Қоғам • 05 Ақпан, 2023

Қамкөңілге демеу болған

314 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Көліктері әрі-бері ағылған көшелердің бірінде келе жатқан едім, жол жиегінде бала жетектеп тұрған бір ана қол көтер­ді. Тоқтап, баратын бағытын сұрасам, бес жасар ұлын ауру­ха­на­ға алып бармақ екен. Мекенжайы – «Қамқорлық» балаларды оңалту орталығы. «Басы ауырмағанның Құдаймен ісі жоқ» демекші, ығы-жығы қала ішінде мұндай орталықтың барын бұрын кім білген.

Қамкөңілге демеу болған

Жол бойы анасы баласының жүру қабілеті жетілмеген ме­шел­­­дігі барын, аталған ор­та­­лық­тағы мамандардың кө­ме­гі­мен баласы енді-енді қадам баса бастағанын айтты. Меже­лі жерге жеткенше оңалту орталы­ғы­ның ерекшеліктерін, алған қамқорлықтарын айтып мені де еліктіріп қойды. Журналист болған соң орталықтың тыныс-тіршілігімен танысуға қызығу­шы­лығым оянды. Сонымен орталық­тың әкімшілігінен рұқ­сат алып, ішке кірдік. Кіре­бе­рістен «Қамқорлық» бала­ларды оңалту орталығы дирек­то­рының орынбастары Динат Ерікұлы қарсы алып, орталықты таныс­тырып шықты.

2020 жылдың желтоқсан айында ашылған ерекше қажет­ті­лігі бар балаларды оңал­ту орта­лығы №1 қала­лық ба­лалар ауруханасында орна­ласыпты. Орталықта туабітті кеміс­тігі бар сәбилер мен жас­өс­пірімдерге ақысыз кешенді медициналық кө­мек көрсетіледі екен.

Динат Ерікұлының айтуын­ша, бүгінгі таңда балаларды оңал­ту іс-шаралары «Меди­ци­налық оңалту қағидаларын бекіту туралы» Денсаулық сақ­тау министрінің 2020 жылғы 7 қазан­дағы бұйрығына сәй­кес жүр­гізіледі. Бұл – «Қам­қор­лық», «Ерте араласу» орта­лы­ғы, Республикалық оңал­ту орталығы және «Ұлттық ба­ла­­­ларды оңалту орталығы» оңал­­­ту орталықтарында жүр­гі­зі­ле­­ді. Сонымен қатар ал­ғаш­­­қы медициналық-санитар­лық көмек ұйымдарында және Астана қаласының «Маман­дандырылған балалар үйін­де» күндізгі түрі бойынша оңалту орталықтары жұмыс істейді. Мұндай оңалту көмегі ем­ха­на­лардың арнайы жол­да­масы ар­қы­лы оңалту орта­лық­та­рын­да ем­деле алады-мыс.

– Қазір елімізде балалардың ден­саулығын сақтау және әлеу­­меттік қорғау тетіктері мей­лінше жетілді. Біздің орталық 0 жастан 18 жасқа де­йінгі балаларға ке­шенді оңалту көмегін көр­сетеді. Күн­дізгі стационар бойынша әр 21 күнде 50-ден аса бала емделеді. Жалпы, бір жылда оңалту орталығы 600-ден аса баланы емдейді. Оңалту үшін қозғалыс дағдыларын дамы­ту­дың заманауи техноло­гия­лары қолданылады. Бала­лармен жоғары білікті невропатологтер мен реабилитологтерден басқа психологтер, дефекторлар айналысады. Сонымен қатар ЕДШ, физиотерапия, жарықпен емдеу, су массажы, логопед және дефектолог мамандардың күн­де­лікті жеке сабақтары бар, – дейді Динат Ерікұлы.

Тәжірибелі мамандар қызу жұмыс істеп жатқан орталықтағы арнайы жабдықталған 15 түрлі кабинетті түгел аралап шық­қан кезде денінде дерті бар бала­ларға деген мемлекеттің ерек­ше қамқорлығын өз көзіміз­бен көріп, көңілге көп жайт­ты түйіп қайттық. Тіпті кейбір ка­­би­неттен өзіңнің де шық­қың кел­мейді. Арнайы тазар­тыл­ған құм астынан алуан түрлі сәуле шашырап көзді арбайды. Тағы бірінде баланың қимыл-қоз­ға­лы­сын дұрыс қалып­тас­ты­ра­тын ақылды құрыл­ғы, қи­сық ағашты тезге салып түзеткендей жұмыс істеп жат­қа­нын көресің. Енді бірінде тұмса табиғаттың ғажайып пейзаждарының персонажы көрініс береді. Шыны ішінде дөңгелеп жоғары шап­шы­ған маржан көбіктер. Қарап тұрсаң, еріксіз арбалып тұра бер­гің келеді. Әр кабинетте ба­ла­­мен бірге балаша ойнап отыр­ған түрлі маман.

Орталықтың берген мәліме­тін­ше, қазір еліміздің әр өңі­рі­нен ашылған 15 «Қамқор­лық» балаларды оңалту ор­талығы жыл сайын 9 мың ба­ла­ны емдеп шығарады. Бұл ор­талықтар соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдықтарды Ұлы­британия, АҚШ, Гер­мания, Аустрия, Италия, және Ресей секілді елдерден әке­ліп­ті. Қазір мұндай құнды құ­рыл­­­ғылар еліміз бойынша «Қам­қор­лық» орталықтарынан ғана кездестіруге болады. Оңалту ор­та­­лықтарына қажетті жаб­дық­­тарды алуға жобаның бас серіктесі «Самұрық-Қазы­на» АҚ әлеуметтік жобалар­ды дамыту қоры және «Нұрсұлтан Назарбаев» қоры қаржы­лан­ды­рады.

– Орталық мамандары әр балаға қалпына келтіру емінің жеке бағдарламасын жасайды. Олар балалардағы аурулардың ерекшеліктерін ескереді. Орта­лық­қа келетін балаларда кө­бінесе жүйке жүйесі аурулары, туабітті ақаулар мен хро­мо­сомалық бұ­зы­лыстар бай­­қалады. Сонымен қатар пси­хи­­касындағы ахаулары бар ба­ла­лар көп. Соның ішінде жүруден, қимыл-қозғалыс жасаудан психологиялық тұрғыда құлықсыз балалар болады. Олар­ды әртүрлі тәсілмен же­­тіл­­діріп шығарамыз, – дейді орта­­­лықтың психолог маманы Әйгерім Қасым­бекова.

Құр сүлдері ғана бар селқос балалар, қимыл-қозғалысы жоқ (бұл көзге көрінгені ғана) және әртүрлі кемістігі бар сә­билерге қарап, сәл тосылып қал­ғанымызбен, мұндағы ма­ман­­дардың жұмысы, техно­ло­гияның жетістігі адам кө­ңі­ліне үміт ұялатпай қой­майды. Мұнда келіп, балаларын емдетіп жүрген ата-аналардың да жүзі­нен күдіктен гөрі үміттің лебі есе­ті­нін байқадық.

Орталықта ем алып жатқан Ибрагим Бақыткелдінің әжесі ерекше қажеттілігі бар балалар мен ата-аналарына көрсеткен көмегіне шын жүректен алғыс айтып, немересінің оңалтудан кейінгі жағдайын айтып берді.

– Мен – Ибрагимнің әже­сімін. Біз бұл орталыққа не­мерем аяғының ұшымен ба­са­­­тындықтан, сондай кіш­кене кемдігі болған соң осы орта­лыққа емделуге келген едік. Мұн­­дағы дәрігерлер ақжарқын көңіл­мен қарсы алды. Бұл жер балапанымыз екеумізге өте жақты. Осы ретте Сағадат Мақ­сат­­қызының еңбегін ерекше айтқым келеді. Данияр мырза аяғымызға тренажер жасайды, Әлия ханым физио ем-шарасын жасайды. Әйгерім, Гүлзат қатарлы дәрігердің де еңбегі ерекше. Тегін емделіп жатырмыз. Баламыз оңалып келеді. Мемлекетің мейіріміне бөленіп, қамқорлығына қарық болдық деген осы емес пе, қарағым, – дейді Халима әжей.

Тағы бір ем алып жатқан Ербол есімді балақай қазір сел­қос жатуды қойған, төсектен өз­ді­­гінен түсіп, аяғын жерге ті­рей алады, еңбектеуге тырысады.

– Мұнда үш апталық курстан өтіп жатырмыз. Тәуба, оңалып келеміз. Барлық жерде ем-дом қабылдау ақылы әрі біз үшін өте қымбат, ал тегініне ұзын-сонар кезектің кесірінен кіре алмаймыз. Ал бұл орталықта барлығы жоғары деңгейде әрі тегін. Ең әуелі орталықтың ма­­ман­дарына алғыс айтамын, әсі­ресе Сағадат Мақсатқызы мен Әйгерім Ғалымжанқызына рахмет. Өте мықты психолог, – деді Ербол Дінмұхамедұлының анасы.

Бұдан басқа да ата-аналар ннновациялық техноло­гия­ларға негізделген сапалы әрі тиім­ді ке­шенді оңалту орталы­ғындағы ұжымның жұмы­сына дән риза еке­нін жеткізді.

Адамзат өрке­ниеті әуелі сынық таңу­дан басталған деген тәмсіл бар. Медицинаның және оған қажетті техно­логияның кемелденіп жетілген заманында туған әр адам ғылымның табысын сезіне алады деп есептейміз.

 

Бақытбек ҚАДЫР,

журналист