Медицина • 01 Ақпан, 2023

Медицина академигі

377 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Биыл есімі көпшілікке танымал дәрігер, медицина ғылым­дарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Халық қаһарманы Мұхтар Әлиевтің туғанына 90 жыл толады. Ол талай ғалым-хирургке білікті ұстаз болып, елімізде хирургтер мектебінің негізін салды. Әлбетте, әркімнің пешенесі­не түрлі жол жазылады... Қилы күрделі жағдайларға қарамай, академик Мұхтар Әлиевтің отан­дық медицинаға сіңір­ген еңбегі кәсіби мамандар арасында аңыз болып ­айтылады.

Медицина академигі

Еліміздің хирургтер ғылы­ми мектебінің жетекшісі Мұх­тар Әлиев Жаңақорғанға қарасты, Төмен­арық стансасында темір­жол қа­рау­шысының отба­сында дүниеге келген. Әкесінен ерте айырылған оның балалық ша­ғы қиын кезеңге тап келді. Екін­ші дүниежүзілік соғысына дөп түскен ол бала кезінде тұр­­мыс-тіршіліктің тауқыметін көп көрді. Аурушаң анасына тит­тей де болса жәрдемім ертерек тисін деген оймен жеті клас­ты бітіре сала Түркістан қала­сын­дағы педагогикалық учили­щеге құжаттарын тапсырады. Еңбек­қорлық, білімге деген құштарлық оны шалқыған өмір теңізіне алып кете барды. Алақандай шағын ауылда туған бала өсе келе әлемге танылды.

Еңбек жолын Шымкент облысы, Шәуілдір ауданы Темір ауылының жеті жылдық мекте­бінде мұғалім болып бастаған. Одан кейін ойы медицина саласына ауысып, 1951-1957 жылдары Алматы мемлекеттік медицина институтының емдеу ісі факультетінде білім алған. Дә­рі­герлік мамандықтың біраз қыры мен сырын игерген ол Шымкент облысы «Темір» совхозының учаскелік ауруханасының хи­рур­гі және бас дәрігері болып құлшына еңбек етті. Білімге деген құштарлық оны Алматыға қайта оралтып, клиникалық ор­динатураға түсті. Уақытпен санаспай, үзіліссіз күні-түні ауруханада еңбек етіп, хирургиялық жаңа тәсілдерді меңгеруге күш салды. Бірер жылдан кейін хирургия бөлімшесінің хирург-дәрігері, ординаторы болып тағайындалды. Практикалық жұмыспен қатар аспирантураға түсіп, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу инс­титутының ғылыми қызмет­кері болып еңбек етті. Одан соң Алматы дәрігерлер білімін же­тілдіру институтының доценті, кафедра меңгерушісі, Алматы медицина институты­ның хи­рур­гия кафедрасының мең­геру­шісі, Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігінің бас хирургі бол­­ды. Сондай-ақ клиникалық және эксперименттік хирургия ғылыми-зерттеу институтының директоры, Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрі, 1987 жылдан бастап зейнетке жасы жеткенше А.Н.Сызғанов атындағы хирургия ғылыми орталығының директоры қызметін абыроймен атқарды.

Мұхтар Әлиев Қазақстан медицинасын торакальды, абдоминальды, жүрек-қан тамырлары, эндоскопиялық хирургия, микрохирургия және трансплантация саласын айтарлықтай дамытты. Оның басшылығымен лазердің көмегімен бауыр эхинококкозын хирургиялық емдеудің түбегейлі жаңа әдісі қолданылды. Мықты маман жүректің ишемиялық ауруы кезінде 50-ден астам аорто­коронарлық шунттауды жасады. Сондай-ақ елімізде алғаш рет өт қабын, аналық без жылауық, бүйрек үсті безін, өкпені лапарос­копиялық-эндоскопиялық жолмен алып тастау операцияла­рын істеді. М.Әлиевтің бастамасымен республикалық органдар­­ды трансплантациялау орталығы ұйым­дастырылды. Өкпенің, өңеш­тің және басқа органдар­дың созылмалы ауруларын емдеу­дің көп әдістерін практикаға ен­гізді. Хирургиямыздың жетістік­тері жайлы халықаралық конгрес­терде, съездерде, конференция­ларда баяндамалар жасап, отан­дық медицинаның көкжие­гін кеңейте түсті.

Мұхтар Әлиевтің жетекші­лігімен 70 докторлық, 83 кан­ди­даттық диссертация қорға­лып­ты. Оның диссертант шәкірт­тері тек елімізде ғана емес, көрші Қырғызстанда, Өзбекстанда, Әзер­байжанда, Ресейде, Түр­кияда, тіпті Африкадағы Ангола мем­ле­кетінде еңбек етуде. Ол 970 ғылыми еңбектің, оның ішін­де 59 монографияның авторы, 155 авторлық куәлігі бар. Хирургия ғылыми орталығында бірге қызмет еткен 18 дәрігер-ғалым Мұхтар ағамен бірге екі рет Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты атанды. Ғалымның ат­қарған жанкешті ізденістері мен еңбегі 1995 жылы Қазақ­станның жоғары атағы «Халық Қаһар­маны» (Алтын Жұлдыз) айрық­ша белгісінің табыс еті­луімен лайықты бағасын алды.

Қоғамдық істерде де М.Әлиев өзінің өшпес ізін қалдырды. Ол Қаз­КСР Жоғарғы Кеңесі 11 және 12-шақырылым депута­ты, Бүкілодақтық хирургтер қо­ғамының басқарма мүшесі, Қаз­КСР ҒА төралқасының, Ха­­лық­­аралық гастроинтестианал­ды хи­рургтер клубының, Н.И.Пи­ро­гов атындағы хирургтер ас­со­циа­циясының мүшесі де болды. СПИД-пен күресу және ал­дын алу республикалық қо­ғам­­дық комитеттің құр­метті төр­ағасы жә­не ұйымдас­ты­рушысы қызметін де атқарды. Халықаралық медицина ғы­лым­дары академиясы­ның негі­з­ін қалап оны тұңғыш пре­зи­ден­ті болған. Халық­ара­лық ақпараттандыру акаде­мия­­сының, Нью-Йорк ғы­лым ака­демиясының, ГФР Медици­на­лық білім беру академиясының академигі атанды. Бұдан бөлек те сан алуан атақ-дәрежесі жетерлік.

Қарап отырсақ, бұл дегеніңіз бір адамның басына келіп қон­ған зор жетістік, керемет бақыт екен. Бір ғұмырда осыншама та­бысқа қалай жетуге болады дей­сің. Бүгіндері еліміздің қай өңі­ріне бармаңыз М.Әлиевтің қол­дауымен хирургия саласын шебер меңгерген, ғылым жолында жүр­ген шәкірттерін кездестіруге бо­лады. Өзі негізін қалаған Ұлт­тық хирургия орталығы қазір әлем­ге танылған беделді емдеу клиникаларының біріне айналды. Ғалым-дәрігерлердің ұстазы туралы ыстық лебізін тыңдай отырып, Мұхтар ағаны бейне­бір саялы жасыл жапырағын кеңге жайған, тамырын тереңге жі­берген алып бәйтерекке ұқса­тамыз.

«Мыңдаған жанға шапаға­ты тиген сондай жеңіл қолды дәрі­герлердің бірі, медицина ғы­лымының дамуына үлкен үлес қос­қан әйгілі азамат Мұхтар Әлиев өз ғұмырында 13 мыңнан астам операция жасапты. Бұл 13 мың адамның тағдыры. Оның бо­йына біткен табиғи дарыны елі­міздің медицина саласын талай биіктерге көтеріп, сан мәрте жаңалықтармен толықтырды. Ол жасаған операциялар ізба­сар ғалымдарға тағылымды тәжіри­бе болды. М.Әлиевтің жаса­ған операциялары медицинаның түрлі саласын қамтиды. Ол бірде ба­уырдағы эхинококты лазермен күйдірсе, ендігі бір операцияны аяқ-қол микрохирургиясы бойынша жүргізген. Ал оның қан тамырларын плас­тикалық жолмен байланыс­тыру, асқазанға хирургиялық, плас­тикалық операциялар жасау әдістері хирургиядағы айту­лы жаңалықтардың бірі. М.Әлиев Қазақстан мен Орталық Азия айма­ғында алғаш рет бүйрек, бауыр ал­мастыру (трансплантация) операцияларын жүргізген жаңашыл, ізденпаз хирург. Сон­дай-ақ ол өт жолы мен ана­лық без ісігіне, соқыр ішекке эндолапароскопиялық әдісті ойда­ғыдай қолдана білді. Лапа­рос­копиялық оталардың тек Алматыда ғана жасалмай, бас­қа облыс орталықтарында да енгізіліп, сәтті жасалуына көп тер төкті. Бұған қоса қан тамырларына жасалатын операцияларды барынша жетілдіре отырып, оны хирургиялық тәжірибеге енгізді. Академиктің еңбектерінің арасында ұйқы безіне аутотрансплантация жасау, бүйрек пен арықша бездерге, лапараскопия әдісін қолдану жұмыстары ерекше орын алады. Сондай-ақ ол Қазақстанда алғаш рет қолқа мен тәждік (коронарлық) артерияларды жалғастыру операция­сын жасаған хирург. Сонымен қатар диссертациялық кеңестің төрағасы бола жүріп, бірнеше ондаған ғылым докторлары мен кандидаттардың ғылыми диссертация қорғауына зор үлес қосты. Әсіресе, жергілікті ұлт кадрларына деген пейілі мен көңілі ерекше еді, оларды қолдап, өз ақылын айтып отырды. Біз сол ұстазымыздан білім алып, хирургияның сырларын терең меңгергенімізді әр кез мақтан етеміз, еңбегіне басымызды иеміз, – деп еске алады Болатбек Бимендеұлы.

