Қоғам • 30 Қаңтар, 2023

Алаш ат тарихы

1073 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Орыстың «лошадь» сөзінің түп-төркіні Алаштың аттары – Алаш-ат – лошадь. Алаш-ат сөзі біртіндеп лошадьқа айналғанын В.И.Даль, академик Г.А.Трубачев әлдеқашан дәлелдегенін Ахмет Тоқтабай айта келіп: «VIII-Х ғасырларда қазақ баласы Алаш есімімен жүргенде жылқыға зәру орыс князьдықтары алаштардан ат сатып алып, сол кезде лошадь сөзін өз тілдеріне қосқан» деп көрсетеді.

Алаш ат тарихы

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Үлкен бөлігін қазақ даласы алып жат­қан Еуразия кеңістігі – жер кіндігі. Бұл – ерте заманнан келе жатқан көзқарас. Оны ғылым да растайды. Британдық Х.Дж.Мак­кин­дердің еуразиялық «Харт­ленд» туралы тұжырымы соның көрінісі. А.Тойнби көшпелілер даланың сұра­пыл табиғатын игеріп, оны бағындыруы ерлік болғанын айта келіп, ең соңында өздерінің сол табиғаттың тәуелді құлына айналғанын жазады. Ауыр болса да бұл шындық.

Дегенмен тарихи үдеріс онымен аяқ­талмақ емес. Даланың сұрапыл, құбыл­малы табиғатын игеру көшпелі малшыларды ғылым мен мәдениеті өскен өркениетке тәуелді еткені рас. Бірақ ол өмірдің өткелі жоқ тығырығы да емес-тін. Өз өмірін ішінен түсініп оған жаңа мүмкіндік іздеген даланың ұлы перзенттері атакәсіптен жеру емес, оны жаңа сұранысқа бейімдеу жолын ұсын­ды. Қазақ даласы жер кіндігі, онда қан­дай халық өмір сүрсін ол әуелде мал шар­уасымен айналыспақ (Ә.Бөкейхан). Бұл ақиқат, Аллаға шүкір қазақ даласы аман-есен тұрғанда өз күшін жоймақ емес. Олай болса бүгін біз мал шаруашылығын за­ман сұранысына бейімдеудің қарсаңында тұрмыз. Халқымыздың тағдырына тіке­лей қатысы бар бұл істі атакәсібіне жаңа көзқарас, ұстаным және соңғы ғылым жетіс­тігінен қаруланған жас жаңа буын ғана іске асыра алады.

Қазақ даласында түпнұсқа мәде­ниеттің тамыр жайып, оның өзін көр­ші­леріне, тіптен әлемге таныту ісінде жыл­қы жануардың бітім-болмысы мен қара күшінің төккен терінің орны ерекше. Әлекең, Әлихан Нұрмұхамед­ұлы, осы ақиқатқа меңзеп «қазақ жылқы­ны, Құранды бірдей ұстап жүр; Құран «мұның қалай» демейді, молласы жұрт рәсі­міне қарсы тұрып айтпайды. Жұрт рәсімінің күші осы», деп жазды.

Ахмет Тоқтабай қаламынан туған «Қазақ жылқысының тарихы» («Алматы­кітап» баспасы, 2010). Осы баспадан шық­қан орыс тіліндегі нұсқасы «Конный мир казахов» аталатын 80,6 баспа табақ кітап­тың өмірге келуі автордың бұл тақы­рыпты бүгінгі өзгеріс арнасында өзек­тілігін тура түсініп, оны терең игер­гендігінің көрінісі.

Халқымыздың өміріндегі жылқының орны туралы аз айтылмаған. Олардың басым бөлігі, әрине, көркем туындыларда, халық эпосында, үздік шығармалар Күлтегін жазуында, Мұхаммед Хайдар­дың «Тарихи Рашидиінде», Ілияс Жан­сүгіровтың «Құлагерінде», Шыңғыс Айт­матовтың «Қош, Гүлсарысында!» Бұл жауһарларды оқи отырып халқымыз­дың дүниетанымын, адамгершілік қасие­тін қалыптастыру ісінде киелі жылқы малының зор ықпалын байқауға болады, жылқының ер-азаматқа сын сәтте сенімді серік болғанына көз жеткіземіз, ризашылық сезімге бөленеміз.

