Оның айтуынша, былтыр қоғамдық қабылдауға 134 мың адам өз мұң-мұқтажын, арыз-шағымын жеткізсе, соңғы жеті-сегіз күннің өзінде 500-ге тарта ұсыныс-тілек келіп түскен. Қазір құжатта басымдық беретін салалар анықталып жатыр. Бұған қоса сайлауалды бағдарламада экономика, экология және энергетикадағы өзекті мәселелер қамтылады.
– Бұл жұмысқа Мәжілістің экс-депутаттары, партия жанынан құрылған кеңестердің мүшелері, білікті саясаттанушылар және экономистер тартылды. Сайлауалды бағдарламаға ұсыныстар халықтан тікелей жиналады. Партияның Жарғысына сәйкес, бағдарламалық құжаттарды қабылдау съездің құзырында. Жер-жердегі партияластардың талқылауынан және сарапшылардың талдауынан өткен сайлауалды бағдарламаның түпкілікті нұсқасы алдағы съезде қабылданады. Ал жол картасында алдағы 5 жылға арналған нақты іс-шаралар тізімі бекітіледі. Құжат «Қашан, қандай жерде мектеп салынады?», «Мәселені қалай шешеміз?» деген сауалдардың негізінде жасақталған концептуалды тәсілдерден тұрады, – деді Е.Бейсенбаев.
Атқарушы хатшы партияның Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің жұмысымен де танысты. Орталық меңгерушісі Әлия Садырбаева Сайлау туралы заңға сәйкес, партияның қоғамдық қабылдаулары халыққа көмек және кеңес беру жұмысының тоқтатылғанын айтты. Бұған дейін азаматтардың талап-тілектері қоғамдық қабылдаулардан бөлек Call-орталықтар, партияның сайты мен электронды поштасы, еgov.kz электронды үкімет порталы, WhatsApp мессенжері арқылы қабылданыпты.
«Amanat»-тың атынан сайлауға түсетін депутаттардың есімі де партия сьезінде белгілі болады. Үміткерлерді таңдауда «ашықтық, әділдік және жаңару» принципі негізге алынбақ.
– Кандидаттарды таңдаудың өзіндік алгоритмі бар. Әр бастауыш партия ұйымы өзінің ең белсенді деген үміткерін ұсынады. Делегаттардың арасында да кандидаттар болуы мүмкін. Одан кейін аудандық және облыстық конференцияларда дауыс беру нәтижесінде кімнің үлесі көбірек болса, біз сол азаматты сайлауға кандидат ретінде тіркейміз. Бүкіл процесс ашық әрі әділ өтеді. Ең белсенді, білімді, білікті азаматтар осы тізімге енуі керек. Бұған қоса әр түрлі жас өкілдері, жастар, әйелдер, түрлі мамандық иелері болуы тиіс. Жалпы, өткен шақырылыммен салыстырғанда тізімде жаңа есімдер көп болады, – деді партия өкілі.
Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, «Аmanat» барлық депутаттық мандатқа өз кандидаттарын ұсынуды жоспарлап отыр. Жалпы, Мәжілістегі 98 мандаттың 69-ы партиялық тізім бойынша, 29-ы бір мандатты округтер бойынша бөлінеді. Сонымен қатар республика бойынша 223 мәслихатта сайлау өтіп, онда 3415 депутат сайланады.
Партия ұжымы саяси науқанға 20 мың байқаушы мен 10 мың сенімді өкілін дайындап қойған. Әрі алдағы үгіт жұмысына жер-жерде сайлау штабтарын құрып, қызу дайындықты бастап кеткен.
– Біз ашық та тартысты бәсекеге дайынбыз. Бағытымыз – Әділетті Қазақстан, мақсатымыз – мемлекеттің тұтастығы, тәуелсіздіктің баянды болуы, – деп түйіндеді Е.Бейсенбаев.
Айта кетейік, еліміздің барлық өңірінде партияның 243 қоғамдық қабылдау орталығы бар. Былтыр тұрғындардың 90 пайызының талап-тілегі оң шешілсе, қалған 10 пайызының арыз-шағымы қаралып жатыр. Өтініштердің басым бөлігі әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, еңбек қатынастары, медициналық қызметтердің сапасы және тағы басқа түйіткілді мәселелерге қатысты.