Иә, NIS әлемді бағындыруды көздеген жастар үшін нағыз әлеуметтік лифтке ұласып, үлкен мүмкіндіктер мекеніне айналды. Оны қазақ балаларының талабына таңдай қаққан әрбір шетел азаматы мойындайды. Мәселен, Hochschule Rhein-Waal студенті Амина Бақтиярова Шығыс Қазақстан облысындағы Қасым Қайсенов атындағы қарапайым ауылдық мектептен қанат қаққан білім иесі. Бүгінде неміс тілін жетік меңгеріп, өрісін кеңейтіп жатыр.
– Бір шет тілін меңгерудің аздық ететінін түсініп, неміс тіліне қызыға бастадым, 12-сыныпта IELTS емтиханынан 8.0 балл жинап, қатарынан бірнеше университетке, соның ішінде Экономика жоғары мектебіне грантқа шақырту алдым. Мен Германиядағы Рейн-Вааль қолданбалы ғылымдар университетін таңдадым. Ол Солтүстік Рейн-Вестфалиядағы Клеве қаласында орналасқан. Қазіргі уақытта биоинженерия саласында оқимын. Қазақстандық ғылымда, соның ішінде фармацевтикада өзімнің қолтаңбамды қалдыруды армандаймын. Бос уақытымда шығармашылықпен айналысып, ағылшын тілінде өлеңдер жазамын, екі кітап шығарып та үлгердім, – дейді А.Бақтиярова.
Оның айтуынша, ауылдағы мектепте оқып жүрген кезінде шетелде білім алып, бірнеше тілді жетік меңгеремін деген ой мүлде болмаған. NIS асқақ арманына баспалдақ болды. Зияткерлік мектепке түскеннен кейін өзіне деген сенімі артып, «Отан алдындағы жауапкершілік», «академиялық адалдық», «қоғамға қызмет ету» ұғымын бойына сіңіреді.
Мойындау керек, Назарбаев Зияткерлік мектептері өз оқушыларына бірегей үміт пен мүмкіндік берді. Кездесуге қатысушылар Германиядағы биохимия, цифрлық технология, машина жасау, инженерия, логистика және экология салаларында мамандандырылған үздік университеттерде білім алуда. Соның бірі – Бейбарыс Есенгелдин. Ол екі жыл бұрын Шымкенттегі физика-математика бағытындағы NIS-ті тамамдаған. Қазір Szent Istvan University-де оқиды. Жоғары оқу орнында Бейбарыстың жаратылыстану-математикалық бағыттағы академиялық дайындығы ғана емес, NIS-тің жан-жақты білімі мен маңызды адами қабілеттерге баулитыны таңғалдырды.
Талдықорғандағы Зияткерлік мектептің түлегі, бүгінде Technische Hochschule Würzburg-Schweinfurt студенті Назира Өмірбековаға ата-анасы осы жиыннан қалмауға кеңес берген. Ал Алматыдағы физика-математика бағытындағы NIS түлектері Еликай Атабаева Мюнхен техникалық университетінде, Әдия Бекдәулетова Швайнфурт қолданбалы ғылымдар университетінде, Мадина Қарақұлова Мюнхендегі Людвиг және Максимилиан университетінде оқиды. Олар да осы жиынды асыға күткенін жасырмады.
Басқосу барысында Кристина Муляр Павлодардағы NIS түлектерінің алғашқы легін таныстырды. Бүгінде ол Гамбургте жұмыс істейді. Мектептегі академиялық дайындығының нәтижесінде университеттегі замандастарынан ерекшеленгенін мойындады. Петропавлдағы NIS-тің өкілі Ангелина Бендер Technische Universität Munchen-де цифрлық технологиялар саласын меңгерген маман. Бүгінде ол Германиядағы ең ірі сақтандыру компанияларының бірінде жұмыс істейді және сүйікті мектебінен мүмкіндіктер мен үлкен қолдау алғанын жасырмайды. Оралдағы NIS түлегі Данел Бегалиев Бранденбург қаласынан келген. Ол Котбус-Зенфтенберг техникалық университетінде қоршаған ортаны басқару мамандығы бойынша оқиды. Ал Әлихан Нұрдәулет елордадағы физика-математика зияткерлік мектебін бітірген. Қазір Karlsruher Institut fur Technologie-де машина жасау мамандығында білім алуда.
Абдуллаким Замирбекуулу кездесудің күтпеген әрі ерекше қонағына айналды. Ол – болашақ дата-аналитик, The University of Messina-да білім алуда. Бішкек халықаралық мектебінің түлегі Абдуллаким Назарбаев Зияткерлік мектептерінің түлектеріне тән қасиеттердің арқасында табысқа жетудің жолын түсіну үшін Италиядан Франкфуртқа арнайы ат басын бұрған.
Кездесудің шырайын келтірген Еуропаның озық университеттерінің үздік студенттері Зияткерлік мектептің түлектері. Олар NIS бауырластығын мақтан тұтады. Қиын уақытта бір-біріне қолдау көрсетіп, жеке оқиғаларымен шабыттандыруға әрқашан дайын. «Зияткерлік мектептер түлектерінің басты артықшылығы – академиялық жетістіктер емес, адами қасиеттер», дейді А.Замирбекуулу.
Германияның әр жерінде тұрып, білім алып жатқан кездесу қатысушылары алғаш рет Франкфурттегі Қазақстан Республикасының Бас консулдығында жиналып отыр. Дипломаттар тарапынан жасалған жайлы әрі отбасылық атмосфера, шынайы диалог пен дәмді дастарқан үйлерінен жырақта жүрген балалардың көңілінен шықты.
– Бүгінде Германияда білім алып жатқан әрбір қазақстандық студент – өз елінің өкілетті өкілі, олар Абай, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы және қазақтың басқа да біртуар перзенттерінің рухани мұрасын әлемге танытуда, – деп атап өтті Франкфурт қаласындағы Бас консул Тауболды Үмбетбаев.
Жиын соңында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрағасы Күләш Шәмшидинова әрбір түлек елге қызмет ету керектігін айтты. «Германиядағы кездесу желтоқсан-қаңтар айларында NIS түлектерінің туған жерінде басын қосқан бірінші «Samgau» форумының заңды жалғасы. Зияткерлік мектептің әрбір оқушысы, мұғалімі, ата-анасы біздің түлектеріміздің Қазақстанды әлемге лайықты танытып, «Alumni NIS» қағидаларына айналған «Отанды сүю», «әлемді өзгерту», «нағыз тұлға» болуды насихаттайтынын мақтан тұтады», деді К.Шәмшидинова.
Келелі кездесу қорытындысында түлектер естелік суретке түсіп, тарқады.