18 Маусым, 2014

Футбол. Әлем чемпионаты: Бельгия – Алжир 2:1

398 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

17-06-14-Belgium-Akjir-4

АСТАНА. 18 маусым. Кеше түнде Бразилияның Белу-Оризонти қаласында чемпионаттың Н тобында Бельгия – Алжир құрамалары кездесіп, нәтижесінде бұлардың алдыңғылары 2:1 есебімен жеңіске жетті. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Бельгия – Алжир 2:1 (0:1) 17 маусым.  Белу-Оризонти. Стадион «Минейран» стадионы. 56 800 көрермен. Төреші - Марко Родригес (Мексика). Бельгия: Тибо Куртуа, Тоби Алдвервейрелд, Даниэль ван Бюйтен, Венсан Компани, Ян Вертонген, Аксель Витсель, Мусса Дембеле (Маруан Феллаини, 65), Насер Шадли (Дрис Мертенс, 46), Кевин де Брюйне, Эден Азар, Ромалу Лукаку (Дивок Ориги, 58). Алжир: Раис Мболи, Мехди Мостефа, Маджид Бугерра, Рафик Аллиш, Фаузи Гулям, Сафир Тайдер, Карл Меджани (Набил Гилас, 84), Набил Бенталеб, Софиан Фегули, Рияд Махрез (Мехди Ласен, 71), Эль-Араби Судани (Ислам Слимани, 66). Голдар: Софиан Фегули (25-пенальти), Маруан Феллаини (70), Дрис Мертенс (80). Ескертулер: Ян Вертонген (24) – Набил Бенталеб (34). Иә, осы матчпен бірге турнирдің ең соңғы Н тобындағы ойындар да сөреден шықты. Оны Бельгия және Алжир бастап берді. Бұлардан кейін алаңға осы кварттегі Ресей – Оңтүстік Корея командалары шықты. Ал алдыңғы кездесу ресейліктердің бас жаттықтырушысы Фабио Капелло үшін де ой толғатар  біраз материал беріп кеткен сияқты. Ойынның екі таймы екі түрлі көрініс көрсетті. Олардың біріншісінде «қызыл перілер» өздеріне таңылған төрттік көш лидері деген мәртебесін ақтай қойған жоқ. Бельгиялықтар бірінші 45 минутта Аксель Витсельдің алыстан бір соққы жасауы мен Насер Шадлидің қақпа алдындағы қолайлы сәтінен өзге есте қалатын ештеңе жасай алмады. Бұған керісінше, «екінші нөмірмен» ойнаған Алжир әрбір ыңғайлы мезетті тиімді пайдаланып, қарсы шабуылға жиі шығып тұрды. Оның осындай әрбір жорығы дерлік қауіпті қимылдарға ұласып жатты. Солардың 25-минутта орын алған мәуріті ойындағы алғашқы голға алып барды. Африкалықтар шабуылшысы Софиан Фегули қарсы қақпа алаңына арындап кірген кезінде омақаса құлатылды. Қаталдығымен аты танылған мексикалық төреші Марко Родригес ойланбастан 11 метрлік нүктені нұсқады. Ал алжирлікті қолынан тартып құлатқан Ян Вертонген «сары қағазбен» жазаланды. Пенальтиді зардап шегушінің өзі дәл ұрып түсірді. Есеп – 1:0. Алайда, осы голдан кейін «шөлдің түлкілері» белсенді ойындарын тоқтатты. Марк Вильмотстың жігіттері екінші таймның басында ойынның схемасы мен тактикасын күрт өзгертті. Соның нәтижесінде алаңда мүлде жаңа команда ойнап жүргендей әсер қалдырды. Алдыңғы шептегі Дрис Мертенс, Дивок Ориги және Маруан Феллайни құрамаға бірінші таймда көрінбеген ойынның үлгісін танытты. Олардың бірте-бірте ұлғая түскен қысымы Алжир құрамасы қорғаныс шебінің тұтастығын сетінете берді. Ақырында Кевин де Брюйненің әуелетіп берген добын әдемі пайдалана білген Феллайни басымен соққы жасап, есепті теңестіруге қол жеткізді. Арада 10 минут өткенде бельгиялықтар алға да шықты. Бұл жолы Эден Азардың пасынан гол салған Мертенс ерледі. Осылайша үлкен турнирлерде тәжірибе жинап үлгермеген Бельгияның қазіргі жас құрамы бір матчтың аясында екі т түрлі ахуалды бастан кешіп, оның ақырын өзінің пайдасына шеше білді. Дамир Қожамқұл. Дереккөз: Чемпионат.Ру. Фото: Sportbox.ru.

17-06-14-Belgium-Akjir-1 17-06-14-Belgium-Akjir-2 17-06-14-Belgium-Akjir-3 17-06-14-Belgium-Akjir-5 17-06-14-Belgium-Akjir-6