Әлем • 31 Қаңтар, 2023

Қытай рұқсат етілген бала санына қатысты шектеуді алып тастады

307 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қытайдың Сычуань провинциясының билігі әр отбасына рұқсат етілген балалар санына қатысты шектеулерді алып тастады. Бұл елдегі туу көрсеткішінің төмендеуімен күресуге бағытталған тағы бір шара, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қытай рұқсат етілген бала санына қатысты шектеуді алып тастады

Қытай билігі бірнеше жылдан бері «бір отбасы, бір бала» саясатынан туындаған жағымсыз демографиялық тенденцияны өзгертуге тырысып келеді. Өткен жылы Қытай халқы 60 жылда алғаш рет азайған.

«Сонымен қатар, некесіз босанған әйелдер оны ресми түрде тіркей алады және ерлі-зайыптылар сияқты барлық жеңілдіктерді ала алады», деп хабарлады провинция үкіметі.

Бұдан былай Сычуань провинциясында кез келген тұрмыс құрмаған әйел, егер ол бала туғысы келсе, медициналық көмекке, мектептегі орынға және ақшалай төлемдерге ие бола алады.

2023 жылдың 23 қаңтарында Қытай үкіметі 2022 жылы Қытайда 9,56 миллион бала дүниеге келіп, 10,41 миллион адам қайтыс болды деген статистиканы жариялады. «Бір отбасы, бір бала» саясатының салдарынан елдегі демографиялық өсім төмендеген. Бұл саясат 1980 жылдың қыркүйегінде ел халқының бақылаусыз өсуін азайту үшін енгізілген еді.

Сычуаньдағы жағдай алаңдатарлықтай емес, бірақ 60 жастан асқан адамдардың саны жалпы халықтың 21 пайызын құрайды. Бұл орташа көрсеткіштен 17,4 пайыз жоғары. Егер демографиялық тенденцияны қалпына келтіру мүмкін болмаса, онда 2040 жылға қарай бұл көрсеткіш 28 пайызға дейін өседі деген болжам бар.

«Біз бұрын-соңды көрмеген Қытайды көруіміз әбден мүмкін. Енді Қытай қоғамы жасармайды, халқы қартайып, азая береді», дейді Калифорния университетінің әлеуметтану профессоры Ван Фэн.


Айтолған ЖҮНІСХАН,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті