Өнер • 31 Қаңтар, 2023

Бір суреті – бір әлем

680 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шыны керек, қазақ сурет өнерінде төңкеріс жасаған бір адам болса, ол – Ағым­салы Дүзелханов. Оның қа­зақы қиялынан туған таң­дамалы туындылары белгілі бір уақыт пен кеңіс­тіктің шеңберіне сыймайды. Сол үшін де оның қыл-қа­ламынан туған суреттер осы өнердің үрдісінен шығып, сын мен сараптың без­бенінен аман өтіп, өз жо­лына түскен жәдігер іспетті.

Бір суреті – бір әлем

Ағымсалы Дүзелхановтың шы­ғар­машылығындағы пайым-парасат, өзгеше ойлау, дара тыныс сияқты ерекшеліктер оны зәу биікке алып шықты. Былайғы жерде ол не салса да, ойдың тереңімен, қиялдың шексіздігімен салды деген жөн шығар. Оның өзіндік стильдерінің бірі де бірегейі болған тұлғалар бейнесін кенеп бетінде кестелеуі есімін сурет өнерінің тарихына алтын әріппен жазды. Оның қылқаламынан туған Шыңғыс ханға назар салайық. Дулыға орнына нағыз көшпелілерге тән құндыз тұмақ, үстіне аң терісін жамылып, қолына дала тағысы асау қыранды қондырған шонжар мінезімен, қас-қабағымен, өр рухымен тұтас әлемді жаулағысы келіп-ақ тұр. Тіпті оны жаудан аман құтқарып, көздеген жеріне есен жеткізетін тұлпары да мінсіз қалыпта бейнеленген. Айдарлы ақ тұлпар үстіндегі қаһарлы ханның келбетіне көрік бергені бірден байқалады. Туындыны көрген соң ойыңда бірден күллі әлемді билеуге ынтыққан Шыңғыс хан осындай болған да шығар деген түсінік қалыптасары хақ. Дегенмен бұл Ағымсалы қиялының жемісі екенін де ұмытпаған дұрыс.

ывар

Суретшінің өзіне тиесілі таң­даған стилі – тұлғалар бейнесін кестелеу екенін жоғарыда айттық. Енді сол сөзімізге ол салған суреттер куә-дүр. Келесі портрет Қорқыт атанікі. «Қорқыт ата аңызы» деп аталған туынды ескі дәуірді, кешегі өткен күн бейнесін көз алдыңа жайып салады. Бостандық, бабалар рухы, шексіздік деген ұғымдар кенет суретпен бірге ас­тасып, туын­дыда бейнеленген қаз­дардың қанатына байланып, алыс­қа ұш­қысы келеді. Қоңыр қобы­зын күңіренте сөй­летіп отыр­ған Қор­қыттың күйін аң мен құс­­­тың бәрі бір деммен тыңдап отыр. Үн­дес­тік, тамырластық, тек­­­тілік бәрі-бәрі сонда үйлесім та­бады.

ывпр

«Ағымсалы Дүзелхановтың шығарма­шылығына арқау бол­ған образдардың бірі – қазақ әйелінің бейнесі. Жалпы алғанда бейнелердің топтама немесе жеке сипаттағы сюжеттік идеялары бір арнаға келіп жанасады. Яғни қазақ әйелі бейнесіне сай мінез, көрік және де тағдыр бар. Суретші портреттік және пейзаж жанрында шешкен композициялық идеясы бір-бі­рінің өзіндік ерекше мағынасын толықтырған. Қаламгердің шы­ғар­машы­лығындағы әйел бейнелерін жеке кезеңге бөліп, тереңінен тал­дауды қажет етеді. Оның туын­ды­ларындағы әйел бейнесі бірде тарих парақтарынан сыр шертетін болса, енді бірде әйел – ана, табиғат, өмір, тір­шілік, махаббат, сұлулық, пәктік, батыр­лық символына айналады». Бұл өнер­танушы Айжан Түменбайдың біздің кейіпкеріміз туралы пікірі. Әрине, дала тарихында ойып орын алатын қазақ әйелінің рөлі том-том кітаптарға, әсем әуендерге, мәңгілік құнды суреттерге арқау болғаны шындық. Ағымсалы Дүзелханов қаламы да бұл бос­тықты толтыруға асығады. Үстіне қаза­қы киімін, басына ас­қаралы сәукелесін киген қазақ қызының кенептегі бейнесі бізге нені айтады? Қай ғасырда да қазақ қызының қалыбы, міне, осындай болған демекші шығар, кім білсін? «Адам көркі шүберек», десек те суретші кейіпкерін аламыштап бояғысы да келмеген. Тек оның өз сәнін, ұлттық ерекшелігін ойына тоқып, өнердің құдіретімен әдіптеуге барын салған. Тағы бір­де артында сансыз нөкері бар, ел алдында жүрген әйел тұлғасын бейнелепті. Ертеде руын билеген, ерлермен тең билік жүргізген қазақ әйелдері көп болды ғой, мына сурет солардың бірінің су­рет­ші қиялындағы портреті екені айдан-анық.

Қарағайлы қапталда хан та­ғында салтанатпен әлдебір жаққа бет алып бара жатқан «Сақ патшасы» деген туынды да көзге оттай басылады. Дулығасының төбесі аспанмен тілдесіп, оның абыройын, беделін асқақтатып тұр. Дала шырайы, халық бірлігі, ел билеген тұлғаның болмысы бәрі де сәтті бейнеленген. Автор осы туынды арқылы ертеде бабаларымыз осындай өр де батыр болған деген сәулелі ойының бір ұшқыны екенін жасырғысы да келмейді. Ал осы суретпен үндес «Сақ әскері» деген шығарма да батырлық пен қайсарлықты ұрпақтар санасына ұялатуға таптырмас туынды. Қалай десек те, Ағым­салы Дүзелханов туындылары үлкен ойдың, тапжылмай ізденудің, өмірлік тәжірибенің жемісі екенін айта кеткен жөн. Сол үшін де біз Ағымсалының «Бір суреті – бір әлем» дегіміз келеді.