А.Тоқтабайдың ғылыми еңбегі осы аталған шығармалардың тарихи-этно­графиялық тұрғыдан табиғи, логикалық жалғасы ретінде оқылады. Ғылымда ар­найы зерттеуге лайық тақырыптың соң­­ғы уақытқа дейін қолға алынбай, ес­керусіз қалып келгендігін еске салып, ен­ді міне бұл тақырыпқа қалам тартуға үл­кен ықы­ласпен келген ғалымның сәтті ше­шімін тапқан еңбек ұсынып отыр­ғандығы тарихи ақиқатқа деген құрметтің көрінісі.

Автор еңбегінде жылқының ерте замандардан бүгінгі уақытқа дейін ха­лық өмірінде алатын орнына, атқарған қыз­метіне тоқталады, тарихи фактілерге сүйеніп қазақ жері мен елі – жылқы жануарының ілгері заманнан бергі Отаны деген тұжырымын жан-жақты негіздейді. Есімде, өткен ғасырдың сексенінші жылдары болса керек, «Курьер ЮНЕСКО» журналы бір санында жылқы малының ер-тұрманы және басқа әбзелдері туралы біраз құнды материал беріп, оларды қытай өркениетінің әлемдік мәдениетке қосқан үлесі ретінде атады. Бұл, әрине, тарихи шындыққа жасалған қиянат еді. Материалды даярлаған автор кезін­де Александр Македонскийдің (б.э.д. 356-323 жж.) әскері Тұранға жеткенде жауынгерлері үзеңгіні білмегенін, яғни пайдаланбағанын, мұндай жаңалықты осы өңірдің тұрғындары түріктерден алғанын ескермейді.

Археолог ғалымдар ашқан Ботай мәдениеті (б.з.д. IV мыңжылдықтың соңы ІІІ мыңжылдықтың басы) жылқының ең көне замандардан бері халқымыздың материалдық және рухани өмірімен біте-қайнасып, оның құрамды бөлігіне айналып кеткендігінің дәлелі болды.

Жылқы тақырыбына жазылған еңбек­тер, зерттеулер аз емес. А.Тоқтабай зерт­теуінің ерекшелігі неде? Автор бұл тақы­рыпқа этнограф-ғалымның ұстанымы тұрғысынан келеді. Яғни мәселенің тарихын, қоғам өміріндегі орнын, ұлттың күнделікті тіршілігі мен салт-дәстүріне қатысты қырларын, эстетикалық сән-салтанатын кәнігі зерттеуші биігінен қа­рас­тырып, байсалды баяндайды.

Мәселен, А.Тоқтабай тақырыптың тарихына барып күнтулардың (ғұн­дар өздерін күннен туғанбыз деген) бек­заттылық пен күшті құндылық ре­тін­де жоғары бағалап, ат жолында таң­­ды қарсы алып жүріп мемлекет құр­ған­ын, сол қасиеттерімен көр­шілері ара­сында беделді болып, даң­қы әлемге жа­йыл­ғанын жазады. Атил­ла мен Шың­ғыс хан қол­дарының сон­ша­лық кең ке­ңіс­тікке ша­буылдар жасауы, әри­не, ер­жү­рек жа­уынгерлері мен бол­дыру­ды біл­мейтін тұлпарларының арқа­сы еді. Олар­дың бұл қасиеттерінің ке­йін­гі ұрпақ­­та­рының мінезінде әлсі­реп кет­кені­не өкініш білдіреді. «Қа­зақ ұлт­шы­лы» атанған Тимофей Седель­ников (А.Бай­тұрсынұлының досы) В.Ленин­ге жазған хатында «орыс империясы қазақ­тардың астындағы аты мен қолын­дағы қаруын тартып алып, батыр да сері халықты қор­қақ және жалтақ халыққа айналдырды» деп жазды. Келіспеуге шараң жоқ!

