Пікір • 26 Қаңтар, 2023

Баламалы жазылым жүргізіледі

284 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Мaqat tynysy» газеті – Атырау облысындағы ең жас басылымдардың бірі. 2001 жылы негізі қаланған газет ұжымы бүгінде жасындай жалындаған жастармен жасақталған. Десе де оқырман алдындағы жауапкершілік пен уақыт талабының үдесінен шығып, қызмет атқарып келеді.

Баламалы жазылым жүргізіледі

Біздің негізгі проблемамыз – газетке жазылушылар санының аздығы. Бұл проб­лема тек біздің газеттің ғана емес, барлық басылымдардың негізгі мәселесі деп білеміз. Кезінде 3 мың тиражы бар басылымның бүгінде таралымы 1 500-ге дейін төмендеді. Ауданда 29 мың тұрғын бар десек, бұл – өте аз көрсеткіш.

Бұған газетті халыққа тарату мәселесіндегі олқылықтардың болуы себеп. Өйткені тұрғындар тарапынан «Қазпоштаға» айтылатын сын көп. Мәселен, газеттің уақтылы оқырманға жетпеуі салдарынан тираж түсіп кетті. Сондықтан биылдан бастап газетке баламалы жазылымды қолға алдық. Бұл ретте редакция қызметкерлері оқырмандарды газетке жазылуға өздері тартып, жазылу науқанын ойдағыдай ұйымдастырды. Бірақ бұл қызметкерлерге қосымша жүк болып отырғаны жасырын емес.

Сондай-ақ редакциядағы тағы бір проблема – жарнаманың аздығы. Арнайы жоспар жасақталып, түйткілдің түйінін тарқату жұмысы жүргізіліп жатыр. Десе де бүгінде тұрғындар әлеуметтік желінің дамыған заманында газет арқылы жарнама жасауға құлықсыз болып отырғаны – ащы шындық.

Бұған қоса маман тапшылығы да қатты сезіледі. Бұл – жылдар бойы шешілмей келе жатқан өзекті мәселе. Қазір редакцияда редактор және екі журналист қана ақпарат таратып жүр. Осы ретте жастардың ауылдық жерлерде жұмыс істегісі келмейтіні, жалақының аздығы да мәселені күрделендіріп отыр. Сондықтан «Дипломмен ауылға» бағдарламасына журналист мамандарын қосса жақсы болар еді.

 

Мөлдір ІЗТҰРҒАНОВА,

«Мaqat tynysy» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы