Ауыл • 06 Ақпан, 2023

Тіршіліктің темірқазығы – татулық

263 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Бірлік бар жерде тірлік бар» деген сөздің дәлелін өмір өзі көрсетіп келеді. Осыдан 3 жыл бұрын ауданымызда орын алған оқиға татулықпен талай табысқа жететінімізді тағы да көрсетті. Осы жылдар аралығында ауданымызда тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін көптеген игі іс жүзеге асырылды. Бірнеше ұлт өкілінен құралған аудан тұрғындарына мемлекеттік тілді үйретуге, халықаралық бірлікті нығайтуға бағытталған және әлеуметтік жағдайды жақсартуға негізделген ауқымды жұмыс атқарылды.

Тіршіліктің темірқазығы – татулық

Әрине, табысты тірлік татулықтан бастау алады. Аудан халқының бірлігін бекемдей түсу үшін Қаракемер, Масаншы, Сортөбе, Ауқатты, Қарасу, Қарасай ауыл­дық округтерінің ардагерлерінен бір­лес­кен қоғамдық келісім кеңесі құрылды. Кеңес құрамына ауылдағы бедел­ді ауыл ақсақалдары мен жергілікті кәсіп­керлер енді.

Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен Қордай ауданына «Бірлік түбі – береке» атты мәдени керуен келіп, ауылдарда арнайы іс-шара­лар ұйымдастырды. Ұлтымыз бөлек бол­ғанымен Отанымыз Қазақстанның мем­лекеттік тілін бәріміз білуге тиіспіз. Бұл жағынан да үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Мәселен, Масаншы, Сортөбе, Ауқатты, Қаракемер, Қарасу округтерінде орна­ласқан мектептердің базасында 2020 жылдың 24 ақпанынан бастап Тіл орталы­ғы­ның ұйымдастыруымен қазақ тілін жеделдетіп оқытатын курстар ашылды. Онда өзге ұлт өкілдерін құрайтын педагогтер мен мектепке дейінгі білім беру меке­ме­лерінің тәрбиешілері қатысып, бі­лікті мұғалімдерден мемлекеттік тілді үйренді.

Мемлекеттік тілді үйретумен қатар, адами қасиеттерді кеңінен насихаттау­да жұмыс жүргізетін «Имамдар үйі» ор­та­­лығы да ашылған болатын. Сортөбе ауы­лынан ашылған «Имамдар үйінде» облыс имамдары бас қосып, қоғамдағы түрлі тақырыптарды талқылайды. Өмір­дің құндылығын ұғындырып, кемел­дік­ке шақыратын келелі іс-шаралар ұйым­дас­ты­рып отырады. Ауданда жалпы 64 мешіт бар. Өзге этнос өкілдері тығыз шоғырланған ауылдық округтердегі ме­шіт қызметкерлеріне арналған курс­тар ұйым­дастырылады. Мешіттерде уағыз-на­си­хат жұмыстарының мемлекет­тік тілде өткізілуі қолға алынып, жұма са­йын­ғы уағыздар қазақ тілінде жүр­гі­зі­леді.

Ауданда жастарды, түрлі этнос шоғыр­ланған аумақтарда ауыл жұртына беделді, сөзі өтімді этнос өкілдерін қатыс­тырып, қазақстандық патриотизмді қалып­тастыру мақсатындағы іс-шаралар ұйым­дас­ты­ры­лып тұрады. Сонымен қатар жастар арасында ерте діни некеге тұруға жол бермеу бойынша да түрлі жұмыстар жүргізіліп, бақылау күшейтілді. Өңірдегі этностарды қазақстандық интеграцияға бейімдеу саясаты қарқын алып келеді.

Сонымен қатар ауылдық округтерде қоғамдық-саяси жағдайға ықпал ете алатын белсенді, беделді азаматтардан топтар құрылды. Елді мекенде қандай да бір оқиға орын алған жағдайда, беделді жас­тардан құрылған топ профилактикалық түсіндіру жұмысын жүргізеді. Ауданда жастар арасында және түрлі ұлт өкілдер көп шоғырланған ауылдарда ұлтаралық қарым-қатынасты нығайту мақсатында аудандық ардагерлер, қоғамдық келісім, қо­ғамдық кеңестер ауылдық округ әкім­де­рімен бірлесіп тұрақты түрде іс-шаралар өткізеді.

Қордай, Кенен, Бетқайнар, Масаншы, Сұлутөр, Қарасай, Степной, Қайнар ауылдық округтерінде аула клубы жұмыс істейді. Аула клубтарының жетекшілері «Жастар ресурстық орталығы» КММ ма­ман­дарынан тағайындалған.

Этносаралық қатынас, ұлттар бірлігін сақтау, насихаттау мақсатында аудан әкім­­дігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, аудандық мәдениет үйі, аудандық орталық кітапхана мен тілдерді оқы­ту орталығы тарапынан да өзге ұлт өкілдерінің қатысуымен кездесулер, бай­­қаулар, дөңгелек үстелдер мен семинар­лар, кітап көрмелері, аймақтық коучинг ұйымдастырылады. Сонымен қатар мемлекеттік тілді оқыту курстары тұрақты өткі­зіліп отырады.

