Әдебиет • 06 Ақпан, 2023

Мәңгіліктің елесі

285 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Батырлар, балуандар, күрескерлер ғана ұстап тұра ма ұлттың рухын? Олар халықтың рухын көтеретініне дау жоқ, әрине. Ал негізгі рухтың алтын жүлгесін ұстап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші – ақындар һәм басқа да сөз иелері. Батырлар жырынан бастап, жыраулар поэзиясынан бүгінге дейін көшкен ұлт болмысының мәйегі баяғыда ұмытылып кеткен немесе тарихта аты қалған ақын жырларында тұрады. Топырағына біткен жусандай, танауыңа апарсаң қышқылтым иісі ұйқысыраған ақыл-есіңді оятпаса, далада өскен қазақ жыр екен демейді. Иран-Ғайып, Иранбек Оразбаевтың кейбір туындыларындай шамырқанып, ытырынып тұрмаса.

Мәңгіліктің елесі

«Мәрт еменмін, терек емес,

Езді қайрап ер еттім.

Маған сыйлық керек емес,

Мен сыйлыққа керекпін»

деп жазыпты ол бір заманда. Бұлай деуге кісі бойында қанша қуат-дарын бұғып жатуы керек деп ойлайсыз?! Сенім мен серт, қасиет пен дерт қабаттасып, түу биікке көтеріп жіберген жанның сөзі демей көріңіз. Ел не десе, о десін, келсең – кел деп тұрғанға ұқсайды.

Біреу былай дер, біреу олай дер, Абайдан кейін туған толқынның хакімнің жұмбағымен ­ауырмай қалғаны жоқ. Ғафу Қайырбектің «бұл күні біз қайтеміз деймін тағы, өлеңнің жазып кетсе бәрін Қасым» дегеніндей, хикметтің бәрін Абай жазып кеткендіктен, басқалары қайда барсын. Алыстан көз талдырып, маңайына жуықтай алмай қайтқандары қаншама. Иран-Ғайыптың сол дертке шалдыққаны, онымен ғұмыр кешкені анық көрінеді.

«Сенсіз күндер өтуде сұры қашқан,

Жоқтайтындай көктемін ұлып аспан.

Жел жұлқыған теректің уіліне

Қыстан аман тырнаның үні ұласқан.

Мен – жалғыз, тырна – жалқы, терек – сыңар,

Жалғыздың жабығуы керек шығар.

Жалқының суалуы керек шығар.

Сыңардың қуаруы керек шығар.

Ыңғай ғаріп жабылып көмек сұрар –

Шын іңкәрін сағынса ақша бұлт,

Көк әйнегі күлдіреп кенет сынар!»

Басқаны қайдам, бізге Абайдың «Жарқ етпес қара көңілім...» өлеңіндегі бір жұмбақ сырдың астары осы туындыдан қылаң ұрардай болады да тұрады. Мұнда да шын асықтың, сүйе-сүйе қуарып, семе жаздап барып қайта гүлдеген жүректің үні естіледі. Алғашқы шумақта «ұлыған аспан» кейінгісінде «көк әйнегіне» айналып кеткенін және оның кенет сынып кетуі де ғажап еместігін айтады. Демек басында ұлып қалған ақын жүрегі кейіннен шын іңкәрін аңсай-аңсай мөп-мөлдір көктің әйнегіндей күлдіреп қалғанын аңдаймыз. Абай «аспанда ай менен күн шағылса да» деп еңірейді. Шын асық, шын іңкәр жүректердің үні терең-терең арналар арқылы үндесетінін сезінеміз.

Шын ақынның сөзі туралы кезінде тұшымды пікірді Амангелді Кеңшілікұлының мақаласынан оқығанбыз. Тұтас бір кітабының атауын осы Иран-Ғайып шығармашылығына арнаған мақаласының тақырыбымен атаған әдебиет сыншысы былай дейді: «Білмек керек. Ақын ең алдымен – сөз патшасы. Міне сондықтан да ол дүние жалғанға өз әмірін жүргізгісі келеді. «Сөз – Құдай» (Інжіл) болғандықтан, ақын билікке де, қоғамға да, заманға да бағынбай, Алланың нұрынан жаратылған сөз құдіретінің алдында ғана басын иеді. Арғы жағынан Абайдың өлеңге берген анықтамасы аңғарылады. Сенбейсіз бе, онда ақын жырларына кезек берелік:

«Сөз патшасы, Тәңір тұттым, табындым,

Табындым да мұң алқасын тағындым.

Жұртқа жүрмес әміріңді жүргізіп,

Күн-түн құрақ ұшырардай не қылдым?!

Қаршадайын қадырыңа жетем деп,

Төрт құбылаң түгел болса екен деп,

Қажып біттім алаң алтын балықтай,

Ауыр ойдың астын атамекендеп.

Қанша жұтса толмас өлім-өңеші –

Уақыт – менен – аласы, Мен – бересі.

Қиямет-қайым, қылкөпірден құлатпай

Өткізердей мәңгіліктің елесі...»