Жәдігер • 31 Қаңтар, 2023

Кестелі шапан

1401 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шапан – халқымыздың ежелден келе жатқан кәделі киімі. Тіпті оның қолданысқа енуі сонау көне ғұн, кейінгі түркі дәуіріне қатысты деректерде кездеседі. Мысалы, ежелгі ғұн мәдениетінің ең ірі үлгісі саналатын атақты Ноин-Ула қорымына ХХ ғасырдың басында қазба жұмысын жүргізген орыс ғалымы П.К.Козлов (1863-1935) ұзындығы 1,17 м, ені (жеңімен) 1,94 м ғұн шапанын тапқанын білеміз. Бұл мұра қазір Эрмитажда тұр.

Кестелі шапан

Шапанның тарихы тереңде жатыр. «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атаулары­ның дәстүрлі жүйесі» атты 2014 жылы жарық көрген энциклопедиялық анық­тамалықта: «Шапан – матамен астарланып, арасына қой, түйе жүні немесе мақта салынып, сырып тігілген киім түрі» деп жазылыпты.

Шапан тігілген матасы­на қарай: жібек шапан, пүліш шапан, барқыт шапан, шұға шапан, қаба шапан, шибарқыт шапан, мақпал шапан, шұға шапан делінсе, жасалу формасына байланысты: шолақ шапан, қаптал шапан, қималы шапан, сырмалы шапан, қа­йырма жағалы шапан, тік немесе орама жағалы шапан, т.б. айтылады. Ал сәндік үлгісіне қатысты: күміс түймелі шапан, зерлі шапан, оюлы шапан, кестелі шапан, т.б.

«Кемісін халқым өзің айт,

Кеңесім менің жақпаса,

Кем көрмеймін көңіліме,

Ат мініп, шапан кигендей,

«Пәлі» деп жұртым мақтаса,

деп атақты Базар жырау атамыз айт­қандай, қазақ халқы сәндік шапандарды сыйға тартатын болған немесе құдалыққа апарды, тіпті ерте кезде елшілер сыйлық ретінде алып жүрген.

Осындай әйел адамға арналған сәндік кестелі шапанды өткен жазда Бай-Өлке аймақтық орталық музе­йінің көрме залынан кездестірдік. «Шапан­ның ұзындығы 115 см, жеңінің кеңдігі 15 см, кеуде тұсы 54 см, етегінің кеңдігі 104 см, жағасы 35,5 см, қолтығы 24 см, салмағы 1712 грамм» деп жазылыпты жәдігердің қордағы анықтамалығында.

Ал шапанның жалпы сәндік жасалу сипатына тоқталар болсақ, сырты қара шұғадан тысталып, астары қызыл шаршы бедерлі шытпен көмкеріліпті. Айналасын кестелеген ойма жағалы, екі жеңінің ұшы және қос өңірі, етегімен бірге сырмаланып, қызыл матамен жиектелген. Шапанның иығына шеңбер формалы арқар мүйіз ою таңбаланып, жеңі және етек-өңіріне ұласпалы иір өрнек: ақ, сары, күлгін түстермен кестеленіпті.

Шапанды 1971 жылы Бұл­ғын өңірінің тұрғыны Жұбай деген кісіден музей басшысы Қы­зырбек Сәдуұлы сатып әке­ліп, қорға тапсырған екен. Бұл кісі 1934 жылы ту­ған, аймақтық өлкетану музе­йін бас­қа­рып тұрған 1970-1978 жыл­дары
мекеме қорын то­лықт­ыру ісіне ерекше мән бе­ріп, зор қызмет атқарған кө­рінеді. Жарықтық 2005 жылы ата­жұртқа көшіп келіп, 2009 жы­лы өмірден өтіпті. Мар­құмға топырақ ел­орда ірге­сіндегі Қоянды ауы­лынан бұйырыпты.