Академик Мұхтар Әлиевтің шәкірттерінің бірі, осы жолдар­дың авторы Жам­был облыс­тық ауруханасында қатардағы дәрі­гер-хирург бола жүріп, ғы­лыми мақалалар жаза бастадым. Олардың біразы Мәскеу, Санкт-Петербург, Киев және де басқа қалалардың баспалары­нан шығатын ғылыми-практика­лық журналдарда жа­рық көріп жүрді. Мәскеудегі дәрі­герлер­дің білімін жетілдіру инс­ти­ту­тына екі айлық курсқа бар­ға­ным­да кафедра меңгеру­шісі профессор И.Б.Розановқа жо­лығып, эхинококкоз ауруы жай­­лы жинаған, жарық көрген бір топ ғылыми мақалам бар, солар­ды жүйелеп, реттеп, бір тәр­тіпке салып диссертация қорғасам деген ойымды жет­кіз­дім. Мақалаларыммен ­танысып шыққан ол: «Эхинококкоз ауруы Азия мемлекеттерінде жиі ұшырасады. Оның хирургиялық емі жайлы ғылыми диссертация жоқтың қасы. Сондықтан ойың­ды, мына тақырыбыңды қол­даймын. Ғылыми жетекшіңіз, қала­саңыз, мен-ақ болайын», деп келі­сімін берді. Сөйтіп, жолым болып, негізгі жұмыс орным­нан қол үзбей, екі жылда жұ­мы­сымды толықтырып, ғы­лыми негізін қалап, Мәс­кеудің Лазерлік медицина ғы­лыми-зерттеу институтында сәт­ті қорғап шықтым. Еңбегімді орын­ды бағалаған мәскеулік ға­лымдар әрі қарай док­торлық дис­сертациямен айналысуымды ұсы­нып, тақырып бекітіп берді де жұмысым қызу басталып кеткен болатын. Бірақ басында кеңес одағы ыдырап, тоз-тоз болып, шекаралар жабылып, Мәскеуге барып-келу жүк болды. Тығырыққа тіреліп, біраз қиналғаным бар. Содан бір күні «тәуекел» деп жиған-терген ғылыми жұмысымды кө­­теріп елімізде «хирургияның ко­рифейі» атанған Мұхтар Әлиев ағамызға барып, бастан кешкен проблеманы асықпай баяндадым. Сырт көзге түсі суық, мі­незі қатал кө­рінетін ғалым ­мені түсіністікпен жылы қабыл­да­ды. «Иә, сыртың­нан білемін, ма­қалаларыңды газет-журналдардан оқып жүрмін, бойыңа біткен талабың бар сияқ­­ты», деді. Диссертациямды парақтап кө­ріп: «Асқынған ­эхи­нококкоздың хирургиялық емі бізде әлі ­қор­­­ғалған жоқ. Жұмысың ғы­лы­ми жағынан өзекті. Осы тақы­рып­та біріншіден монография шығарыңыз. Содан кейін жо­лыңыз ашылады», деп кеңес бер­ді. Сөйтіп, академик Мұхтар ағамыздың қолдауымен моно­графия және одан көп уақыт өтпей докторлық диссертация қорғау сәті де түсті. Міне, осылай дегдар азамат М.Әлиевтің қолдауымен алға қойған мақсат-арманыма жетіп, медицина ғы­лымының докторы атандым. Оған әрдайым шүкіршілік ете­мін. Бұл тек бір маған деген қам­қорлығы, қолдауы емес, талай білімге тал­пынғандарға демеу көр­сеткені көпшіліктің есінде.

М.Әлиев көпшілікке жақсы­лық жасаудан жалықпайтын. Өз қаражатына бірнеше ауыл, қала­дан мешіт салдырды, туған ауы­лының мектебіне қамқорлық жа­сап, жаңа жиһаз, компьютерлер­мен жарақтандырды, Балалар үйіне де көмегін аяған емес. Әйгілі Шәмшінің құрметіне «Шапағат» қорын ашып, оның бейіті басы­на ескерткіш қойғызды. Бірнеше рет ән конкурстарын ұйымдасты­­рып, Алматының бір көшесіне есі­­мін беруге мұрындық болды. Оның іс­ке асырған игілікті істерін жіп­ке тіз­гендей айта берсек, сөзіміз жет­пейді. 

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор

 

Тараз 

Соңғы жаңалықтар