Аймақтар • 30 Қаңтар, 2023

Қорқыныштың арты – қуаныш

359 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шымкент қаласында тұратын 6 баланың анасы – Нәзира Дүйсебаеваның баспанасы өртеніп, далада қалып қойған еді. «Көп түкірсе – көл» дегендей, ананың қайғысын көтеруге жанашыр жұрт жұмылып, жылу жинауға кіріскен. Халық көмегінің нәтижесінде баспана жалдап жан баққан көпбала­лы отбасының жеке үйге қолы жетті.

Қорқыныштың арты – қуаныш

Қонысты болған келіншек қол­ұшын созған жандарға ри­за­­­­шы­лығын білдірді.

– Пәтер жалдап тұрып жат­қа­нымызға 15 жыл болған еді. Үйі­міз өртеніп кетіп, әп-сәтте қай­ғы жұтып қалдық. Алғаш­­қы­да не істерімізді біл­мей, бала-ша­ғамызбен қат­ты күйзелдік. Бізді далада қалдырмай, жағ­да­йы­­мызды көріп, көмек берген, жәр­демдескен ағайынға рах­мет. Әуелі Алла, сосын қарапайым халықтың арқасында баспанаға қол жеткіздік. Енді ол өзіміздің жеке үйіміз. О баста расы керек, жұрт қайғымызға ортақ­та­сады, үй әпереді деген ой болған жоқ еді. Әсіресе, үйі­міз­дің болатынын естігенде менен бұрын ба­ла­ларым ерекше толқыды. Қуа­ныштан төбесі көкке екі елі жетпей қалды. Тіпті бала-шағамның ішіндегі тұңғышым «анашым, Аллаға мыңда бір шүкір. Енді біз пәтер жалдап далада қаң­ғыр­маймыз», деп кө­ңілі босап, көз жасына ерік берді. Иә, иығымызға түскен зор ауырт­па­лықты көтерісіп, осындай қуанышты сәтке жеткізген халқыма алғыстан басқа айтарым жоқ. Құдайым олардың да әрбірінің шаңырағына тек жақсылықтар сыйласын, – деді шаттықтан жүзі бал-бұл жанған Н.Дүйсебаева.

Өз кезегінде шаһарда бір отбасын ауыр жағдайға қалдырған төтенше оқиғаның болғанын естіген кәсіпкер, әрі Шымкент қалалық қоғам­дық кеңестің мүшесі Нұргүл Қобланова дереу тілсіз жаудан жапа шеккен көпбалалы ананың жағдайын біл­мекке ұмтылады. Мұндай жа­­на­шыр­лық­ты «Аманат» партия­сы қалалық филиалы атқа­­ру­шы хатшысының орынба­сары Мұратәлі Қалмұратов та көрсетеді. Олар көпбалалы отбасының хал-ахуалын білі­сіп, тұр­мысқа қажетті заттармен және керекті азық-тү­лік­пен қам­та­масыз етіп тұрды.

Кәсіпкер келіншек Н.Қоб­ла­­но­ваның айтуынша, түнгі ауа температурасы -20 градустан төмендеген са­қыл­да­­ған сары аязда балалар да­лада қалып қой­­масыншы деп қатты уайым шегіпті. Сөйтіп шұғыл арада әріп­тестеріне қоңырау шалып, шама жеткенше жылу жинау акциясына мұрындық болған. Сонымен бірге қайырымды істе шет қалғысы келмеген халық қай­ғыға душар болған көп­бала­­лы ананың әпкесі Алмира Саты­балдиеваның атын­дағы жеке шотқа қолдан келгенше қаржы аударған. Қысқасы, са­­уапты амал жа­сау­­­­­­­­­­­­да­­ қарапайым тұр­ғын­дар­дың ешқайсысы да көмек қо­лын созудан аянбады.

Ал Қайнарбұлақ саяжайы­ның ауыл биі Ақмарал Өмір­зақова елден аз ғана уа­қыт ішінде 22 млн теңгенің жинал­ға­нын айтады. Сол қомақты қаражаттың 19,5 млн теңгесі баспана сатып алуға жұмсалса, қалған ақшаға үй жи­һаз­дары, көрпе-төсек секілді ең қажетті тұрмыстық бұйымдар сатып әперді. Сонымен қатар жылудан жиналған қаражатты тағы да бір осындай өрттен зардап шеккен отбасыға жәрдем ретінде үлестірген.

Ауыл биінің айтуынша, қиын сәтте халық ауызбіршілік танытып, қайғының астында қалған бір шаңыраққа жұ­мы­ла көмек көрсеткені ол әл­бет­те елде әлі де жанашыр аза­­мат­тар­дың көп екенінің жар­қын дәлелі, әрі осындай қайырымды қоғам барда адамдар ешқашан өздерін жалғыз сезінбек емес. Міне, осылайша, халықтың қам­қорлығының нәтижесінде барынан айырылған отбасы қайта үйлі болып, олар үшін бақыттың баянды ғұмыры бас­талды. Ең бастысы оқыс оқиға адамдарды, тұтас қоғамды шені­­­­­­не, атына қарамастан ортақ іске бірік­ті­ріп жіберді. Олар­­дың ішінде қарапайым халық та, кәсіпкер де, партия өкілдері де, еріктілер мен қоғамдық ұйымдар да бар. Тіпті, мектеп­те оқитын бала­лар­ға де­йін қал­таларынан әке-шешесі берген тиындарын шы­­ға­рып, қайы­рым­дылық акциясына атсалысыпты.

Бұдан бөлек жалмаған өрт­тен жарамсыз күйге енген үйді «Елге қызмет» қоғамдық қоры күрделі жөндеуден өткіз­ген. Ал «Медикер» жеке меди­ци­налық клиникасының басшысы, әрі дәрігер Бақытжан Пози­лов болса, зардап шеккен отба­сыға әсіресе көпбалалы келін­шекке медициналық және психо­ло­гия­лық көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.

 

ШЫМКЕНТ