Аудан тұрғындары да бір-біріне деген жанашырлық, бауырмалдық ниетте қайырымдылық іс-шараларына да атсалысады. Атап айтқанда, «Жамбыл облыстық «Вынхуа» дүнгендер этномәдени орта­лық­тары» қоғамдық бірлестігінің меценаты Л.Буларов, бірлестік төрағасы А.Идыбо және бірлестік кәсіпкерлері қаңтар оқиғасына байланысты «Күшіміз бірлікте», «Жақсылық айы», «Құдайы та­мақ», «Жылу», «Мейірімділік кер­у­ені», Алғыс айту күніне «Берекеміз – бірлікте», «Жан жылуы» акцияларын, Наурыз мерекесіне орай облыстық ассам­блея­ның «Мейірімді жүрек», Құрбан айт мерекесіне орай «Ізгілік айы» іс-шараларын ұйымдастырды. Сонымен қатар «Мектепке жол» акциясына да үлес қосты. Қостанай облысындағы қайғылы оқиғаға көмек жіберіп, Республика күніне орай «Жанашыр жүрек» қайырымдылық акциялары аясында жалпы 19 млн 700 мың теңгеге қайырымдылық көмек жасады. Аталған акциялар бойынша «Отечество» славян этномәдени орталығының төр­­­а­ғасы Л.Харченко және бірлестік өкіл­дері де көмек көрсетті. «Мектепке жол» акциясы аясында Республикалық «Ар­хыз» қарашай-балқар этонмәдени бір­­лес­тігінің Жамбыл филиалының өкілі Т.Апаева Қордай ауданындағы көп­балалы отбасының екі баласына мектеп құралдарын сатып алып берді. Қордай аудандық «Ахыска» түрік этномәдени орталығының төрағасы Камиля Дургалова 1 млн 500 мың теңгеге, «Вайнах» чешен-ингуш этномәдени орталығының төрағасы Э.Хазбулатов 700 мың теңгеге аз қамтылған отбасыларға, ардагерлерге азық-түлік себетін таратты.

Ал халықтың тұрмыстық жағдайына келер болсақ, алдымен газ, ауызсу, жол мәселелері ойға оралады. Бүгінгі таңда аудандағы 41 елді мекеннің 34-і газбен қамтылған. Қалған 7 елді мекенді 2025 жылға дейін толық көгілдір отынмен қамту жоспарланып отыр.

«Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдар­ла­масымен ауданның Кенен ауылында 2021 жылы жеті көше ағымдағы жөндеуден өтті. Осы бастамамен 2022 жылы қалған көшелер де жөнделді. Аудан­ның орталығында, өзге де ауылда­рында бұл мәселелер өз кезегімен оң ше­шімін тауып жатыр.

Халықтың тағы бір қажеті – табыс көзі болар кәсіп. Бұл жағынан да мемлекет тарапынан қолдау көріп отырмыз десем, артық емес. Атап айтсам, тың бизнестік идеясы бар азаматтарға жобасын жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан арнайы гранттар берілді. Мұндай мемлекеттік грантқа біздің ауданнан 253 азамат ие болды.

Ауданның негізгі кәсіп көзі – ауыл шаруашылығы. Әсіресе қыс мезгілінде мал қыстатудың жайы аса маңызды. Сон­дықтан ауданда мал қыстату бойынша жедел штаб құрылған. Топ мүшелері екіге бөлініп, табиғат тосын мінез танытып, ауа райы күрт бұзылған кезде мал қыстақтарын аралап тұрады. Штаб мүшелері малшылардың қажеттілігіне қарай көмек көрсетуге міндеттелген. Жалпы, аудан бойынша 510 қыстау орны мен мал­шылардың үйі бар. Оның ішінде 14 мал қорасы шалғайдағы мал қыстағында орналасқан. Ал мал қыстайтын қораларға баратын жолдарын, қоралардың айналасын қалың қар түскенде мал иелерімен шаруа қожалық басшылары өздерінің қолда бар техникаларымен тазалайды. Мал қыстату барысында пайдаланатын техникадан 652 трактор тіркемелері және 198 көлік мал иелері мен шаруа қо­жалықтарында тіркелген. Биылғы жыл мал азығын дайындауға өте қолайлы болды. Соның арқасында шаруалар өздеріне қажетті жемшөбін жеткілікті көлемде да­йын­дап үлгерген.

Тағы бір ауыз толтырып айтуға тұрар­лық мәселе – ауданда 2020 жылдың қыр­кү­йегінен бастап жетім және ата-ана­сы­ның қамқорлығынсыз қалған бала­лар­ға арналған «Мейірім» жобасының іске асырылуы. Жоғарыда аталғандай, аудандағы 107 балаға әлеуметтік қолдау көрсету мақ­са­тында оларға мекемелер мен жауапты тұлғалар бекітіліп, «Отбасы банкінде» 107 бала­ның барлығына арнайы есепшоттар ашыл­ған. Мұны нағыз елдің ертеңіне жа­салған қайырымды жоба деуге болар.

Ең бастысы, татулық пен тыныштық болса, алынбас асу жоқ. Тіліміз басқа бол­ғанымен – тілегіміз бір, жүзіміз бас­қа болғанымен – жүрегіміз жерлес­те­рімізбен, отандастарымызбен ауыз­бір­лік­ті сақтауды басты мақсатымыз деп білеміз. Мемлекет билігі тарапынан да халық арасындағы татулықты сақтап, елдің жағдайын жақ­сарту үшін де барынша қолдау көрсе­ті­ліп жатқанын да баса айтқым келеді. Барлық тіршілік татулықтан басталады.

 

Дыдыр ДВУМАРОВ,

Жамбыл облысы Қордай ауданы Масаншы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы