Аймақтар • 31 Қаңтар, 2023

Сайындағы су дауы

328 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Түпқараған ауданының Сайын ауылында су да, жарық та, қоқыс пен ит те, әйтеуір ауадан басқаның бәрі дау. Бұл тұрғындардың даукестігінен емес, күні бүгінге дейін көшіп келушісі көп ауылда мәселелердің шамадан тыс қордалануында деп келдік. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, бұл жолғы даудың ләмі бөлек.

Сайындағы су дауы

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Бұған дейін «МАЭК-Қазатом­өнеркәсіп» ЖШС-нан бағасы 418 теңгеден тәулігіне 1 500- 2 000 текше метр су алып отырған ауыл кейінгі кездері берілетін су көлемінің азаюы және су бағасының күрт көтерілуіне тап болды және су бағасы өңірдегі өзге ауыл, қалалармен салыстырғанда өрескел қымбат. Белгіленген норма бойынша бір адамға бір күнге 140 литр су тиісті болса да, аталған ауданның «Коммуналдық қызмет» мекемесі суды адам басына 120 литрге дейін төмендеткен. Берілетін су көлемі мен белгіленген норма азайғанмен, баға өсті. Осы және өзге де түсініксіз жайттар тұрғындар мен әкімдік арасында шешімі жоқ дауға ұласты.

2022 жылы шілде айында аудандық әкімдік Сайын, Ақшұқыр ауылдарын сумен қамтамасыз ету үшін «Каспий су тұшыту» зауытымен келісімге отырғанын айтқан. Ал тамыз айында «Ақбұлақ» бағдар­лама­сымен мемлекеттен субсидия­ланған су бағасы 30 теңгеден 70 теңгеге қымбаттаған. Аталған екі ауыл­дың тұрғындарымен 2022 жыл­дың 18 желтоқсанындағы кездесуде «Каспий су тұшыту» зауы­тының өкілдері тәулігіне 20 мың текше метр су дайындайтын кәсіпорынның тәулігіне 15 мың текше метр суды Мұнайлы ауданына, 3-3,500 текше метр суды Қарақия ауданына, 6 мың текше метр суды Сайын, Ақшұқыр ауылдарына бөлетінін айтқан.

Мұнайлы мен Қарақия аудандарына бөлінетін су көлемі-ақ «Каспий су тұ­шыту» зауытының тәуліктік өнімін тұтынып тұрған жоқ па? Сонда құзырлы орындар аталған зауыттан Сайын, Ақ­шұ­қыр­ға деп «бөлінетін көлемі 6 мың текше метр суды» қайдан алып отыр немесе ол су қайда кетіп жатыр?

– Екіжақты кездесуде су тасымалдау­шы «ҚазСуШар» мекемесі өкілі Сайын, Ақшұқыр ауылдарына су тасымалдайтын құбырдан жол бойы 33 мекеме су алатынын және оларға су берілмесе прокурорлар айқай шығаратынын айтты. Суды тасымалдаушы «ҚазСуШар» мекемесінің өздігінен тарифтік баға қойып, су сатуға құқы жоқ. Сондықтан біз Сайын, Ақ­шұ­қыр тұрғындарына бөлінген суды өзгелерге, яғни кәсіпкерлерге сатып, орта жолдан пайда көріп отырғандар бар деп ойлаймыз. Біз 6 мың текше метр суды алып көрген жоқпыз. Ақшұқыр, Сайынға айына 45 мың текше метр су келеді, белгілі болғандай соның 18-20 мың текше метрі шығынға шығып тұрады екен. Біз есептегіш құралсыз «Коммуналдық қызмет» мекемесінің маңайдағы ірі кәсіпкерлік нысандарға су жіберіп отырғанын анықтадық. Сол шындығында екі ортада «жоғалған» сулардың шығынын «Коммуналдық қызмет» Үкіметтен бөлінген субсидия­мен және әр үйдегі есептегіш құрал­ды құрғақ ауамен толассыз айналдыру ар­қылы ауыл тұрғындарының есебінен өндіріп келеді. Бұл – жиналыста маман­дар­дың айтқан уәжі, – дейді Сайын ауылының тұрғыны С.Қанатқызы.

Ауыл тұрғындарының су мен су баға­сына қатысты мәселе көтеріп, талай есікті тоздырғанына көп болды. Даулы жиналыстар мен тұрғындар үшін күдік-күмәнге толы, біріне-бірі кереғар жа­уаптар қазірдің өзінде бірнеше папкаға жүк. Екі тарап арасында орын алған оқи­ға­ға орай Түпқараған ауданының әкімі Р.Елтизаровқа хабарласқан едік.

– Бұл жерде адам түсінбейтін немесе көңілге күдік ұялататын ешнәрсе жоқ. Кәсіпорынның ауызсуды тасымал­дау­ға тарифі 2009 жылдан бері 418,36 теңге (ҚҚС-мен) болған еді. Осы уақыт аралығында ауызсу өндіруші меке­ме­лердің, электр энергиясын өн­діруші мекемелердің тарифі екі есеге қымбаттады. Сонымен қатар қажетті материалдар, жанар-жағармайлар бағасы да өскені белгілі. Салдарынан кәсіп­орын­ның су өндіруші мекемелерге қор­­­даланған қарыздары пайда болды, нақ­тырақ айтсақ, кәсіпорын 2019 жыл­дан бері қарай 70-80 млн теңгеге жуық қарыздарды жинақтаған. 2022 жылы қазан айында Ұлттық экономи­ка министрлігі табиғи монополиялар­ды реттеу комитеті Маңғыстау облысы бо­йынша департаментінің №83-НҚ бұй­ры­ғымен 2022 жылдың 1 қара­ша­сынан 2023 жылдың 31 қазанына дейін 1 текше метр ауызсудың тарифі 591,23 теңге ҚҚС-сыз (ҚҚС-мен 662,18 теңге) болып бекітілген болатын. Ал осыған дейін тариф 1 текше метр су бағасы 418,36 теңге (ҚҚС-мен) болды. Бұл тариф бірнеше жылдан бері өзгеріссіз келеді және кә­сіп­орынның шаруашылық, қаржылық жағ­да­йына кері әсерін тигізуде. Бұл тариф «МАЭК ҚазАтомөнеркәсіп» ЖШС-не – 132,22 теңге, «Каспий жылу, су арнасы» МКК-на – 94,83 теңге, «ҚазСуШар» ЖШС-не – 81,95 теңге, кәсіпорынның тасы­мал қызметіне 109,37 теңге болып бө­лінген, дейді әкім.

Бұдан 22 жыл бұрын сумен қамтама­сыз ететін желілерді күтіп ұстау, тұрғын­дарға ауызсуды автокөлікпен тасы­мал­дау, электр энергиясын тарату, өзге де қызмет түрлерін көрсету үшін құ­рылған «Коммуналдық қызмет» мем­ле­кет­тік коммуналдық кәсіпорыны – 80-ге жуық қызметкері бар өзін-өзі қар­­жы­ландыратын кәсіпорын. Әкім айт­қан­дай, «қордаланған қарызға кіріп», оны халық есебінен шешпек болуына, тұрғындармен арада туындаған даудың шешімін таба алмауына қарағанда кәсіп­орын тығырыққа тірелген сынды. Ауыл тұрғындары үшін маңызды мекеменің дағдарысқа түсіп, тұралауына не себеп? Тұрғындардың айтуынша, кәсіп­орын­да тек су емес, токқа да қатысты екі ауыл тұрғындарының тұтынуы­нан басқа қосымша шығындар көп. Ауыл­дар төңірегіндегі кәсіпкерлік және бір­қатар мем­лекеттік нысандарды су, электр энер­гиясымен қамтамасыз ету «Ком­му­нал­дық қызмет» мекемесінің құзы­рына жата ма? Ток және сумен бір-екі ауылды толыққанды қамтамасыз ете алмай отырып, бүкіл төңіректі мойнына жүктеу «көтере алмаған қосып арқалайдының» кебі ме? Қалай болғанда да халық зардап шегуге және артық ақша төлеуге мін­детті емес.

