Саясат • 30 Қаңтар, 2023

Мұхтар Тілеуберді Оман Сұлтандығына ресми сапармен барады

378 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2023 жылғы 1-2 ақпанда Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Оман Сұлтандығы мен Бахрейн Корольдігіне ресми сапармен барады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мұхтар Тілеуберді Оман Сұлтандығына ресми сапармен барады

Маскатқа сапар барысында қазақстандық делегация басшысының Премьер-министрдің орынбасары ханзада Асаад бен Тарик Әл Саидпен, Сыртқы істер министрі Бадр бен Хамад әл-Бусаидимен және Қаржы министрі Сұлтан бен Салим әл-Хабсимен екіжақты кездесулер өткізбек.

Манамаға сапар аясында еліміздің сыртқы саяси ведомствосының басшысы Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл Халифамен, Тақ мұрагері Салман бен Хамад әл Халифамен және Сыртқы істер министрі Абдуллатиф бен Рашид әл-Заянимен кездесулер жоспарланған.

Аталған елдердің басшылығымен келіссөздер барысында сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланады.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Оман Сұлтандығының Үкіметі арасында бірлескен Қазақстан-Оман комиссиясын құру туралы келісімге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Оман Сұлтандығының Сыртқы істер министрлігі арасында саяси консультациялар туралы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою жоспарланған.