Сайлау • 31 Қаңтар, 2023

Саяси алаңдағы ұстаным

252 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақстан Халық партиясының кезектен тыс ХХІІІ съезі өтті. Жиында партияның сайлауалды бағдарламасы қабылданып, Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттардың тізімі бекітілді. Сонымен қатар бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша Мәжіліс депутаттығына кандидаттар ұсынылды.

Саяси алаңдағы ұстаным

Съезге өңірлерден келген делегаттар, «Menin Elim Dala», «Артспорт» қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері, әйелдердің зейнет жасын төмендету қозғалысы мен кәсіподақ ұйымдарының және Заң кеңесі палатасының мүшелері қатысты.

Құрылтайда сөйлеген сөзінде партия төрағасы Ермұхамет Ертісбаев еліміздегі қазіргі ахуалға қысқаша талдау жасады. Ол қаңтар оқиғасы мен олигархаттың «жыртқыш» саясатына қарамастан, қоғамда әлеуметтік әділеттілік идеясы өзектілігін жоғалтпағанын атап өтті.

– Жүйені шеруге шығу, наразылық білдіру арқылы өзгертуге болады. Алайда мұны Парламентте жүзеге асырған тиімді. Сондықтан біз қазақстандықтарды алаңға емес, сайлау учаскелеріне шақырамыз. Себебі азаматтар билікке қоятын талабын өркениетті, демократиялық жолмен орындатуға қол жеткізуге тиіс. Қазақстан Халық партиясының Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда әлеуметтік мемлекет құруға және олигархиялық капитализмге қарсы күреске бағытталған реформаларын қолдайды. Халық билігін орнату үшін нақты өкілеттіктерді халық қалаулыларына – Мәжіліс пен мәслихат депутаттарына беру қажет. Сонда Қазақстан халқы мемлекеттік аппараттың өкілді билік органдарына есеп беруіне, сот және құқық қорғау органдарын сыбайлас жемқорлықтан тазартуға және барлық деңгейдегі әкімдерді сайлауға қол жеткізеді. Әлеуметтік реформаларды жүзеге асыру үшін қомақты қаржы керек. Бұл – шешуге болатын мәселе. Елге енгізіліп жатқан инновацияларды қаржылай сүйемелдеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін алдын ала ойластырылған ауқымды экономикалық бағдарлама қажет, – деді Ермұхамет Ертісбаев.

Съезде партияның алға қойған мақсаттары мен жоспары айтылды. Партия мүшелерінің айтуынша, әлеуметтік саясатта әрбір қазақстандыққа қамқорлық жасау және олардың өмір сүру деңгейін арттыру басым бағыт болып белгіленуі керек. Мақсатқа жету үшін кедейлікпен күрес жарияланып, еңбек заңнамасы мен зейнетақы жүйесін жетілдірген жөн. Бұған қоса қолжетімді медицина мен тегін білім беруді және әрбір азаматтың мемлекеттік тілді меңгеруіне жағдай жасауға ерекше назар аудару қажет. «Бізде адамдардың әлеуметтік қорғалмаған санаты болмауы керек. Азаматтар мемлекетке салық төлейді, яғни оларда өздерін заңнамалық, құқықтық, әскери, әлеуметтік жағынан қорғауды талап ету құқығы бар», деді партия төрағасы.

Жиында Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімі бекітілді. Е.Ертісбаев Парламент Мәжілісіне саяси ұйымның ең үздік, ең лайықты мүшелері кандидат ретінде іріктеліп алынғанын айтты. «Қатарымызда әртүрлі ұлттар мен әлеуметтік топтардың өкілдері бар. Қоғамда пікір алуандығы неғұрлым көп болса, соғұрлым демократияның бәсі биік болады. Ұлттың болашағы мен жұрттың келешегі лайықтыларға ғана сеніп тапсырылуға тиіс», деді Е.Ертісбаев.

Съезде депутаттыққа кандидаттар, өңірлердегі филиал басшылары, ҚХП Орталық аппаратының өкілдері сөз сөйлеп, ойларын ортаға салды. Мәселен, ҚХП Алматы облыстық филиалының төрағасы Т.Жүндібаев алдағы Мәжіліс пен мәслихаттардың сайлауы – еліміздің саяси жүйесін реформалаудың алғышарты екенін тілге тиек етіп: «Әділеттілікті аңсамайтын адам, қолдамайтын қоғам жоқ. Оның қатарында 1,5 млн тұрғынның мекені – Алматы облысы да бар. Қасиетті өңірде таяқ тастам жер тапшы. Қара жердің бәрі – олигархтардың қолында. Бұл мәселе – ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келе жатқан аймақтың жолын бөгеп отыр», деді. Оның айтуынша, ең үлкен түйткілдің бірі – қандастардың жай-күйі. Себебі «Отаным» деп оралған азаматтар арасында тәжірибелі мамандар жетерлік. Өкініштісі дипломдарын нос­трификациялау мүмкін болмай отыр. «Шыны керек, кландық-олигархиялық капитализм дәуіріне нүкте қойылатын күн туды. Себебі «Байлар балпаң басып, кедейлер жалтаңдасып» ғұмыр кешіп отыр. Жұмыссыздық, күйсіздік талайдың жүйкесін жұқартты. Халықты несие тұқыртып барады», деді Т.Жүндібаев.

Өз кезегінде ҚХП Қарағанды облыс­тық филиалының төрағасы Халел Мақсұтов отандастарымыздың қауіпсіз­дігі мен еліміздің әлеуметтік-экономи­калық дамуы ерекше назарда болуға тиіс екенін алға тартты.

– Қарағанды – топырағы кенге толы қасиетті өңір. Ондағы өндіріс ошақтарында мыңдаған адам еңбек етеді. Қарапайым жұмысшылардың тұрмыс-тіршілігі, көкейінде қордаланған мәселелер Халық партиясын алаңдатып отыр. Қараша халық та, Халық партия­сы да түбегейлі өзгерісті талап етеді. Демек осынау сын сағатта бірігу керек. Ендігі кезекте, абыройымыздың асуы да, берекеміздің тасуы да алдағы сайлауға байланысты, – деді ол.

Съезде партияның аймақтардағы филиалдарының төрағаларына өңірлерде электоралды науқанды ұйымдастыру мен өткізуге, сенім білдірген адамдар мен бақылаушылардың тізімін жасауға және басқа да мәселелерге қатысты нақты тапсырма берілді.

– Қазақстан Халық партиясы, саяси партиялардың ішінде сайлау алдындағы съезді бірінші болып өткізіп отырмыз. Бірінші болудың жауапкершілігі – үлкен, жүгі – ауыр. Ал бірінші болу – біздің сая­си алаңдағы ұстанымымызға айналды. Баршаңызға белгілі, былтыр Халық партиясы Мемлекет басшысының Президент және Парламент сайлауы туралы бастамасын бірінші болып қолдады. Сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдауға халық коалициясын құруды да бірінші болып ұсынды. Біз Мәжіліс және мәслихаттар сайлауына кандидаттарды да бірінші болып ұсынып отырмыз. Сондықтан біз сайлауда да басым түсіп, бірінші болатынымызға сенеміз.

Бабаларымыздың «Бірлік болса – тірлік болады» деген аманат өсиеті бар. Әрине, баршамызға бірлік керек. Дегенмен демократия жағдайында Парламент сайлауында плюрализм, яғни пікір алуандығы қажет. Әр партия өзі үшін күреседі. Күрес дегеніміз – диалектиканың бірінші заңы. Тек саяси күреспен ғана бірлікке қол жеткізе аламыз. Барлық сайлаушыны әділетсіздік пен заңсыздыққа төзе бергісі келмесе, сайлауға қатысып, өз таңдауын жасауға шақырамын. Бұл – сізге беріліп тұрған мүмкіндік. Ең бастысы сайлау кабинасына кірген сәтте сіз халықтың ажырамас бір бөлшегі екеніңізді еске алыңыз. Әр кандидатқа айтарым – біз табанды күрес жолына түсеміз, біз халық мүддесін жақтаймыз, – деп құрылтайды түйіндеді Е.Ертісбаев.