Әрине, табысты тірлік татулықтан бастау алады. Аудан халқының бірлігін бекемдей түсу үшін Қаракемер, Масаншы, Сортөбе, Ауқатты, Қарасу, Қарасай ауылдық округтерінің ардагерлерінен бірлескен қоғамдық келісім кеңесі құрылды. Кеңес құрамына ауылдағы беделді ауыл ақсақалдары мен жергілікті кәсіпкерлер енді.
Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен Қордай ауданына «Бірлік түбі – береке» атты мәдени керуен келіп, ауылдарда арнайы іс-шаралар ұйымдастырды. Ұлтымыз бөлек болғанымен Отанымыз Қазақстанның мемлекеттік тілін бәріміз білуге тиіспіз. Бұл жағынан да үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Мәселен, Масаншы, Сортөбе, Ауқатты, Қаракемер, Қарасу округтерінде орналасқан мектептердің базасында 2020 жылдың 24 ақпанынан бастап Тіл орталығының ұйымдастыруымен қазақ тілін жеделдетіп оқытатын курстар ашылды. Онда өзге ұлт өкілдерін құрайтын педагогтер мен мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің тәрбиешілері қатысып, білікті мұғалімдерден мемлекеттік тілді үйренді.
Мемлекеттік тілді үйретумен қатар, адами қасиеттерді кеңінен насихаттауда жұмыс жүргізетін «Имамдар үйі» орталығы да ашылған болатын. Сортөбе ауылынан ашылған «Имамдар үйінде» облыс имамдары бас қосып, қоғамдағы түрлі тақырыптарды талқылайды. Өмірдің құндылығын ұғындырып, кемелдікке шақыратын келелі іс-шаралар ұйымдастырып отырады. Ауданда жалпы 64 мешіт бар. Өзге этнос өкілдері тығыз шоғырланған ауылдық округтердегі мешіт қызметкерлеріне арналған курстар ұйымдастырылады. Мешіттерде уағыз-насихат жұмыстарының мемлекеттік тілде өткізілуі қолға алынып, жұма сайынғы уағыздар қазақ тілінде жүргізіледі.
Ауданда жастарды, түрлі этнос шоғырланған аумақтарда ауыл жұртына беделді, сөзі өтімді этнос өкілдерін қатыстырып, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мақсатындағы іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. Сонымен қатар жастар арасында ерте діни некеге тұруға жол бермеу бойынша да түрлі жұмыстар жүргізіліп, бақылау күшейтілді. Өңірдегі этностарды қазақстандық интеграцияға бейімдеу саясаты қарқын алып келеді.
Сонымен қатар ауылдық округтерде қоғамдық-саяси жағдайға ықпал ете алатын белсенді, беделді азаматтардан топтар құрылды. Елді мекенде қандай да бір оқиға орын алған жағдайда, беделді жастардан құрылған топ профилактикалық түсіндіру жұмысын жүргізеді. Ауданда жастар арасында және түрлі ұлт өкілдер көп шоғырланған ауылдарда ұлтаралық қарым-қатынасты нығайту мақсатында аудандық ардагерлер, қоғамдық келісім, қоғамдық кеңестер ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп тұрақты түрде іс-шаралар өткізеді.
Қордай, Кенен, Бетқайнар, Масаншы, Сұлутөр, Қарасай, Степной, Қайнар ауылдық округтерінде аула клубы жұмыс істейді. Аула клубтарының жетекшілері «Жастар ресурстық орталығы» КММ мамандарынан тағайындалған.
Этносаралық қатынас, ұлттар бірлігін сақтау, насихаттау мақсатында аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, аудандық мәдениет үйі, аудандық орталық кітапхана мен тілдерді оқыту орталығы тарапынан да өзге ұлт өкілдерінің қатысуымен кездесулер, байқаулар, дөңгелек үстелдер мен семинарлар, кітап көрмелері, аймақтық коучинг ұйымдастырылады. Сонымен қатар мемлекеттік тілді оқыту курстары тұрақты өткізіліп отырады.
Аудан тұрғындары да бір-біріне деген жанашырлық, бауырмалдық ниетте қайырымдылық іс-шараларына да атсалысады. Атап айтқанда, «Жамбыл облыстық «Вынхуа» дүнгендер этномәдени орталықтары» қоғамдық бірлестігінің меценаты Л.Буларов, бірлестік төрағасы А.Идыбо және бірлестік кәсіпкерлері қаңтар оқиғасына байланысты «Күшіміз бірлікте», «Жақсылық айы», «Құдайы тамақ», «Жылу», «Мейірімділік керуені», Алғыс айту күніне «Берекеміз – бірлікте», «Жан жылуы» акцияларын, Наурыз мерекесіне орай облыстық ассамблеяның «Мейірімді жүрек», Құрбан айт мерекесіне орай «Ізгілік айы» іс-шараларын ұйымдастырды. Сонымен қатар «Мектепке жол» акциясына да үлес қосты. Қостанай облысындағы қайғылы оқиғаға көмек жіберіп, Республика күніне орай «Жанашыр жүрек» қайырымдылық акциялары аясында жалпы 19 млн 700 мың теңгеге қайырымдылық көмек жасады. Аталған акциялар бойынша «Отечество» славян этномәдени орталығының төрағасы Л.Харченко және бірлестік өкілдері де көмек көрсетті. «Мектепке жол» акциясы аясында Республикалық «Архыз» қарашай-балқар этонмәдени бірлестігінің Жамбыл филиалының өкілі Т.Апаева Қордай ауданындағы көпбалалы отбасының екі баласына мектеп құралдарын сатып алып берді. Қордай аудандық «Ахыска» түрік этномәдени орталығының төрағасы Камиля Дургалова 1 млн 500 мың теңгеге, «Вайнах» чешен-ингуш этномәдени орталығының төрағасы Э.Хазбулатов 700 мың теңгеге аз қамтылған отбасыларға, ардагерлерге азық-түлік себетін таратты.
Ал халықтың тұрмыстық жағдайына келер болсақ, алдымен газ, ауызсу, жол мәселелері ойға оралады. Бүгінгі таңда аудандағы 41 елді мекеннің 34-і газбен қамтылған. Қалған 7 елді мекенді 2025 жылға дейін толық көгілдір отынмен қамту жоспарланып отыр.
«Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасымен ауданның Кенен ауылында 2021 жылы жеті көше ағымдағы жөндеуден өтті. Осы бастамамен 2022 жылы қалған көшелер де жөнделді. Ауданның орталығында, өзге де ауылдарында бұл мәселелер өз кезегімен оң шешімін тауып жатыр.
Халықтың тағы бір қажеті – табыс көзі болар кәсіп. Бұл жағынан да мемлекет тарапынан қолдау көріп отырмыз десем, артық емес. Атап айтсам, тың бизнестік идеясы бар азаматтарға жобасын жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан арнайы гранттар берілді. Мұндай мемлекеттік грантқа біздің ауданнан 253 азамат ие болды.
Ауданның негізгі кәсіп көзі – ауыл шаруашылығы. Әсіресе қыс мезгілінде мал қыстатудың жайы аса маңызды. Сондықтан ауданда мал қыстату бойынша жедел штаб құрылған. Топ мүшелері екіге бөлініп, табиғат тосын мінез танытып, ауа райы күрт бұзылған кезде мал қыстақтарын аралап тұрады. Штаб мүшелері малшылардың қажеттілігіне қарай көмек көрсетуге міндеттелген. Жалпы, аудан бойынша 510 қыстау орны мен малшылардың үйі бар. Оның ішінде 14 мал қорасы шалғайдағы мал қыстағында орналасқан. Ал мал қыстайтын қораларға баратын жолдарын, қоралардың айналасын қалың қар түскенде мал иелерімен шаруа қожалық басшылары өздерінің қолда бар техникаларымен тазалайды. Мал қыстату барысында пайдаланатын техникадан 652 трактор тіркемелері және 198 көлік мал иелері мен шаруа қожалықтарында тіркелген. Биылғы жыл мал азығын дайындауға өте қолайлы болды. Соның арқасында шаруалар өздеріне қажетті жемшөбін жеткілікті көлемде дайындап үлгерген.
Тағы бір ауыз толтырып айтуға тұрарлық мәселе – ауданда 2020 жылдың қыркүйегінен бастап жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған «Мейірім» жобасының іске асырылуы. Жоғарыда аталғандай, аудандағы 107 балаға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында оларға мекемелер мен жауапты тұлғалар бекітіліп, «Отбасы банкінде» 107 баланың барлығына арнайы есепшоттар ашылған. Мұны нағыз елдің ертеңіне жасалған қайырымды жоба деуге болар.
Ең бастысы, татулық пен тыныштық болса, алынбас асу жоқ. Тіліміз басқа болғанымен – тілегіміз бір, жүзіміз басқа болғанымен – жүрегіміз жерлестерімізбен, отандастарымызбен ауызбірлікті сақтауды басты мақсатымыз деп білеміз. Мемлекет билігі тарапынан да халық арасындағы татулықты сақтап, елдің жағдайын жақсарту үшін де барынша қолдау көрсетіліп жатқанын да баса айтқым келеді. Барлық тіршілік татулықтан басталады.
Дыдыр ДВУМАРОВ,
Жамбыл облысы Қордай ауданы Масаншы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы