Субсидия • 07 Ақпан, 2023

Субсидия: онлайн алудың жолы оңай болмай тұр

530 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлердің қолын байлап, адымын тұсап отырған мәселенің бірі – субсидия. Бұған дейін аграршылар Qoldau.kz платформасындағы электрондық сервис арқылы қолдау тауып келген. Бірақ қазынадан бөлінген қыруар қаржыдан қағылған көп шаруаның бұл платформаға өкпесі қара қазандай еді. Мұның аудан мен ауыл үшін тиімсіз екенін жиі айтатын малшы мен егіншінің ұсыныс-пікірлері ескеріліп, Qoldau.kz-тің кем-кетігі түзеліп қалған-ды. Бірақ «Мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықтының» кері келіп, биылдан бастап бұл платформа жұмысын тоқтатып, оның орнына Gosagro.kz пайда болды.

Субсидия: онлайн алудың жолы оңай болмай тұр

Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігі қаңтарда іске қосы­латынын айтқан бұл портал әлі жұмысын бастаған жоқ. Осының кесірінен облыс бойынша ауыл шаруашылығы саласын­дағы 300-ге жуық кәсіпкер мемлекет тарапынан берілетін пайыздық мөлшерлеменің қаңтар-ақпан айларына арналған субсидиясын ала алмай, сенделіп жүр.

Ауыл шаруашылығы та­уар өн­дірушілерін тығырыққа тіреген осы мәселені Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы жанындағы Агроөнер­кәсіп кешені комитетінде Ауыл ша­руа­­шылығы министрлігі, «Атамекен» ҰКП, облыс­тық ауыл шаруашылығы және жер қаты­­настары басқармасы, несие серіктестіктерінің өкілдері талқылап, ұсыныстарын айтты.

Осыған дейін саладағы кәсіп­керлер «Сыбаға», «Агро­бизнес» мемлекеттік бағдарла­малары аясында 20 пайызбен несие алып келген. Оның 6 пайызын кәсіпкер төлейді, қал­ғанын мемлекет субсидиялайды. Биыл несие пайызы өскен. Ауыл шаруашылығы ми­­нистр­­лігі енгізген Gosagro.kz пор­талының әлі күн­ге іске қо­сыл­мауынан фермерлер қаң­тар-ақпан айларына арналған субсидияны ала алмаса, несиені 22 па­йызбен төлеуге мәжбүр бол­ады. Бұл – бар тапқанын шаруасын жолға қоюға жұмсап отырған елдегілер үшін ауыр салмақ.

– Айналып келгенде қинала­тын – ауылдағы шаруа. Мысалы, ақпанда алған несиені төлей алмасақ, «қара тізімге» енетініміз айдан ақиқат. Бірақ 22 пайызды төлеу қалтаға ауыр соғып тұр. Қыстан әрең шыққан малды саудалағаннан береке таппайсың. Осылайша мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтама­сыз етіп отырған біздің жағдайы­мызды ойлайтын ешкім болмай тұр, – дейді «Сыр сыйы» шаруа қожалығының төрағасы Нұрлан Биманов.

Облыстағы жауапты мемле­кеттік орган басшылары да бұл мәселеден хабардар. Олар былтырдан бері министрлікке отыздан аса ұсыныс берген. Бірақ одан шыққан нәтиже шамалы болып тұр.

Облыстық ауыл шаруашы­лығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Ғалым Баимбетовтің айтуынша, бұлар министрлікке жаңа ақпараттық жүйе толық іске қосылып кеткенше бұрынғы Qoldau.kz-пен жұмыс істеуді ұсынған. Бірақ әзірге мәселе шешімін табар түрі жоқ.

Республика көлемінде тек қаңтар айына ғана кәсіпкерлер 1 млрд теңгеге жуық сыйақы мөлшерлемесіне субсидия ала алмай отыр. Бұл туралы оты­рысқа онлайн қатысқан «Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіп кеше­ні және тамақ өнеркәсібі депар­таментінің сарапшысы Жұлдызай Әубәкірова айтты.

Шаруалар мәселесін тал­қылауда Ауыл шаруашылы­ғы министрлігі Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді дамыту және агроөнер­кәсіп кешенін цифрландыру депар­таменті директорының орынбасары Әлем Жұмабеков портал 1 ақпаннан бастап іске қосылатынын айтып отыр. Жақын арада диқан мен малшыны жаңа платформамен жұмыс істеудің қыр-сырына үйрететін топ ауылдарға жол тартатын көрінеді.

– Жаңа порталдың кемшін тұстары көп болып тұр. Оның мерзімінде жұмыс істеп кетеріне де сенім аз. Сондықтан да біз шаруа қожа­лықтарынан өтінімдерді 2-3 ай қағаз түрінде қабылдауды ұсынар едік. Qoldau.kz жаңадан қабылданған жылдары осындай тәжірибе болған. Тіпті жаңа порталды жетілдіру жолында шаруа­лармен ақылдасып, солар­дың ұсыныс-тілектерін де ескер­ген артық болмайды. Әзірше шаруалар үшін несиені 6 пайыз­бен төлеуге мүмкіндік беріп, қал­ғанын портал ашылған соң Үкі­мет есебінен өтеуге де болар еді. Қалай болғанда елдегі­лер қиналмайтын жағын қарас­тыр­ған жөн, – дейді жергілікті кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Гауһар Елеусінова.

Ауылда мал бағып отырған­дардың пікірін­ше, несиені мемлекет тарапынан субсидиялау­ды бір жүйеге түсіру керек. «Әйтеуір амалдап, 22 пайызбен төлерміз. Кейін мемлекет оның 16 пайызын субсидиялайды. Ақшаны бір қалтадан алып, бір қалтаға салғандай қылмай, неге бірден 6 пайызбен несие бермеске?» дейді Жаңақорған ауданынан келген кәсіпкер, «Жер қазына» ЖШС директоры Ерлан Махамбет.

Сала мамандары субсидияға қатысты бұл сарсаң қолдан жасалып отырған мәселе екенін айтады.

– Жұмыс істеп тұрған платфор­маның күшін жойып, күлдібадам бағдарламаны енгізу ақылға еш сыймайды. Шырылдап келген шаруаларға не айтарымызды да білмейміз. Жаңа портал ақпаннан бастап іске қосылады дегенге илана қою қиын болып тұр. Біздің несие серіктестігі арқылы 186 қарыз алушыға 300 млн теңге субсидия қажет. Егер портал жұмысын бастамаса, фермерлер осы ақшаны өз қалтасынан төлеуге мәжбүр болады, – дейді «Сырдария-1» несие серіктестігі» ЖШС төрағасы Алмат Абдуллаев.

Несие серіктестігінің басшысы тығырықтан шығудың жолы ретінде өтінімдерді уақытша қағазбен тапсыруды ұсынып отыр.

Жалпы, шаруаға берілетін несие пайызы жылдан-жылға аспандап барады. Осыдан да көп кәсіпкер өзінше амалдауға көшкен. Ал субсидияның маңа­йын­дағы мына сарсаң онсыз да тиімділігі күмәнді болып тұрған несиеге деген елдің сеніміне селкеу түсіріп тұр. «Ауыл шаруашы­лығы министрлігінің мемлекет алдындағы міндеттемемізді адал орындап отырған бізге «тәжірибе жасайтын қоян» ретінде қарағаны жанымызға батады. Бізге жан-жақты жетілген, кедергісі жоқ қолдау керек», дейді шаруалар.

 

Қызылорда