Саясат • 02 Ақпан, 2023

Елімізге сапасыз дәрі-дәрмектің келуін қадағалау керек - сенатор

330 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенатор Ақмарал Әлназарова елімізге сапасыз дәрілік заттардың келіп жатқаны туралы Премьер-министрдің атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елімізге сапасыз дәрі-дәрмектің келуін қадағалау керек - сенатор

Депутаттың айтуынша, Өзбекстандағы дәрі-дәрмектерді қолдану салдарынан 19 баланың қайтыс болуына байланысты қайғылы жағдай елімізге әкелінетін дәрі-дәрмектердің қаупін мұқият қадағалау қажеттігін дәлелдеп отыр. Ақмарал Әлназарова Қазақстанда тіркелмеген дәрі-дәрмектерді әкелуге бірнеше рет бір реттік рұқсат беру осындай қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін екенін атап өтті. Қазіргі уақытта нарықта отандық және шетелдік өндірушілердің тіркелген өнімдері болған жағдайда да бір реттік импорт кеңінен қолданылып келеді.

«Мұндай тәжірибе ресми түрде әкелінетін тіркелген препараттарды жеткізушілерді де елеулі қатерге ұшыратып отыр. Бұл жалпы отандық фармацевтика саласының инвестициялық тартымдылығына нұқсан келтіреді. Мұндай қос стандарттар адал өндірушілердің сапалы препараттарын нарықтан ығыстырып шығаруына әкеліп соғады», деді Ақмарал Әлназарова.

Сенатор сонымен қатар қолданыстағы дәрі-дәрмектер бағасын реттеу ісінің нашарлығы мен сол жүйенің күңгірттігі туралы проблемаларды да атап өтті. Барлық дәрі-дәрмектердің белгіленген шекті бағасы болуы керек. Алайда қажетті тіркеу құжаттарының болмауына байланысты біржолғы препараттарға шекті бағалар белгіленбей келеді.

«Халықтың сапалы, қауіпсіз және тиімді дәрілік заттарға қолжетімділігін жақсарту және ішкі нарықты толық қамтамасыз ету мақсатында дәрілік заттар айналымын реттеу жүйесінің тәсілдерін қайта қарау керек. Фармацевтикалық өнімнің жаңа түрлеріне жедел қол жеткізе алатын және дәрілік заттардың бағасын реттеудің ашықтығын қамтамасыз ететін тіркеу рәсімдерін оңтайландыру қажет. Мемлекет елімізде ұдайы жетіспейтін немесе табылмайтын бірқатар препараттың өндірісін жолға қою үшін инвестиция беріп қолдау жасауды, сондай-ақ осындай позицияларды тіркеуді бақылау мен шығындарын өз мойнына алуы тиіс», деді Ақмарал Әлназарова.

 

Гүлшахра САНСЫЗБАЙ

Соңғы жаңалықтар

Серіктестік құқы қорғалды

Инвестиция • Кеше

Тұмаудан амансыз ба?

Денсаулық • Кеше

«Cyberpol»-ға жұмыс көп

Құқық • Кеше