Өнерде шекара жоқ, мозаика бетіндегі мәміле солай. Біз бүгін канадалық жазушы һәм сыралғы сазгер Леонард Коэнның «Dance Me To the end of Love» шығармасы хақында әңгіме айтпақпыз. Сіздің бұрынырақ естіген әніңіз, мүмкін той кешінде, мүмкін кабакта, мүмкін салтанатты жиында. Қайыра тыңдасаңыз, ұзақ ностальгияның уысына түсесіз. Қазір біз осы мақаланы жазып отырған сәтті суреттеп отырмыз. Әннің құшағынан ажырай алмай, қиялымыз да қалықтап барады.
Ғашығыңыздың белінен қапсыра қысып, шыр көбелек айналған би кештері естеріңізде шығар, сіз Шәмшінің «Қайықтасының» ырғағына тербелсеңіз, сол кезеңде әлем терезеден «Dance Me To the еnd оf Love» деп қол соғып тұрды. Атақты актер Аль Пачино «Әйел жұпары» фильмінде көзі көрмесе де өмірінің соңғы күндерінде жас сұлумен жанарына жұлдыз қонғандай шыр айнала билеп, арманының нүктесін қоймай ма? Ғажап қой, сол сәт!
Бұл тембрі бөлек туынды 1984 жылы әншінің «Various Positions» альбомында жарыққа шығып, әлемді вальс билеуге шақырды. Композиция махаббат тақырыбын қозғағанымен, турасында Холокост кезіндегі Терезенштадт лагері туралы жазылған. Мұқият тыңдасаңыз, сезімі үшін құрбан болған жанның жанайқайы естіледі. Ал негізі шығарманың бастауында нацистер жаппай отқа өртеген өнерпаздардың жан азабы жатыр. Бұл – өмірмен қоштасу әні.
«Әрбір әннің өмірге келуі де әйелдің толғағы секілді ғажап пен азаптың арасында күй кешесіз. Әр туындының өз трагедиясы мен консепциясы бар. Ол әсерді әлем не басқа күш береді. Сондықтан жазу үдерісі өте жұмбақ. Бірақ бұл әнді жазуда концлагерьлердегі геттолардың ансамбльдері жайлы әңгіме әсер етті. Олар достарын пеште өртеп жатқанда да ойнады. Бұл қорқынышты.
Концлагерьде гетто әндерінің үш негізгі мақсаты болған. Біріншісі – лагерьлердегі өмірді құжаттау, содан кейін шындықтан қашу және дәстүрді сақтау. Олар шырқаған әндер адамдардың қайғы-қасіретінің жаңғырығы ғана емес, келесі күннің бастаухаты мен ертеңге деген үміт пен жігердің әлдиі. Сол ансамбль шырқаған әннің бірінде «Қара да тұр, біз олардан аман қаламыз, біз әлі де аман қаламыз» деген сөздер бар. Алып арзуына ән ғана араша болды.
Тұтқындағы еврейлерге тіршілікке құштарлық ауадай қажет болды, ал музыка ашу мен кекті сыртқа шығарудың басты құралына айналды. Жазушы Алина Кентофтың пьесасында балалар үйінің тәрбиеленушілері концертке дайындалып жатқаны баяндалады. Сонда бір кішкентай еврей тұтқынның баласы: «Мен ән айта алмаймын... Қарным аш» деп жата қалып жылайды. Оған тәрбиеші: «Бәріміз де аш құрсақпыз. Сол үшін ән айтуға тиіспіз» деп жауап қатады. Шағын топ бір аспаппен гетто әндерін орындады. Ата-аналары жалынға шарпылып жатқанда да балалары ән айтты.
Әрбір бесінші лагерьде нацистер музыкант тұтқындардың тобын құрып, оларды газ камераларына апарар алдында аспапта ойнауға мәжбүр етті. Әншілер жалындаған отқа ән айтып өртенді. Сондықтан лагерьде музыканттардың өз-өзіне қол жұмсау деңгейі басқа тұтқындарға қарағанда жоғары болды. Көптеген музыкант достары мен отбасының өліміне шарасыз куә болды. Освенцимде алты оркестр болды, олардың әрқайсысында 100-120 музыканттан өнер көрсеткен.
Концлагерь тұтқыны Фания Фенелон «Уақыт ойыны» еңбегінде 1944 жылдың қаңтарынан бастап Освенцимдегі әйелдер оркестрінің құрамында болғанын жазады. Ол үнемі таза киім киіп, күн сайын душ қабылдауға мәжбүр болған. Бірнеше сағат бойы көңілді, жеңіл марш орындап, тұтқындарды ажал апанына ән айтып шығарып салған. Пеште тірідей жанып кеткен еврейлердің жаназасын әуезді әуенмен шығаруға тура келеді.
Иә, қалай болғанда да, бүгінде тыңдарманның дені бұл әнді лирикалық шығарма ретінде қабылдайды. Енді сіз әннің астарында жатқан азапты болған оқиғадан хабардарсыз. Оны бұрынғыдай сезіне алар ма екенсіз? Леонард Коэнның «Dance Me To the еnd оf Love» шығармасын қазақша «Махаббат өлгенше, менімен биле» деп тәржімаладық. Ақынның бірнеше шумақтан тұратын ғажайып туындысы махаббат балладасы секілді жаныңызды езеді. Өлім алдында көңілді ән естіген адамдардың наласы менмұндалайды.
«Өртке оранған скрипка үніне биле өмір,
Қорқынышымды құпия ұсташы
сүйген көңіл.
Ақ көгершін мені үйге апарады,
Биле – махаббат от-алауы!
Биле – махаббат от-алауы!»