Спорт • 31 Қаңтар, 2023

Әлем кубогінде ел қоржыны тағы бір жүлдемен толықты

438 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Индонезия астанасы Джакартада винтовка және тапаншамен нысана көздеуден Әлем кубогі өтіп жатыр. Кеше Қазақстан құрамасының қоржынына екінші жүлде түсті, деп хабарлайды Egemen.kz Рrosports.kz-ке сілтеме жасап.

Әлем кубогінде ел қоржыны тағы бір жүлдемен толықты

Қазақстандық Валерий Рахымжан мен Ирина Юнусметова пневматикалық тапаншамен 10 метрден нысана көздеуде қола медаль жеңіп алды. Қазақстан құрамасы аралас жұптар арасындағы жүлдеге таласта Оңтүстік Корея спортшыларын 16-10 есебімен жеңді. Екінші қола Аустрия мергендеріне бұйырды.

Айта кетейік, 29 қаңтарда Валерий Рахымжан пневматикалық тапаншамен 10 метрден нысана көздеуден жекелей сында 4-орын алған. Джакартадағы бәсекеге барлығы 15 қазақстандық спортшы аттанды. Олардың бәрі Әлем кубогі қарсаңында 10-26 қаңтар аралығында Кувейтте өткен оқу-жаттығу жиынына қатысқан.

Қазір Қазақстан және Польша құрамасы жалпы есепте 2 медальмен (1 күміс, 1 қола) 7-орында тұр.

Индонезиядағы сайыста (31 елден, 300-ге жуық спортшы келген) рейтинг ұпайлары сарапқа салынып жатыр. Ал бұл ұпайлар кейін Париж Олимпиадасына қатысуға мүмкіндік береді. Әлем кубогі 7 ақпанда мәресіне жетеді.