Жылқы малы көшпелілер үшін сұлу­лықтың символы. Қасым хан жылқы жануары көш­пелілер үшін көлік малы, молшылық пен берекелі өмір көрінісі ғана емес, сонымен бірге ол салтанатты тұрмыстың, сұлулықтың символы, кісіге көрсетілген құрметтің белгісі. Қазақ дүниетанымын­да ақылды да сүйкімді жылқы ерекше орын алады, киелі саналады. Қазақ ең құрметті қонағына деген қатынасын жыл­қы малын сыйлау арқылы білдірген. Жошы хан әкесі Шыңғыс ханға туған күніне орай сыйлыққа Жетісудың асыл тұқымды арғымақтарынан үйір-үйір жылқы жібереді. Қасым хан көрші Мо­ғолстан ханы Сайд ханға Оғлан Тұрық ата­латын арғымақты сыйға тартып тұрып дала халқы үшін ең басты байлық жылқы малы екенін, соның күшіне сүйеніп халық өмір сүретінін жеткізеді. Ахмет Тоқтабайдың еңбегінен осыны растайтын фактілерді молынан кездестіреміз.

Кітапты безендіру әдісі ретінде арғы­мақ мінген қазақ қыздарының суреті алынған. Бұл өте орынды әрі ұтымды шешім болған.

Сөз ретіне қарай еңбектегі бір жағ­дайға тоқтала кетейік. Мәселен, ғұндарды «басқыншы» болған еді деп айыптап сөйлеу бүгін соншалықты маңызды емес. Бұл еуропалық тарихнамадан жұқ­қан көзқарас десе де болады. Бұл ұлы көштің түп-тамырында ғұндарға байланысты жасалған теперіш те жоқ емес. Тақырыпты қазбаламай-ақ қояйық. Ғұн және оның емеурінін қайталаған Шыңғыс ханның замандарында, одан кейінгі кезеңдерде де бұл табыс көзін, кең өріс анықтау әрекетін кім жасады? Ондай әрекет Шығыстан, Батыстан да көрініс тапты емес пе?

Біз бұрын жылқыны сыншыларымыз сынын көрсетіп, ақындарымыз өлең-жырларына қосса, әншілеріміз әнге, күй­шілеріміз сазға арқау етсе, жазушыла­рымыз сұлу сәйгүліктерді суреттесе, тіпті көпшілігіміз жылқыны көрмей, мінбей-ақ утопиялық түрде сүйсек, Ахмет осы­лардың бәріне «неге» деген сұрақ қояды, соған өзі жауап береді.

Аттың 96 мүшесінің, жүрісінің 23 түрін, сынының 170 түрін, 380-дей түр-түсін, ер-тұрман жабдықтарының 90-дай атауларын, күнделікті өзіміз жеп жүр­ген қазының 30-дай атауын кел­ті­реді. Оған қоса жылқыға арналған 49 ән­нің, 4 бидің, 116 күйдің атын атай­­ды. Жылқының түсі мен реңдерін бүге-шіге­сіне дейін зерттегені сонша, же­ке ғылымға айналдырған. ХІХ ғ. 60-жыл­­дары бір испан, бір француз жазу­­шысы роман-герман тілдеріндегі жыл­қы түс­терін жинап 60 сөзге жеткізсе, түркі халық­тарын­дағы сөздер қорын тексеріп, қазақ­тың түске байланысты тіл байлы­ғы­ның әлемде теңдесі жоқ екенін дәлелдейді.

