Әдебиет • 30 Қаңтар, 2023

Сұлтанмахмұт жеңісі

326 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Абай дүниеге өзімен бірге бүтін бір дәуірдің жаңа бастауын ала келді. Өзгеше пайым, жаңаша ойлау жүйесін қалыптағаны көрінеді. Қазақ әдебиетін уақыт тұрғысынан саралап, салмағы мен қуатына үңілгенде, Абайға дейінгі және Абайдан кейінгі болып бөлінетінінің өзі көп жайды аңғартады. Өміріңді жаңа арнаға бұру үшін әуелі ойыңды өзгерт демей ме?

Сұлтанмахмұт жеңісі

Өзіне дейінгі қазақтың рухы мен сезімінен қуат алып, құнар тартқан хакім де арманы мен мұратының көктеп өсіп, халқын көркейткенін көруді көкседі. Сол асыл мұратты ерлердің ілкі бастауында Алаш арыстары тұрды. Әдебиетке Мағжан, Ілияс, Сәкендер келді. Абай «бір ғылым еді іңкәрің» дегенде, Әбішінің бойындағы асыл қасиеттер барша қазақ жастарының бойынан табылса деді. Хакім аңсаған сол асыл мұраттарға жетпекке серт еткен жастың бірі Сұлтанмахмұт Торайғыр екенін ешкім жоқ­қа шығара қоймас. Абайдың «Жиырма жеті жасында, Әбді­рахманым көз жұмды. Сәу­лең болса басыңда, кімді көр­дің бұл сынды», дегенін Сұлтан­махмұтқа да қарата айтуға болар еді. Жалынды жас, дарынды ақын отызға толмаған жасында қазақ руханиятына қыруар олжа салып кетті. Сертпен өмір сүрді және сол серт жолынан таймай өтті. Алашшыл ақындар ішінде Мағжаннан кейінгі, тіпті қатар аталуға тиіс сертшіл ақын дер едік.

«Қараңғы қазақ көгіне, өр­­мелеп шығып күн болам. Қа­раң­ғылықтың кегіне, Күн бол­мағанда, кім болам?» еді Сұл­танмахмұттың серті. «Шә­кірт ойы» оның күлі арман-мұ­ратын әйгілеген туындысы. «Алаш туы астында, Күн сөн­ген­ше сөнбейміз», деп жаз­ған Алаш әнұранынан да сем­сер­дей серттің жарқылы білі­неді. Ол заманда бұлай сөй­леу Сұлтанмахмұттың ғана маң­да­йына жазылды. Мағ­жанды есеп­темегенде.

Өзі өнген топырақтың те­реңдеріне бойлаған алтын тамыр көктегі күн сияқты жан-жағына сәулесін түсірмей тұр­майды. Жұртының бағына бола туған кез келген кемеңгер, ғұ­лама өзімен бірге дәуірін ала туатыны айтылып келеді. Оның мысалы Абай десек, Абайдан кейінгі алтын буыннан тамыр тартқандар жасады бертінде қазақ әдебиетін. Білуімізше, Сұлтанмахмұтты Қасым ақын ұстаз тұтқан секілді көріне­ді де тұрады. Олай деуімізге бір­ден-бір себеп – ақынның «Сұлтанмахмұт туралы балладасы». Бұл сол заманда жа­зылуға тиіс емес, толғауы тоқ­сан күрделі шығарма деуге бармыз. Қасым осы туындысы арқылы кеңестік билікті бір шенеп алғанын аңғарамыз. С.Торайғыр 1920 жылдың 21 мамырында қайтыс болады екен де, Қасым балладасын 1940 жылдың 20 мамырында жазып, нүктесін қояды. Ақын қайтқанының 20 жылдығын біліп, ескерген сияқты. Ол кезде Мағжан, Міржақып тура­лы жазу – өлімге барумен пара-пар. Сұлтанмахмұт жастай өліп, Мағжан сынды «халық жауы» ретінде ұсталып, репрессияға ілікпеген. Репрессияға ілікпей ажал құшты. Десек те «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз» деп Алаш гимнін жазып қалдырды. Осындай ұс­­тазын еске алу арқылы Қа­сым күллі сталиндік жүйеге қар­­сылығын танытқандай кө­ріне­ді. Балладаны асықпай, шұқ­шиып оқығанға ол анық бай­қалады. Ондағы бір кейіпкер Сұлтанмахмұтты тіріге балап, өлмес жырын үлгі тұтуы, келесі кейіпкер оны арам дұшпанға балап, «тарихқа солай жа­зып бергем» дегені ақылға сы­йым­ды делік. Алайда өлген ақын­­­ды көрден тұрғызуы ше? Сұл­­танмахмұт қабірден шы­ғып, өзіне болысқан жас­пен Жазушылар одағынан мүшелік билетін алуға жөнеліп кеткені – ақынның жеңісі деген сөз. Яғни оны жақтаған кейіпкер­дің пікірі дұрыс болып шыққа­ны. Керісінше, ақынға күйе жақ­­қан кейіпкер қабір басында мола күзетіп қалғаны – оның жеңілгенін білдіреді. Керауыз ұрпақ келмеске кетеді де, жаңа заман орнайтыны туралы үлкен емеурін осында тұр.

Сондай-ақ Қасым «Ақ­сәу­ле» тақырыбына да Сұлтан­мах­мұт­тан соң із салған. Оның жаза алмай кеткендерін то­лық­тырғандай көрінеді. Сұл­тан­махмұт «Ақсәулесін» оқы да, Қасымды оқы. Бір-бірін қайталамайды, бірақ кейінгісі алдыңғысынан үлгі алғаны аң­далады. Сұлтанмахмұт «Ақ­сәуле, күміс жүзді, құндыз қа­бақ» немесе «Назды, нәзік, ақ сәуле» деп бастайды. Өлеңнің тақырыбына шейін солай аталады. Цикл деуге болады. Қасым оны жаңаша жырлап, дамы­тып жіберген. «Ақ сәуле, аспанда Аймен таласасың, төгіліп иы­ғыңа қара шашың» деген жолдар туа сала әнге айналып кетті.

Сұлтанмахмұт «Мен – қазақ, қазақпын деп мақтанамын» ­­деді жасы отызға толмаса да. Мұн­да да арман-мұратын серт қып ұстаған семсер рухты көре­міз. Қасым болса, бұл мазмұнды өз уақытының үнімен жырлап, «мен – қазақтың баласы», деп жар салды. Және «Сертің осы – азат жігіт, азат қыз» деген өлеңдердің серті ақынға Сұлтанмахмұттан көшкенін байқау қиын емес. Оны зерделі оқырманның өзі де білетін болуы керек.

Арман-мұратына адалдар өлмейді екен, ендеше.