«Тағы бір маңызды мәселе – Астананың көлік жүйесін дамыту. Автокөлік саны жыл сайын көбейіп жатыр. Сол себепті, көлік кептелісі өте күрделі мәселеге айналды. Бұл, тіпті, қала тұрғындарының ашу-ызасын туғызып отыр.
Мәселен, Мәңгілік ел даңғылы кептелістен көз ашпайды. Тәуелсіздік даңғылында салынып жатқан көпірдің құрылысын осы жылдың соңына дейін аяқтау қажет. Сонымен қатар, кіші айналма жолдың құрылысы созылып кетті. Оның үстіне, жаңа тұрғын үй кешендерін салғанда жол мәселесі толыққанды ескерілмей жатыр.
Бір сөзбен айтқанда, көлік саласын дамыту жұмысы ақсап тұр», деді Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңес отырысында.
Осы тұста Президент аталған мәселемен жүйелі түрде айналысуға шақырды.
«Қала жолдарының жай-күйі де мәз емес. Мысалы, кейбір көшелер жыл сайын жөнделеді. Бірақ көктем шыққанда жолдың сапасы сын көтермейді. Ал кейбірі мүлдем қараусыз қалған. Бұл жол салу және жөндеу жұмыстары дұрыс жүргізілмейді деген сөз. Үкімет мен әкімдік мәселені арнайы бақылауына алу керек. Қажет болса, мердігерлерді ауыстыруға тиіс», деді ол.