Қазақ дәстүрінде жаяу батыр жоқ, ер жігіт өзіне лайықты сәйгүлік тапқанда ғана төрт аяғы тең болады. Ер Едіге, Қасым хан, Есім хан, Жалаңтөс, Айтеке, Төле, Қазыбек, Кенесарылардан бастап Б.Момышұлына дейін мыңдаған жылды қамтыған 80-дей батыр мен тарихи қайраткердің сәйгүліктерінің есімдерін кесте түрінде жасаған. Зерттеудің бір тарауынан бір тарауы қызық.

«Алаш пен ат егіз» дегендей бұл кітап таза жылқы тарихы емес, Алашты 6 мың жыл бойы арқасына мінгізіп алып талай тар жол, тайғақ кешуден аман-есен алып келген «қазақ пен жылқы бір бүтіннің ажыратылмайтын екі бөлшегі», «Көне қазақтар» – қазақ жылқысынсыз жер бетінде ешқашан өмір сүре алмас еді», деп қорытынды жасайды. Кітаптың өн бойында қазақтың ата-бабаларының тұңғыш рет жылқыны қолға үйретіп әлем­ге жылқы мәдениетін тарту еткені көрініс беріп отырады.

Жылқының соғыстағы рөлін көрсете келіп, ежелгі гректерде тым болмағанда бір ат болса, Марафон шайқасындағы жеңісті хабарлау үшін салт атты жауын­герді жіберер еді, ең бастысы адам баласын жантүршігерлік алысқа жүгіртетін (42 км) жарыс болмас еді деп тұжырым жасайды.

ХХІ ғасыр – қазіргі заман мәдениет­тердің өнер, білім жарысы, әр халық өзінің әлемдік өркениетке қандай үлес қосқанын әтешше шақырып насихаттау­да. Осы тұрғыдан алғанда «Алматы­кітап» баспасы кітапты орыс тіліне ауда­рып қана қоймай, кез келген деңгейде, қандай тұлғаға болса да сыйлайтындай етіп, полиграфияның заманауи жетіс­тіктерімен әсемдеп, безендіріп шыға­рыпты. Орыс тіліндегі нұсқасы анағұрлым мазмұнды шыққан деуге болады, автор жаңа тараулар, бөлімдер қосқан, фотолар мен қылқалам шеберлерінің ұлттық сипаттағы туындыларымен нақышталған, ең бастысы мәтіндердің аударма деңгейі жоғары. Аударманы орыс тілімен ғана шектемеуіміз керек, орыс тілі басқа әлем тілдеріне тәржімалауға баспалдақ болсын. Алдымен таза қанды жылқылардың атасы – Англия десек, ағылшын тілінде сөйлетсек, әлемнің назарын аударады. Неге десеңіз өркениет алға қарай дамыған сайын, жан-жануарларға, оның ішінде жылқыға қызығушылық, сүйіспеншілік күннен-күнге артуда, бұл үрдіс, әсіресе алдыңғы қатарлы мәде­ниетті елдерде ерекше қолға алынған.

Бұл энциклопедиялық еңбекті ағыл­шын тілінде шығарсақ халқымыздың тарихы, мәдениеті, өнері, философиясы ең аяғы психологиясына дейін таныстырып, рухымыздың жоғары, «құс жанды, жылқы мінезді» жауынгер ел екенімізді көрсетеміз.

Біз мәңгі ел деген ұранды жиі қол­данамыз, қазір абстракты ұғымға айналып бара жатыр. Мәңгілік ел дегеніміз менің ойымша экономика, материал­дық, рухани мәдениет шығармалары мен ғылым-білім жаңалықтардан тұрмай ма? Бұл кітапқа алғаш пікір жазған Гераға – Герольд Бельгер (Гуль степи под копытами коней // Дат. 2013. №31) ауызекі әңгімесінде «мәңгілік кітап» деп еді. Себебі: қазақтың мыңдаған жыл­дық жылқы мәдениеті қағаз бетіне түсірілген және халықтың жадындағы дүние ерекше сұранысқа ие болып, ауық-ауық басылып шығады дегені барды. Герағаңның айтқаны келді, 7 мың тиражбен басылып, алыпсатарлардың қой­ған астрономиялық бағасына қара­мастан түгел сатылып кетті. Қазір кітап­ты іздеушілер көп. Орыс тіліндегі нұсқа­сының сұранысы бұдан да жоғары болатынына сенімім мол, халқымыздың бел­сенді кітапқұмарларының 60%-ы орыс тілінде оқиды екен.

