Еркебұлан Мәмбетов – Новоалександровка ауылының тумасы. Бұл елді мекен Еңбек Ері, атақты Геннадий Зенченко кеңшарының бір бөлімшесі еді. Осындағы мектепті бітірген соң, Омбы ауыл шаруашылығы институтын инженер-механик мамандығы бойынша тәмамдаған. 1985 жылы институтты аяқтап, кеңшарға келіп, техникамен байланысты қызметтің барлығын атқарған. Бұған бес жылдай уақытын арнапты. Ал 1989 жылы жас жігіттің еңбексүйгіштігі мен ізденімпаздығын естіген «Меңгесер» кеңшарының директоры, кейін Парламент Мәжілісі бірнеше шақырылымының депутаты болған Михаил Трошихин оны өзіне бас инженерлік қызметке шақырады. 1993 жылы жоғарыдан кеңшарларды таратып, жекеменшік құрылымдар жасау керек деген бұйрық түскенде, «Меңгесер» кеңшары алдыңғылардың қатарында ұжымдық серіктестік болып қайта құрылады. Кейіпкеріміз осы құрылымның директоры болып тағайындалды.
Бұл шаруашылықтардың белшеден қарызға батып, берекесі қашқан кез. Әр аудандағы 10-12 кеңшардың орнына 1-2 шаруашылық қана аман қалатын қысылтаяң шақ. Осы тұстағы дағдарысты еңсерудің қиындықтарын есіне алудың өзі Ерекеңе әлі ауыр тиеді. Ақша жоқ, жанар-жағармай жетіспейді, техникалар таратылған, қалғаны тұралап тынған. Қиындыққа шыдамаған директорлардың көбі қалған дүниеден қажетін алып, шаруашылықты тастап кетіп жатты. Тек бойында қайрат, жүректе намысы бар жігіттер ғана өзіне көрсетілген халық сенімін аяққа баспады. Олардың қатарында Еркебұлан Мәмбетов те бар.
Әйтеуір, Үкіметтен азды-көп көмек алуға қол жеткізіп, шаруашылығын сақтап және оны жаңа заманның талабына сай жүргізіп әкеткен көршісі Геннадий Зенченконың жолымен жүріп, керегінде оның ақылын тыңдаған Еркебұлан Мәмбетов те шаруашылығын құлатпады. Кеңшар орталығы Озерныйда (қазақшасы Бақайтал) бригадир болған Владимир Федоров және кеңшардың бір бөлімшесі Бексейіттің басқарушысы Арыстан Жұнысов үшеуі бірігіп, 1998 жылы «Мамбетов и К» командиттік серіктестігін құрып, Зенченконың үлгісін алады. Айта кетерлігі, Ерекең Геннадий Зенченконы әлі күнге өзінің ұстазы санайды.
Шаруашылық жаңа арнамен даму жолына түскенде 7 800 гектар егістік жері болған. Алайда 42 млн теңге қарызы болғандықтан, оның қарыштап кетуі қиын еді. Әйтеуір сол жылдары Үкімет ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында тұқым, техника, жанар-жағар май алуға несие беретін, астығын сатып алатын «ҚазАгроҚаржы», «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы», «Аграрлық несие корпорациясы» сияқты қолдау институттарын ашып жатты. Олардан көмек алудың жолдарын игеру де оңай емес-ті. Өйткені сан түрлі жоба, жоспар, құжаттар дайындау керек болатын. Білім мен біліктілік осы жерде ұштасып, институттардың қажетті талаптарын орындай білген «Мамбетов и К» көмектер алуға қол жеткізеді. Сонымен бірге халықты еңбекке жұмылдыра білу де бұл жылдары үлкен қабілетті талап ететін. Өйткені ертең еңбекақы аламыз ба, алмаймыз ба деген самарқаулық еңбекке деген ынтаны бұл жылдары төмендетіп тастаған еді. Осы кедергілердің бәрін еңсеріп, шаруашылық астықтан жақсы еңбек өнімділігіне қол жеткізеді. «Мамбетов и К» шаруашылығының атағы да сол жылдардан бастап шыға бастады. Озық технологияларды қолданудың нәтижесінде бұрын 7-8 центнер ғана өнім алынатын егістерден 20-25 центнерге дейін астық жиналатын болды. Халықтың да әл-ахуалы артып, жақсы тұрмысқа жете бастайды. Мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізіп, екі ауылға да шағын орталықтар ашып, ауыл ішіндегі жолдарды жөндеп, шаруашылық алғысқа бөленеді. 12 млн теңгеге жобалық-сметалық құжаттарын жасатып, Үкіметтен «Ақбұлақ» бағдарламасы шеңберінде 242 млн теңге бөлуге қол жеткізеді. Сөйтіп, екі ауылға да таза ауыз су жүргізді. Бексейітке спортзал салып, Озерный мектебінің пешін орталықтан жағатын қылып бергені де сол жылдар.
Еркебұлан Нұрмағанбетұлының осы еңбектері бағаланып, 1999 жылы облыста алғашқылардың бірі болып «Құрмет» орденін алды. Ал 2004 жылы Мамлют ауданына, үш жылдан кейін Қызылжар ауданына әкім болып тағайындалып, барлығы бес жылдай әкімдік қызметті атқарды. 2009 жылы шаруашылығын басқаруға қайта оралды. Сол жылдары бұрын шаруа қожалығын құрып, бөлек кеткендер ұсақ шаруашылықпен ештеңе шығара алмай, жерлерін «Мамбетов и К»-ға қосады. Сонымен бірге осы маңдағы Андағұл, Бике секілді ауылдар да өздерінің астық алқаптарын алуды сұрап Е.Мәмбетовке келген. Соның нәтижесінде қазір «Мамбетов и К»-ның астық алқабы 30 мың гектарды құрайды. Оның 26 мың гектарына астық егеді.
Айта кетерлігі, бұрын шаруашылық бірнеше мың гектар жерді парға қалдырады екен, бірақ соңғы жылдары оның тиімсіз екеніне көз жеткен. Өйткені қатты жел бос жатқан алаптың үстіңгі бетінің құнарлы топырағын ұшырып әкетеді. Сондықтан пардың орнына егісті әртараптандырып, биыл бидай, арпа еккен алқапқа келесі жылы майлы дақылдар, бұршақ ексе топырақтың құнары сақталатынына көз жетіпті.
Мемлекеттік қызметтің пайдасы өмірдің жаңа талаптарымен танысуға, зерттеуге, үйренуге мүмкіндік беріп, Е.Мәмбетов ауылға келгенде тек астық өсірумен шектелмеу қажеттігін ұғады. Ауыл өнімін шығаратын болған соң ел де, мемлекет те мал шаруашылығы өнімдерінің де шығарылғанын қалайтынын және Үкімет шаруашылықтарды осы мәселеге ынталандыра бастағанын жақсы біліп, әкім орынтағынан түскен соң мал шаруашылығын қатар алу жоспарын жасайды. Оның ішінде бұларға оң жамбасқа келетіні – етті мал өсіру. Өйткені сүтті алушыға өнімді күнделікті жеткізуге жол жоқ. Сөйтіп, Е.Мәмбетов Американың Охлакома штатынан «Ангустың» ұрықтандырылған 200 тайыншасын әкелді. Тасымалмен айналысатын компания бір ай шамасында тайыншаларды «Меңгесерге» жеткізіп берген. 2012 жылы олардың алғашқы төлі алынды. Бір қызығы бұлардың бұзауы шағын болып туады екен де, аз уақытта жетіледі. Торпағының өзі 250-300 килоға тез жетеді.
– Алғашында тайыншаларды қолдан ұрықтандырмақ болған әрекетіміз сәтсіздікке ұшырады. Сосын Ақмола облысының «СКА Фуд» деген компаниясынан алты бұқа сатып алып, құнажындар табиғи жолмен ұрықтандырылды. Сапасын жоғалтпау мақсатында ұрғашылары бүгінге дейін өз бұқаларынан ғана ұрықтандырылады. Кейін Америкадан ұрық алдырып, қолмен ұрықтандыруды да игердік. Ол үшін мамандарды Еуропаның, Америка мен Канаданың шаруашылықтарына іссапармен жібердік, олар тәжірибе жинап қайтты. Соның нәтижесінде қазіргі күні Қазақстанда «Ангустың» таза тұқымы өсіріліп, біз оны аукцион арқылы сататын деңгейге жеттік. Жыл сайын 100-120 бас бұқа сатып, табыс тауып отырған жайымыз бар. «Ангустың» жем-шөбі Канадамен бір белдікте болғандықтан Солтүстік Қазақстаннан айырмашылығы жоқ, – дейді кейіпкеріміз.
Оның айтуынша, Үкімет малды сыртқа тірідей шығаруға тыйым салғаннан бері бұқаның бағасы арзандап кеткен. Бір жастағы бұқашықтың бағасы шамамен 1 млн теңге тұрады. Шаруашылық бұқаларын түрлі көрмелерге де апарып, үнемі жүлде алған. Былтыр Лепсідегі республикалық көрмеде «Барон» деген бұқасы «абсолюттік чемпион» атанып, бас жүлдеге ие болыпты. Мұндай төрт жасар бұқалардың салмағы бір жарым тоннаға дейін жетеді. «Ангустың» етін ет комбинаттары да жоғары бағалайды. Өйткені сүйегі аз, таза еттің үлесі 63-64 пайызды құрайды. Кейбір ірі комбинаттар бұл үшін алушыға қосымша ақы да төлейтін көрінеді. Қазір «Мамбетов и К» 700 бас «Ангус» тұқымын өсіріп отыр.
Солтүстік Қазақстан облысы сүт өндіру бойынша республикада көш бастап тұр. Әсіресе бұл іс 2017 жылы өңірге Құмар Ақсақалов әкім болып келгеннен бері қатты жанданды. Ол тауарлы-сүт фермасын ашқысы келетіндерге жеңілдетілген несие, басқа да көмектер жасап бақты. Ал «Мамбетов и К» тауарлы-сүт өндіру ісімен 2015 жылдан бері айналысып келеді. «Аграрлық несие корпорациясынан» 2018 жылы 2,3 млрд теңгенің несиесіне қол жеткізді. Оған Германиядан 600 бас сүт көп беретін симментал тұқымының сиырларын алдырып, тауарлы-сүт фермасын ашқан. Қазіргі таңда олардың әрқайсысы шамамен 24-25 литр сүт береді. Сүтті өңдеушілер өздерінің көліктерімен алып кетеді. Сүт «елочка» әдісімен сауылады. Сиырлар айқыш-ұйқыш арандарға тұра қалады, олардың табанындағы чиптер арқылы компьютер денінің саулығын, көңіл күйін, тіпті күйлегенін де анықтайды. Осыған сәйкес әрекеттер де жасалады.
Е.Мәмбетовтің кеудесіндегі «Құрмет» ордені еңбегінің мемлекеттік деңгейде еленгенін айғақтайды. 2012 және 2022 жылдары «Парыз» сыйлығын жеңіп алды. Өзі қарапайым, әңгімеге жоқ. Нағыз істің адамы. Қолға алған ісін жоғары сапаға жеткізе алатын, ізденгіш, табанды азамат екенін дәлелдеп жүр. Төрт баланың әкесі. Қазір үлкен ұлы әке жолын қуып, ауыл шарушылығымен айналысады. Міне, ауылдан ажырамаған азаматтың жеткен жетістігі осындай.
Солтүстік Қазақстан облысы