Сенат • 08 Ақпан, 2023

Әлеуметтік кодекс жобасы таныстырылды

833 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенатта Әлеуметтік кодекс таныстырылды. Ондағы жаңа­лықтардың қатарында әр отбасында цифрлық картасының болатыны, жұмыспен қамту саласына жаңа тәсілдерді енгізу, арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін жетілдіру бар.

Әлеуметтік кодекс жобасы таныстырылды

Сенаттың Әлеуметтік-мәде­ни даму және ғылым коми­­теті­нің төрағасы Нұртөре Жүсіптің айтуынша, Әлеу­меттік кодекс – бұл елдегі әлеумет­тік саясатты жақсарту жолын­дағы тағы бір қадам болып отыр. Сенатор құ­жатта халық­аралық деңгейде мо­йын­­далған және белгіленген жа­ңа­лықтар жазылғанын атап өтті.

«Әлеуметтік кодекс жобасын­да ана мен баланы ұлттық демо­графиялық саясаттың факторы ретінде қолдау тетіктері, еңбек нарығын дамытуды ұйымдас­тыру және жұмысқа орналасу­ға көмек көрсету, аз қамтыл­ған отбасылардың материалдық әл-ауқатын арт­тыруға көмектесу, арнаулы әлеу­меттік қызметтер жүйесін жетілдіру, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау және т.б. бойынша жаңа шаралар көзделген», деді сенатор.

Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министрі Тамара Дүй­­сенова таныстыру кезінде кодекстегі негізгі жаңалықтар туралы парламентшілерді хабардар етті. Олардың қатарында әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін өзгерту, мемлекеттік қолдаудың жаңа түрлері, әлеу­меттік сақтандыру мен зейнет­ақылардың жақсартылған жү­йесі және басқалары бар.

Таныстыру барысында қатысу­шылар қазіргі уақытта икем­ді жұмыспен қамту, жас жұмыс күшінің көбеюі, әлеу­меттік қамсыздандыру жүйесі­не өзін-өзі жұмыспен қамты­ған­дардың толық қатыспау мәселелері бар екенін атап өтті.

«Тағы бір маңызды өзгеріс – 2025 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің орнына медиандық табыс деңгейі ар­қылы анықталады», деді Тамара Дүйсенова.

Министрлік басшысы бұл мәселелерді шешу үшін кодекс­те еңбек нарығын ырықтандыру тетіктері, жұмыс күшінің тәжі­рибе-дағдысын арттыру, сон­дай-ақ жұмыс істеп тұрған жұмыс­пен қамту орталықтарын мобильді орталықтарға айналдыру ұсынылғанын хабарлады.

Жалпы алғанда кодекс жобасында Қазақстанның әлеумет­тік саласын нығайту мен дамыту үшін базалық жағдайлар жасауға бағытталған 50-ден астам заңға өзгеріс пен толық­тыру көзделген.