Аудан әкімінің айтуынша, жазда суға сұраныс артқан кезде жөндеу жұ­мыс­тарын жүргізіп жатқан «МАЭК-ҚазАтомӨнеркәсіп» ЖШС-нан берілетін су көлемі жетпегендіктен, қосымша «Кас­пий су тұшыту зауыты» ЖШС-нен ауызсу алған. «Каспий су тұшыту зауыты» ЖШС-нің 1 текше метр ауызсуға тарифі 262,2 теңгені құрады. Яғни кәсіпорын тарифінің ішінде қаралмай, шығынға жұмыс істеп, кәсіпорынның мекемелер алдында қордаланған қарыз­дың жиналуына әкеп соқтырған. Сон­дық­тан кәсіпорын Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментіне тарифті көтеру бойынша ұсыныс түсірген. Тұрғындар бұл тарифтің айына адам басына 3,6 текше метр көлеміне дейінгі мөлшерін 70 теңгемен төлейді, қалғаны мемлекет тарапынан субсидия есебінен төленіп отырады.

Тұрғындардың уәжі – МАЭК суының бағасы көтерілген жоқ, «Каспий су тұшыту зауытынан» 6 мың текше метр су Түпқараған ауданының аталған екі ауылына келмейді. Сонда судың бағасы не үшін көтеріледі және әкімдіктегілер «ауылдарға бөлінді» дейтін, тұрғындар «алмадық» дейтін 6 мың текше метр судың есебі неге шықпайды? Сондай-ақ Маңғыстау облысы бойынша неге тек Сайын, Ақшұқыр ауылдарының ауызсу тарифі 418 теңгеге жетіп, облыс бойынша ең қымбат шекті көрсетіп отыр?

Тұрғындар аудан әкімдігінен «Ком­му­­налдық қызмет» мекемесінің 70-80 млн теңге қарызын мемлекеттік аудит арқылы тексертіп нақтылап-дәлелдеуін, тасымалдаушы «ҚазСуШар» мекемесінің заңсыз баға қойып, құбыр­дан су сатып отырғанын тексеруді жина­лыста талап етіп, аудан әкімі уәде бергенмен, талап әлі күнге дейін орын­дал­маған. Тұрғындардың көкейіне кү­дік ұялататын нәрсе – субсидияға қа­тысты. Олар осы қоянтобық сынды ұс­тат­пай тұрған мәселенің артында суб­си­дияға қатысты қитұрқылық жатқан жоқ па деп күдіктенеді. Жай күдіктеніп қоймайды, олар су бағасы мен тұтыну көлемін, тәуліктік, айға және жылға шағып есептеп, оны субсидиямен бөлінетін ақша көлемімен салыстыра қарап нақты көрсеткіштермен дәлелдеп те отыр. Қос ауылдың өкілдері су мен субсидия біреулердің оңай олжасына айналып, ортада халық сорлап отырғанына сенімді. Олар тараптардың су тарифін қолдан көтеріп, «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы арқылы бөлінетін субсидияның бағасын көтеріп отыр деген күмәнді ойларын дәлелдеуге тырысып жатыр.

Бірнеше құзырлы орынға шағым­данғанмен, тұрғындардың көңіл көнші­тер­лік жауап ала алмай жүргеніне көп болған. Біріне-бірі сілтеген жауап хаттар олардың күдігін одан сайын қоюлата түсті. Дауысы мен мұң-мұқтажын тың­дай­тын құлақ таппай күйінген тұр­ғындар: «Қарға қарғаның көзін шұ­қы­май­ды деген бар. Мемлекеттің заңы мен бағдарламалары халық үшін жасал­ма­ған, үнемі және міндетті түрде билік орындарының, қолында тетігі бар­лар­дың сөзін сөйлеп, сойылын соғып, жоғын жоқ­тап, есебін түгендеп шығады», деп шырылдауда.

Тұрғындардың уәжін тыңдағанмен, күмән-күдігіне жауап беру журналистің құзырындағы іс емес. Сондықтан тергеу-тексеру орындары. Расында. көңілге күмән тудыратын аталған мәселені на­зардан тыс қалдырмай тергеп-екшеп, Түпқараған ауданындағы Сайын, Ақ­шұқыр ауылдары тұрғындары мен аудан­ әкімдігінің және үшінші, төртінші су беруші, тасымалдаушы тараптардың өзара бірлескен жұмысын, орын алған дау­ды заңды тұрғыда сараптап, мәсе­ле­нің анық-қанығына көз жеткізсе дейміз.

Қазіргі таңда ауылдықтардың жанай­қайы жоғарыға жетпей құмығуда, жер­гі­лікті жерде оларды тыңдауға құштар құ­лақ пен құлық жоқ...

 

Маңғыстау облысы