Сайлау • 29 Қаңтар, 2023

Саяси науқанға – тиянақты әзірлік

215 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Amanat» партиясының сайлау­алды бағдарламасын әзірлеуде тұрғындар өтініші ескеріледі. Бұл туралы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің жұмысымен танысып, кейіннен БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берген пар­тия­ның атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев мәлімдеді.

Саяси науқанға – тиянақты әзірлік

Оның айтуынша, былтыр қоғамдық қабылдауға 134 мың адам өз мұң-мұқтажын, арыз-шағымын жеткізсе, соңғы жеті-сегіз күннің өзінде 500-ге тарта ұсыныс-тілек келіп түскен. Қазір құжатта басымдық бере­тін салалар анықталып жатыр. Бұған қоса сай­лауалды бағдарламада экономика, экология және энергетикадағы өзекті мәселелер қамтылады.

– Бұл жұмысқа Мәжілістің экс-депу­тат­тары, партия жанынан құрылған кеңестердің мүшелері, білікті саясаттанушылар және эко­номистер тартылды. Сайлауалды бағдар­ламаға ұсыныстар халықтан тікелей жиналады. Партияның Жарғысына сәйкес, бағдар­ламалық құжаттарды қабылдау съездің құзырында. Жер-жердегі партияластардың талқылауынан және сарапшылардың талдауынан өткен сайлауалды бағдарламаның түпкілікті нұсқасы алдағы съезде қабыл­данады. Ал жол картасында алдағы 5 жылға арналған нақты іс-шаралар тізімі бекітіледі. Құжат «Қашан, қандай жерде мектеп салынады?», «Мәселені қалай шешеміз?» деген сауалдардың негізінде жасақталған кон­цептуалды тәсілдерден тұрады, – деді Е.Бейсенбаев.

Атқарушы хатшы партияның Рес­пуб­ликалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің жұ­мысымен де танысты. Орталық мең­ге­рушісі Әлия Садырбаева Сайлау туралы заңға сәйкес, партияның қоғамдық қабыл­даулары халыққа көмек және кеңес беру жұ­мысының тоқтатылғанын айтты. Бұған дейін азаматтардың талап-тілектері қоғам­дық қабылдаулардан бөлек Call-орталықтар, партияның сайты мен электронды поштасы, еgov.kz электронды үкімет порталы, WhatsApp мессенжері арқылы қабыл­даныпты.

«Amanat»-тың атынан сайлауға түсетін депутаттардың есімі де партия сьезінде белгілі болады. Үміткерлерді таңдауда «ашық­тық, әділдік және жаңару» принципі негізге алынбақ.

– Кандидаттарды таңдаудың өзіндік алгоритмі бар. Әр бастауыш партия ұйымы өзінің ең белсенді деген үміткерін ұсынады. Де­легаттардың арасында да кандидаттар болуы мүмкін. Одан кейін аудандық және облыс­тық конференцияларда дауыс беру нәтижесінде кімнің үлесі көбірек болса, біз сол азаматты сайлауға кандидат ретінде тіркейміз. Бүкіл процесс ашық әрі әділ өтеді. Ең белсенді, білімді, білікті азаматтар осы тізімге енуі керек. Бұған қоса әр түрлі жас өкілдері, жастар, әйелдер, түрлі мамандық иелері болуы тиіс. Жалпы, өткен шақырылыммен салыстырғанда тізімде жаңа есімдер көп болады, – деді партия өкілі.

Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, «Аma­nat» барлық депутаттық мандатқа өз кан­дидаттарын ұсынуды жоспарлап отыр. Жалпы, Мәжілістегі 98 мандаттың 69-ы партиялық тізім бойынша, 29-ы бір мандатты округтер бойынша бөлінеді. Сонымен қатар республика бойынша 223 мәслихатта сайлау өтіп, онда 3415 депутат сайланады.

Партия ұжымы саяси науқанға 20 мың байқаушы мен 10 мың сенімді өкілін да­йындап қойған. Әрі алдағы үгіт жұмысына жер-жерде сайлау штабтарын құрып, қызу дайындықты бастап кеткен.

– Біз ашық та тартысты бәсекеге да­йынбыз. Бағытымыз – Әділетті Қазақстан, мақсатымыз – мемлекеттің тұтастығы, тәуел­сіздіктің баянды болуы, – деп түйіндеді Е.Бей­сенбаев.

Айта кетейік, еліміздің барлық өңірінде партияның 243 қоғамдық қабылдау орта­лығы бар. Былтыр тұрғындардың 90 пайы­зының талап-тілегі оң шешілсе, қалған 10 пайызының арыз-шағымы қаралып жатыр. Өтініштердің басым бөлігі әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ең­бек қатынастары, медициналық қыз­мет­тер­дің сапасы және тағы басқа түйіткілді мәсе­лелерге қатысты.