Экономика • 26 Қаңтар, 2023

Қордың қомақты қолдауы

287 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Ел дамуының жаңа кезеңіне аяқ басқалы әділетті қоғам ұстынын бекіте түсуге ұмтылыс жасалып, ұлт саулығына ерекше көңіл бөлініп келеді.

Қордың қомақты қолдауы

Бұл ретте табыстың әділ бөлінуін, көмекке мұқтаж кез келген азаматтың мемлекет пен қоғамнан ұдайы қолдау көруін назарға алған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорының құ­ры­луына бастамашы болды. Бүгінде денсаулығын дерт меңдеген жандар осы қор арқылы мемлекеттің демеуін сезініп жүр. Бұған қоса қаншама мұқтаж адам қомақты ақшалай қолдау көрді.

фывф

Бүгінгі таңда қорға ірі компаниялардан, жеке қайырымдылық қорлар мен ұйымдардан, меценаттар мен жеке тұлғалардан – жалпы 79 мың донордан 131,7 млрд теңге түскен. Қор­дың Қамқоршылық кеңесі мақұл­даған бағдарламалар мен жобалар­дың жалпы құны 60 млрд теңгені құраса, оның 25,5 млрд теңгесі қайырым­дылық көмек ретінде жұмсалып отыр.

Қор денсаулық сақтау мен әлеу­меттік қолдау, білім, спорт салалары және төтенше жағ­дай кезінде көрсетілетін көмек аясында да 20-дан аса қайы­рым­дылық бағдарламасы мен жобасын іске асырып жатыр. Қайырымдылыққа қатысты барлық ақпарат, қаржылық есеп­тер, түсім, қаражат жібер­ген­дердің тізімі, жұмсалған қар­жы­ның бағыты қор сайтында ашық көрсетілген.

 

Юлиан ЛЕВЧЕНКО,

Щучинск қаласының 26 жастағы тұрғыны:

– Осыдан бір жарым жыл бұрын тағдырдың тәлкегімен аяғымнан айырылдым. Сол сәтте өмірім бір сәтке тоқтап қалғандай болып еді. Бірақ қор арқылы алған модульдік заманауи протезбен қайтадан жүріп-тұруды үйреніп жатырмын. Қаңқалы гильза көміртектен жасалған, ішінде жұмсақ пластик, көміртекті аяқ және гидравликалық тізе модулі бар. Бір жақсы жері – барлық компоненті ылғалға төзімді болғандықтан, протезбен су процедураларын да қабылдауға болады. Жаңа протез оңай қозғалуға және жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Белсенді өмір салтына оралып келемін. Жұмысқа қайта икемделіп, 100 пайыз спортпен шұғылдана аламын. Мұндай протезді алуға көп адамның бүгінде мүмкіндігі жоқ. Аяқ-қолын жоғалтып, ампутациялағаннан кейін әдеттегі өмір сүру деңгейіне, қалыпты жұмысқа қайта оралу өте қиын. «Қазақстан халқына» қоры мен протез жасаған Оттобок компаниясына алғысым шексіз.

 

Таңшолпан ҚҰРМАНАЛИЕВА,

қымбат дәріге қол жеткізген үш жасар баланың анасы:

– Өткен жылы қызым Таира Мұхтарға нейробластома диагнозы қойылғанда, тиімді емдеу жүргізу үшін «Карзиба» дәрісімен иммунотерапия керек екенін естідім. Өкінішке қарай, кепілдендірілген мемлекеттік медициналық көмек аясында бұл препарат берілмейді екен. Мысалы, Ресейде осы дәріні сатып алу үшін ата-аналар 30 млн рубль жинауға мәжбүр. Мен де препаратты алу үшін жинаған мүлікті сатып, қарыз алуға және қаражат жинау үшін қор ашуға дайындалып жүрдім. «Қазақстан халқына» қорының арқасында қызым 3 емдеу курсынан өтті, енді 2 курсы қалды. Толығымен сауығып шығуға, өмір бойы ремиссияға шығуға мүмкіндік бар. Шетелге барудың, қор ашудың, баламыздың денсаулығы үшін үнемі қорқынышпен өмір сүрудің енді еш қажеті жоқ. Президентіміз айтқандай, өзімізді Жаңа Қазақстанда, Әділетті Қазақстанда тұрып жатқандай сезінудеміз. Қазір өз елімізде емделіп жатырмыз, емдеу арасындағы үзілісте туыстарымыздың жанында боламыз. Қызымыз еш күйзеліссіз, алаңсыз өмір сүріп жатыр.

 

«Мүгедектігі бар 14-29 жас ара­­лы­ғындағы жастарды ин­нова­циялық протездік-орто­педия­лық бұйымдармен қамта­масыз ету» бағдарламасы аясында 60 адамға (оның ішінде 31 бала) 532,7 млн теңгеге инновациялық протездер алынған. Жалпы, осы мақ­саттағы қайырымдылық жұмыс­тарға 1 млрд 568 млн теңге бөлін­ген. Бүгінде протез алған­дардың бірі – Щучинск қаласының 26 жастағы тұрғыны Юлиан Левченко. Ол бір жарым жыл бұрын аяғынан айырылып, бүгінде қайтадан жүріп-тұруды үйреніп келеді. Өйткені қордан Юлианға модульдік заманауи протезі берілген.

Қазір жаттығулар нәти­же­сінде, Юлианның жаңа протезбен қадамы нығая түскен. Оның айтуынша, енді 12 сағатқа дейін жұмыста бола алады. Белсенділік пен үнемі жүруді қажет ететін жұ­мысты тиісті деңгейде ат­қаруда. Спортты қатар алып жүріп, 5 шақырымға дейін еркін жүре алады. Төртінші қабаттағы пәтеріне де баспалдақпен еш қиындықсыз көтеріліп жүр. Бұрын протез алмай тұрғанда мұндай қиындықтан аяғы қанап, әрбір 100 метр сайын тоқтап, дем алу керек еді. Протездік-ортопедиялық бұйымдарды дұрыс таңдау үздіксіз оңалту жүргізу, қозғалысында ақау бар адамдардың әлеуметтік бейім­делуі мен белсенділігін қам­тамасыз ету, сондай-ақ қайта асқынуларды болдырмау үшін қажет. Мәселен, Юлианның модульдік протезінің құны – 9 млн теңге. Сондықтан қордың қайырымдылық бағдарлама­сы жергілікті өндірушілерден әрбір пайдаланушының қажет­­тіліктерін ескере отырып да­йындалатын протездік-ортопе­диялық бұйымдарды сатып алуды көз­дейді. Бағдарлама­ның серік­тестері – «Medicare International» отандық өндірушісі және «Фармас» ЖШС.

Ал «Тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды роботтық құралдармен (экзоскелет­тер­мен) қамтамасыз ету» бағдар­ла­масы бойынша, сал ауруына шалдыққан 4 балаға экзоскелет берілген. Бағдарлама бойынша 2023 жылы тағы 9 балаға экзоскелет жасау жоспарланып отыр. Бағдарламаның бюджеті 117 млн теңгені құраса, 1 экзоскелеттің құны 9 млн теңге тұрады екен. Бұл құрылғының көмегімен көпбалалы отбасыдан шыққан астаналық 11 жасар Санжар Серік үйде бұлшық еттерін дамытып, дұрыс жүруге бейімде­ле­ді. Әкесі Мәди Әпендин­нің айтуынша, екі жасында дәрі­гер­лер балаға церебральды сал ауруы диагнозын қойған. Содан бері түрлі мемлекеттік және жеке медициналық ұйымдар­да емделіп, оңалтудан өткен. Баласының тезірек аяққа тұруын тіл­еген ата-ана, тіпті халық ем­шілеріне де жүгініп көрген екен.

«Кез келген ата-ана секілді бала үшін бармаған жеріміз, баспаған тауымыз жоқ. Әртүрлі емдеу жолдарын іздедік, ешқа­шан мойымадық. Енді экзоскелеттен үмітіміз зор. Осыған дейін ата-аналар мен мамандардан экзоскелеттің тиімділігі туралы естігенбіз. Оның көмегімен өздігінен жүре бастаған балалар бар екен. Келесі жылы бұйыртса Санжарым аттай шауып кетсе, балаларымды балыққа апарамын. Балам аяққа тұрғанын, менімен бірге балық аулап жүргенін жарияға жар салып міндетті түрде видеоға түсіремін», дейді М.Әпендин.

Қазір Санжар жүріс құра­лымен жүре алғанымен, құр­дас­тарымен бірге спорт сек­цияларына қатыса алатын сәтті асыға күтеді. Боксқа қызығу­шылығы жоғары Санжар үйінде қолы қалт етсе, бокс әдістерін меңгереді. Спортпен қатар көркем әдебиетке қызығу­шылық танытып, журналист болуды армандайды. Бес күн ішінде Санжар Балаларды оңалту­дың ұлттық орталығында әкесі­мен, дәрігерлермен, «Mbionics» отандық өндіруші компаниясының мамандарымен бірге экзоскелетті сынақтан өткізген. Тестілеу және оқыту қорытындысы және аталған орталық жанындағы пәнаралық топтың мақұлдауы бойынша экзоскелетке қол жеткізген.

«Тамырлы патологиясы бар балаларға медициналық көмек көрсету бағдарламасына» 20 млн 480 мың теңге бөлініп, барлығы 103 бала тіркелген. Бүгінде 94 бала қордың серіктесі – А.Қарабеков атындағы ҚҚ әлеуметтік медици­налық орта­лы­ғының базасында дәрі-дәр­мек терапиясы мен лазерлік ем алып жатыр. Мем­лекет назары­на алынған жоба биылдан бас­тап МӘМС бойынша кепіл­дендірілген көмек түріне енеді.

«Ерте араласу орталықтарын жарақтандыру» бағдарлама­сы бойынша 2023 жылдың нау­рызына қарай қор осы орталық­тар­ды 13 өңірде – Алматы, Шымкент, Қостанай, Тараз, Өске­­мен, Талдықорған, Павло­дар, Қарағанды, Петропавл, Арал, Орал, Атырау қала­ларын­да Түркістан облысының Қаблан­бек ауылында жаб­дық­тауды жоспарлап отыр. Орталықтарды жабдықтауға 1 615 808 329 теңге бөлінген. Сондай-ақ қор шала туған нәрестелердің ретинопатиясын офтальмологиялық скрининг пен емдеуге арналған жабдықтармен қамтамасыз ету бағдарламасымен 297,8 млн теңге сомасына 31 медицина­лық ұйымға жабдық жеткізу­ді жоспарлап отыр. Қор көздің мүйізгек қабығын ауыстырып салуды қажет ететін көз ағза­ларының аурулары бар пациенттерге де қайырымдылық көмек көрсетеді. Бағдарлама аясында шұғыл қабық трансплантациясын қажет ете­тін 304 адамға, оның ішін­де 107 балаға көмек көрсетілу көзделген. 2022-2024 жылдарға арналған бағдарламаның жалпы бюджеті – 373,3 млн теңге. Ал «Аутизмі және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған орталықтарды жарақтандыру» бағдарламасымен жыл сайын 8 орталықтың әрқайсысында (Алматы, Шымкент, Қостанай, Тараз, Өскемен, Ақтөбе, Талды­қорған, Павлодар) 125 бала кешен­ді қызмет алады деп жос­пар­ланған. Жалпы, аутиз­мі және басқа да ақыл-ой ке­місті­гі бар 1000 баланы қамти­тын бағ­дарлама бойынша жаб­­дық­тауға 2 млрд 408 млн 104 мың теңге бағытталған. Орта­лық­тардың ашылуы биылға жоспарланған.

Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры қыз­метінің басым бағыттарының бірі – балалар мен ересектерді өмірлік маңызды қымбат және тіркелмеген дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету. Бүгінде қор 15,3 млрд теңгеден аса сомаға сирек (орфандық) кездесетін және со­зылмалы аурулары бар 130 ем­делушіні дәрілік заттар­мен қам­тамасыз еткен. Олардың 118-і – орфандық ауруға шалдық­қан нау­қастар. Бүгінде барлығы 20 түрлі дәрі сатып алынған, оның ішінде жұлын бұлшық ет атро­­фиясы бар балаларға қол­данылатын әлемдегі ең қымбат дәрілік заттар бар.

Қордан қолдау көргендердің бірі нейробластома диагнозы қойылған – Таира Мұхтар. Оған ремиссияға шығу үшін «Карзиба» («Динутуксимаб бета») препараты беріліп, иммунотерапия курсынан өтіп жа­тыр. Таираның емдік курсы үшін 25 құты қажет болса, ол дәрі­нің 1 құтысының бағасы – 6 898 600 теңге. «Карзиба» – Қазақстан­да тіркелмеген ауыр түрдегі нейробластоманы емдеу­ге арнал­ған қымбат дәрі.

Иә, орфандық және ауыр сыр­қат­тарды емдеу дәрі-дәр­мек­тердің жоғары құны­мен ерекшеленетіні белгілі. Бұл сирек дәрілік заттардың жеткізу­шісін іздеу де күрделі үдеріс әрі дәрі-дәрмек тек алдын ала жіберілген өтінімдер бойынша ғана шыға­рылады. Бұл ретте дистрибьюторлар препараттардың аз мөлшерін жеткізуге мүдделі емес екенін атап өткен жөн.

Еске салсақ, «Қазақстан хал­қына» қоры ауыр сырқаттары бар науқастарды елімізде тіркел­меген және Қазақстандық ұлт­тық дәрілік формулярға, сондай-ақ ұлттық емдеу хаттамаларына енгізілмеген дәрілік заттармен қамтамасыз ету міндеттемесін алған. Бүгінгі таңда қор жасалған келі­сімшарттар немесе ке­ліссөз­дер жүргізу аясында 124 ем­делушіні өмірлік маңызды пре­параттармен қамтамасыз ету жұмысын жалғастырып отыр. Сондай-ақ қор 12 емделушіні шетелдік клиникаларға (Ресей, Түркия, Оңтүстік Корея, Из­раиль) жіберіп, мұқтаж жан­дар­ға барынша көмек көрсетіп жа­тыр. Түйгеніміз, бұл қор талай­­дың жан жарасына дауа беріп, шын мұқтаждың мұңын сейілтіп, қуанышын еселеп жатыр. Әді­летті Қазақстан идеясының түп­кі мәні осы емес пе?!