Экология • 01 Ақпан, 2023

Ел сенімін жалғаған жоба

426 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жағалауындағы елді тарықтырмаған Аралдың аңқасы кеуіп, байырғы жұрттан береке қаша бастағанда бой көтерген Көкарал бөгеті – теңізді өңірдің тіршілігін қайта өрістеткен құрылыс. 2006 жылы САРАТС жобасы аясында пайдалануға берілген ұзындығы 13 шақырымдық тоспа кіші теңіздегі су деңгейінің көтеріліп, тұздылығы төмендеуіне сеп болды. Көкарал салын­ғалы бері айдында азая бастаған балық түрлері көбейіп, ел ежелгі кәсібіне қайта оралды. Балық аулау көлемі еселеп артып, кіші теңіз жағасындағы жұрт еңсе тіктеді.

Ел сенімін жалғаған жоба

Бірақ осыдан 6 жыл бұрын гидротехникалық құрылыстарды зерттеу жөніндегі құрылған ко­мис­сия бөгеттің су тастау құры­лысының оң жақ жағажай еңістігі сумен шайылып, зақымдалғанын анықтаған еді. Аз уақыттың ішінде су шайған жер көлемі 200 метр­ге жеткенде алда болар апаттың белгісі байқалған. Айт­қан жерден аулақ, егер Көкарал бұзылса, Кіші Аралдағы ұшан судың келешегі туралы болжам айту қиын. Осыдан да 2019 жылы облысқа сапары барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен облыс әкімдігіне бөгетті қалпына кел­тіру бойынша шаралар қа­былдауды тапсырды.

Осыдан кейін екі елге ортақ айдын болған Аралдың, кіші те­ңізді сақтап тұрған Көкарал бөге­тінің мәселесі Өзбекстан мен Қазақстан Парламенті Сенатында жан-жақты қаралып, бірлескен топ арнайы сапарлап, тоспаның қазіргі жағдайымен танысқан еді.

Президент тапсырмасына сәйкес республикалық бюджет­тен «Көкарал бөгетін сақтап қалу және Сырдария өзенінің атырауы­н қалпына келтіру» жо­басының жо­балық-сметалық құжаттамасы әзір­леніп, былтыр мемлекеттік са­раптаманың оң қорытындысы алынды. Алда Ақшауыт учаскесінде арна тү­зеуші бөгет салып, Көкарал бө­гетінің жоғары еңісін жөндеу-қал­пына келтіру жұмыстары тұр. Реттеуші құрылыстарымен бірге Қарашалаң көлі арқылы 2 арна түседі, Бөген-Қамыстыбас автожолына өткел салынып, Қара­шалаң көлі мен Сырдария өзені аралығындағы бұзылған бөгет қалпына келтіріледі.

Жалпы, 4,5 млрд теңге жұм­са­латын «Көкарал бөгетін сақтап қалу және Сырдария өзенінің атырауын қалпына келтіру» жобасы то­лық жүзеге асқанда бөгет ны­ғайып, су айналымы қалпына келеді, су­дың тұздану деңгейі тө­мендеп, ба­лықтың ұлы теңізге қарай өтуі азаяды. Былтыр респуб­ликалық бюд­жет­тен жобаны бастауға 500 млн теңге бөлініп, тап­сырыс беруші мен мердігер ара­сында жасалған шартқа сәйкес құрылыс-монтаж жұмыстары жүр­гізілді. Алғашқы кезекте 20-дан аса техника мен 40-қа жуық адам жұмылдырылды. Жыл аяғында Арал ауданы Бөген ауылдық округінде орналасқан Сарытерең каналын қазу басталды. Бұл 1500 гектардан аса шабындық аумақты суландырып, Кіші Арал теңізін суға толтырып, оны тұщытуға мүм­­­кіндік бермек. Сарытереңмен қатар Тұщы, Қарашалаң-1, Қа­ра­­­ша­лаң-2 каналдарына да меха­ника­лық тазарту жұмыстары жүргізіледі. Ны­санды бақылап, оған қа­тысты қабылданған шаралардың орын­далуын қадағалау облыстық та­биғи ресурстар және таби­ғат пай­да­­ла­ну­ды реттеу басқарма­сына жүк­тел­ген.

Көкарал – стратегиялық маңы­зы бар нысан. Теңіз тартылғалы асарлап салған талай тоспасын су шайып, үміті желге ұшқан елдің ертеңге сенімін жалғап тұрған да осы – алып бөгет. Сондықтан да өңір халқы Мемлекет басшы­сының бастамасымен қолға алын­ған «Көкарал бөгетін сақтап қалу және Сырдария өзенінің атырауын қалпына келтіру» жобасынан көп жақсылық күтеді.

Айтпақшы, бөгет салынған алғашқы жылдары Кіші Аралға қажетті су 7-8 жылда жиналады деген болжам жасалған еді. Алай­да айналасы 2 жылдың ішін­де айдынның кенересі толып, көп игілігіне жараған. Бірақ кейінгі 3-4 жылда Сырдария өзені сарқылып, күміс алқадай теңіз­дің де көлемі кішірейе бастады. Дегенмен де биыл дария деңгейі көтеріліп, ай­дынға құйылған су молайды. Бұл да бар тіршілігі те­ңізбен байланысты жұрттың үміт, қуанышын еселеп отыр.

 

Қызылорда