Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров саяси науқан кезеңінде сайлаушыларға тиімді жағдай жасау маңызды екенін атап өтті. Отырыста сайлаушылардың бюллетеньдерді суретке түсіру және сайлау кезінде учаскеде бейнебақылау жүргізу мәселелері талқыланды.
– Соңғы уақытта қоғамда сайлау бюллетеньдерін суретке түсіруге және оны таратуға заң жүзінде тыйым салу мәселесі жиі көтеріліп жүр. Бюллетеньмен селфиге түсу фактілері, әсіресе, бюджеттік сала қызметкерлері арасында жиі кездеседі. Көпшілік «оларды сайлау учаскесіне баруға итермеледі, есеп үшін суретке түсті» деген пікір айтады. Сол себепті, бұл мәселені сарапшылық кеңестің күн тәртібіне шығарып отырмыз, – деді Нұрлан Әбдіров.
Жасыратыны жоқ, елімізде әр сайлау кезінде көптеген студент «университетіміз бізді сайлауға баруға не белгілі бір кандидатқа дауыс беруге мәжбүрлейді, дегенін істемесең, бұл бағаңа әсер етуі мүмкін» деп шағымданады. Мұғалімдер мен дәрігерлердің сайлау учаскесінде түскен суреттері де қоғамда түрлі пікір қалыптастырып отыр. Бірі «дауыс беруге итермеледі» деген пікірді ұстанса, енді бірі «әр студенттің сайлауға немесе елде болып жатқан басқа да саяси оқиғаларға қатысты көзқарасы әртүрлі болуы мүмкін. Университетте сабақ беретін оқытушылар, жатақхана коменданты немесе басқа да қызметкерлер студентке тек «Сайлауға қатысу – әр азаматтың борышы» деп түсіндіруге тырысады. Ал студент оны «мәжбүрлеу» деп ұғуы мүмкін» деген пікірде. Не десек те, Орталық сайлау комиссиясының отырысында бұл мәселенің қаралуы бекер емес. Құзырлы орган алдағы уақытта осы мәселеге қатысты заң жүзінде нақты шешімдер қабылдауды көздеп отыр.
Сарапшылық кеңестің мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Индира Әубәкірова басқосуда халықаралық тәжірибелер жайлы айтып, нақты мысалдар келтірді. «Әлемдегі сайлау жүйесіне зер салсаңыз, бір-біріне қарама-қарсы түрлі заңнамалар бар. Мысал ретінде АҚШ-ты алайық. Онда жарты штатта бюллетеньдермен суретке түсу рұқсат етілсе, қалған штаттарда рұқсат етілмейді», дейді ол.
Нақтыласақ, сайлауда өз-өзін суретке түсіруді 18 штат заңсыз деп тапқан. Мысалы, Иллинойс штатында дауыс беру кабинасында суретке түсу ауыр қылмыс саналады. Тіпті 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Колорадо штатында да мұндай суреттерге түсуге болмайды. Нью-Джерсидің заңы бойынша дауыс берушіге суретке түсуге рұқсат берілмесе де, ол өз таңдауын әлеуметтік желіде жариялай алады. Әрине, бұл бюллетеньді ешкімге көрсетпеу керек деген қауіпсіздік шараларынан туындаса керек. Ал Колумбия округі мен басқа 19 штат селфи жасауға рұқсат берген. Қалған штаттарда заң әлі анық емес.
Сайлау учаскесіндегі сайлаушылардың дауыс беру ережесі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңында көрсетілген. Дауыс беруге арналған бөлімшеде адамдар дауыс берудi өткiзу жөнiндегi комиссия белгiлеген ережелердi қатаң сақтауға мiндеттi екені көрсетілген. Сайлау бөлімшесінде фото және бейнежазба жүргізуге болады. Сайлау ашық және әділ өтуі үшін БАҚ өкілдері секілді кез келген дауыс беруші де фото және бейнежазба жүргізе алады. Себебі дауыс беруші – сайлау үдерісінің мүшесі.
Бюллетенге қарындашпен белгi қоюға, сондай-ақ оған қандай да болсын түзету енгiзуге жол берiлмейдi. «Тиiстi сайлау комиссиясының төрағасы бiр мезгiлде дауыс беруге арналған бөлімде сайлаушылардың санын реттейдi, тәртiпке жауапты болады. Сондай-ақ заңның ережелерiн бұзып, дауыс берудi өткiзуге кедергi келтiрген кез келген адамның ол жерден кетуiн талап етеді. Сайлау күнi дауыс беруге арналған бөлімде сайлау үдерісіне қатысы жоқ бөгде адамдардың болуына тыйым салынған. Сайлауда дауыс құқығын басқа бiреуге беруге және сол сияқты басқа адам үшiн дауыс беруге болмайды. Сайлау бюллетені сайлаушыларға жеке басын куәландыратын құжаты көрсетілген кезде ғана берiледi. Кейін ол бюллетеньді алғаны туралы арнайы қағазға қол қоюға тиіс», деп көрсетілген заңда.