаланушылардың басым бөлігі – ерлер (54 пайыз). Қолданушылар арасындағы әйелдердің үлесі 46 пайызға тең.

2022 жылдың үшінші тоқсанында 16-64 жас аралы­ғындағы әрбір интернет қол­данушы әлеуметтік желіде күніне орта есеппен 2 сағат 28 минут отырған. Бұл көрсеткіш бір жыл бұрынғыдан 1 минутқа көп.

Ал әлеуметтік желіде ең көп отыратындар нигериялықтар екен. Бұл елдің тұрғындары күніне 4 сағат 20 минут уа­қытты әлеуметтік желіге арнайды. Одан кейінгі орында Бразилия мен Оңтүстік Африка Республикасы тұр – 3 сағат 44 минут. Алғашқы бестікте Филиппин (3 сағат 42 минут) мен Колумбия (3 сағат 35 минут) бар. Әлеуметтік желілерге аз уақыт арнайтын ел – Жапония. Мұндағы интернет қолданушылары тәулігіне 49 минутты әлеуметтік желіге жұмсайды. Одан кейінгі орында Оңтүстік Корея (1 сағат 11 минут) және Аустрия (1 сағат 30 минут) тұр.

Деректерге сүйенсек, адам­дардың көпшілігі (47 пайыз) әлеуметтік желілерді отбасымен және достарымен хабарласу үшін пайдаланады екен. Ал 35,4 пайызы бос уақытын ғана өткізгісі келеді. Жаңалықтарды оқып, оқиғаларды қадағалап отыратындардың үлесі – 34,6 пайыз. Қолданушылардың 30 пайызы бұл жерден белгілі бір мазмұндағы дүниелерді іздейді. 28,7 пайызы әлеуметтік желі арқылы әлемде не болып жатқанын түсініп, назарда ұстауға тырысады. Пай­даланушылардың 27 пайызы әлдебір дүниені іске асыру үшін әлеуметтік желілерден шабыт пен жаңа идея іздейді екен. Түрлі тауарды іздеп, сатып алатындар да жоқ емес (26,2 пайыз).

Әлемдегі ең танымал әлеуметтік желі – Facebook. Оны 2,9 млрд адам қолданады. Одан кейінгі орында Youtube (2,5 млрд қолданушы) пен WhatsApp (2 млрд қолданушы) тұр. Үздік бестікке Instagram (1,4 млрд қолданушы) және WeChat (1,3 млрд қолданушы) еніп отыр. Сондай-ақ танымал желілердің қатарында TikTok, Facebook Messenger, Telegram, қытайлық Douyin, Kuaishou, Sina Weibo және басқалары бар.

Бұл ретте қолданушы­лардың ең сүйікті желісі WhatsApp екені анықталды. Белсенді қолданушылардың 16,1 пайызы Марк Цукерберг басқаратын Meta-ға тиесілі желіні ең сүйікті желі ретінде таңдаған. Бұл санаттағы екінші орын Facebook әлеуметтік желісіне (14,6 пайыз) бұйырса, үштікті Instagram (14,5 пайыз) түйіндеген. Екеуі де – Meta-ның өнімі.

Интернет пайдаланушыла­рының әлеуметтік желіде өткі­зетін уақытының көп бөлігі Youtube-ке тиесілі. Адамдар айына орташа есеппен 23,4 сағатын осы желіге арнайды. Сол секілді пайдаланушы­лар айына TikTok-та 22,9 сағат, Facebook-те 19,7 сағат, WhatsApp-та 17,3 сағат, Instagram-да 11,7 сағат, Line-да 11 сағат, Twitter-де 5,5 сағат, Telegram-да 4 сағат, Facebook Messenger мен Snapchat-та 3,1 сағат отыратыны белгілі болды.