Содан бір заманда, залдың орта шенінен бір апа қолын көтеріп жүргізушіден сөз сұрады. Үстінде жасыл пүліш камзол, басында әдеттегі ақ шытара орамал, қысқасы, келбеті келісті жан.
Жүргізуші «ләпбай» деген соң апамыз асықпай сахнаға беттеді. Төрде отырған Есенғалиды айналып өтіп көпшілікке көз тастап сәл тұрды да, өзін жұқалап таныстырды: «Мен сонау Торғай деген елдің адамымын, қазір өзі оралман, тыңдарман, көрермен, жазарман дейтін «мандар» көбейіп кетті ғой, мен соның «тыңдарманы» болам шырақтарым», деп бір тоқтады. Сөзі нық, болмысынан айбыны андығайлап тұр. Одан кейін апамыз сөзін былай деп жалғады:
– Торғай деген облыс бар еді, ана бірі кіріп, бірі шығып жатқан есік сияқты біресе жабылып, біресе ашылып тұратын, сол шіркін қайта жабылып қап, осында келіп тұрған түрім мынау, – деп бір қайырды. Көпшілік демін ішіне тартып үнсіз қалды. Мына апамыз тегін адам болмады… Осылай көптің көңілін өзіне бұрып алған апамыз сахнада жайылып жалғыз отырған Есенғалиға қарап:
«Шырағым, Есенғали, сен ана бір жылдары «Қаңғып келген шүрегей көлге пана болмайды…» деп жыр жаздың ғой?», деді. Есенғали «иә» деп басын изеді. Мықтыға басын бір изетіп алған апамыз: «Әй, Есенғали, сенің сол жазған жырыңды оқып бір жылауымыз керек еді ғой, олай болмады, біздің жақта сол өлеңге тойда билеп, қырылып жатыр», деді.
Бұл сөз түсінген жанға зілдей жүк-тін. Расында, сол жылдары тойларда жұрт «Қаңғып келген шүрегей көлге пана болмайды… ау… ау… ау» деп, аласұрып билеп жататын. Бірақ осыны ешкім байқамапты да…
Соңында, сахнадан түсіп бара жатып, «бері келші қарағым, жалынды жырларың үшін сенің маңдайыңнан бір иіскейін», деп Есағаңның маңдайынан бір иіскеді де, кеудесін тік ұстаған күйі сахнадан түсіп кетті. «Бұл апамыз кім?» деген сұрақ көкейде тұнып біз қалдық. Артынан білдік. Бұл Күләнда Мәлікқызы дейтін, көкірегі даңғыл, көрген-түйгені көп, қазақы зердесіне қылау түспеген, ескінің көзі, көненің сөзі сүйегіне сіңген кейуана екен. Апамыз қазір өмірде жоқ. Одан кейін де, апамызбен бір-екі дүркін жолығып, әңгімесін тыңдаған жайымыз бар-тын, оны кезегі келгенде айтатын боламыз.