Зерттеудің ұтымдылығы сол, мағ­лұ­­маттар Қазақстанның барлық дер­лік аймақтарынан және Моңғолия, Қытай, Орталық Азия қазақтарынан жинас­тырылған, 300-ден аса информаторлардан жауап алынған.

Олардың ішінде атбегі, жылқы­шы, сыншылармен қатар жай адамдар да ­көп. Себебі қазақтың жылқы десе бір-екі ­ауыз сөз айтпайтыны некен-саяқ. 600-ден ­аса әдебиетке сілтеме жасалған, Петер­бург, Мәскеу, Омбы, Орынбор, Алматы архивтерінен материалдар кірген. Әсіре­се қазақ жылқысының күй талғамай­ты­ны мен шыдамдылығы жөнінде Ресей, т.б. шетелдік мамандардың айтқаны көңілге қуаныш ұялатады, «Қазақ ат үстінде – жолбарыс, аттан түссе қоян» (қытай мақалы), «Қазақтың тұрмыс-жағдайы жақсара бастаса, жай аттың орнына жорға мінеді, қымызды көп ішіп, жылқы етін қарны жарылғанша жейді (И.Хантинский), т.б. қанатты сөз­дер, мақалдар, үзінділер кітаптың маз­мұнын аша түседі.

«Қазақ жылқысының тарихы» кітабы Қазақстанның шетелдік елшіліктеріне таратылып берілді, оқу орындары қонақ­тарды осы кітаппен қарсы алды, тіпті құдандаласқан отбасылардың арасында «жылқы» орнына әзілдеп кітап жүргенін көзіміз көрді. Қытай, Моңғолия, Ресей, Өзбекстанға кітап апаратын делдалдар пайда болды. Мен кітаптың бас редакторы болған мен мұндай жағдайларды байқап, естіп жүрдім. Қысқасы зерттеу халқымыздың ой-арманынан, талабынан шыққан жәдігер болды.

Қорыта айтқанда, Ахмет Тоқтабай кітабы – құнды еңбек. Автор осы еңбегі ар­қылы қазақ этнографиялық ғылымына жаңа серпін берумен қатар, зерттеуші маман ретінде халқының алдында осындай іргелі тақырып арнасында абыройлы іс атқарғандығын айтқан артық емес. Кітаптың соңында берілген автордың қол­данбалы ұстанымдары шаруашылық басшылары тарапынан қолдау тауып жатса, әрине, қоғам үшін пайдалы іс болмақ. 

 

Мәмбет Қойгелді,

академик

 

P.S. Ахмет Уәлханұлының бір арманы бар. 20 жылдай жоғары жаққа қазақ жылқысына арналған музей ашу жобасын ұсынып, қанша залдан тұратынын, экспонаттардың орналасу ретіне дейін бүкіл экспозициясын жасап қойды. Әлемнің дамыған елдерінің бәрінде АҚШ, Англия, Франция, Жапония, Ресей, т.б. 40-астам елде жылқы музейлері бар екен. Өкінішке қарай, мұндай музей жылқының ­отаны, Қамбар ата тұқымының бүкіл жер әлеміне тараған жері – Қазақстанда ғана жоқ.

 

Соңғы жаңалықтар

Нақты істің кезеңі

Үкімет • Кеше

Отан да, парыз да ортақ

Аймақтар • Кеше

Инфляция иірімі

Инфляция • Кеше

Шаруаның көңілі неге күпті?

Шаруашылық • Кеше