Елімізде бұл мамандықты игеру жайы қандай?
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Қазақстан-2030» Стратегиялық бағдарламасында еліміздің дамуы үшін қол жеткізу міндетті ұзақ мерзімді жеті басымдықты атап көрсеткен болатын. Оның бірі – инфрақұрылым, әсіресе, көлік және байланыс саласы болса, мұның ішінде су көлігі туралы арнайы айтылды. Су көлігі дегенде, Қазақстандағы жалғыз порт – Ақтау халықаралық теңіз-сауда порты тілге оралады. Теңіздегі тегеурінділікті нығайту, қарқынды күшейтудің бір қыры – сала мамандарының біліктілігіне қатысты. Еліміздің алдына қойған мақсаттарға біз өз ісін жақсы білетін мамандармен, бесаспап теңізшілермен жететін боламыз.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 11 сәуірдегі Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі көлік стратегиясына сәйкес шикі мұнай және мұнай өнімдерін, сусымалы және ақтарылма жүктерді тасымалдау үшін қазақстандық теңіз-сауда флотын дамытудың маңызды міндеті тұр.
Қашаған кен орнында мұнайдың өнеркәсіптік өндірілуі алдында меншікті танкер флотын дамыту өзектілігі күннен-күнге өсуде. Аталған жобаны жүзеге асыруға қатысушы компаниялар Каспий теңізінің қазақстандық секторында теңіз флоты қызметтерінің негізгі тұтынушысы болатыны сөзсіз. Қазақстандық көліктің теңіз инфрақұрылымын мамандармен қамтамасыз ету мәселесі бүгінгі таңда өзектілігімен бірге ерекше назар аударуды талап етеді. Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі көлік стратегиясында «Қазақстанның Каспий аймағында жүзу құрамы мен тиісті қызметкерлер құрамы үшін оқу орталығын құру мақсатында бар мүмкіндігінше күш салу қажет», делінген. Сондай-ақ, еліміздің 2010-2014 жылдарға арналған көлік инфрақұрылымын дамыту бағдарламасында «Қазақстанда халықаралық стандарттарға сәйкес келетін білім беру жүйесінің жоқтығы қазақстандық теңіз мамандарының тапшылығын тудырды және бұл мәселе кемелер санының өсуімен байланысты жыл санап күшейіп барады. Сонымен қатар, 2015 жылға дейін Қазақстан Республикасы порттарынан мұнай тасымалдау көлемінің 2/3 бөлігін және құрғақ жүктер көлемінің 1/2 бөлігін ұлттық теңіз сауда флотымен қамтамасыз ету жоспарланған. Бүгінгі таңда кемелер экипаждарының құрамында Қазақстан азаматтарының үлесі шамамен 44%-ды, ал экипаждың командалық құрамы бар болғаны 21%-ды құрайды», деп көрсетіледі. 2015 жылға су көлігі мамандарының қажеттілігі 3 мың адамға дейін өседі, олай болса бұл халықаралық конвенция нормаларына сәйкес білікті мамандардың уақтылы дайындалуын талап етеді.
Сонымен: «Біз қазіргі экономикалық жағдайда оқу орнымызда кімді дайындауымыз керек?» деген сұрақ туындайды. Бұл орайда, ең алдымен, Қазақстан флотына су көлігі дамуының экономикалық заңдарын жақсы түсінетін басқарушы мамандар қажет. Бұл су көлігінің экономист-менеджерлерін дайындау деген сөз. Екіншіден, көлік инспекциясы үшін бақылау-лицензиялық жұмысы бойынша қызмет атқаратын мамандарға да зәрулік бар. Сондай-ақ, тіршілік қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғау салаларындағы және теңіз көлік құралдары мамандарын даярлау өте өзекті мәселе болып табылады.
Қазіргі заман білімге сүйенуді және күн өткен сайын орындауға міндетті нормативтік-құқықтық актілерді қолдануды талап етуде. Сондықтан «көлік құқығы» бойынша мамандандырылған заңгерлерді дайындау мәселесі де өте маңызды болып табылады. Өйткені, теңіз көлігі мамандарын дайындау бойынша оқу орнының оқу жоспарларына кіретін «теңіз құқығы» пәндерін жоғары білімі болғанымен де су көлігінің ерекшелігін білмейтін кез келген заңгер оқи алмайды.
Сондай-ақ, порттар мен кемелердегі қауіпсіздік бойынша мамандарды дайындау да маңызды. Кемелер мен порт құралдарын қорғау туралы халықаралық кодекске және СОЛАС 74/78 Халықаралық конвенциясының (Теңізде адам өмірін қорғау бойынша халықаралық конвенция) ХI-2 тармағына сәйкес халықаралық конвенция талаптарын толықтай сақтау үшін бұл салада дайындалған мамандар жеткілікті болуы тиіс. Көлік саласында теңіз регистрі, яхталық инспекция, келте жасалған кемелер бойынша мемлекеттік инспекция сынды қадағалау бойынша мамандар қажеттілігі туындайды, бірақ бізде ол мамандарды әзір ешкім даярламайды. Кеме құрылысы мен кеме жөндеу компаниялары техник-кеме жөндеуші, техник-кеме құрылысшысы, инженер-кеме құрылысшысы, инженер-кеме жөндеуші сияқты мамандарға аса зәру. Өзінің ерекшелігіне байланысты теңіз саласы мамандарын даярлау едәуір қаржыландыруды талап етеді. Басқаларына қарағанда, оқу орнын тиісті материалдық-техникалық базамен жабдықтау және оқу үдерісін ұйымдастыруға ғана емес, сондай-ақ, ғылыми-зерттеу, тәжірибелік қызмет атқаруға қабілетті оқытушылар құрамын жұмысқа тарту өте қымбатқа түседі.
Жүзу тәжірибесінің білім беру үдерісінің сапасына әсер ететін басты факторларының бірі екендігі белгілі. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дейді халқымыз. Теңіз мамандарын даярлайтын оқытушылар ұжымына да қойылатын талаптар жоғары.
Халықаралық теңіз ұйымының (ИМО) талаптарына сәйкес педагогтардың арнайы жоғары білімінен басқа конвенциялық пәндерді оқытуға құқық беретін тиісті құжаттары болуы қажет. Аталған мамандық бойынша мамандарды даярлау оқытушылардан ғылыми атақтар мен басқа да регалиялардан гөрі, кәсібилік пен құзыреттілікті талап етеді.
1994 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Халықаралық теңіз ұйымының мүшесі. 2010 жылдың маусым айының аяғында Филиппин астанасы Манилада теңізшілерді даярлау мен оларға диплом беру және 1978 жылдың вахтасын атқару туралы (ПДМНВ) Халықаралық конвенцияға түзетулер енгізу бойынша Дипломатиялық конференция өтті. ПДМНВ енгізілген Манила түзетулері 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Манила түзетулері ондағы барлық талаптардың жаңа редакциядағы кодексті енгізудің ақырғы мерзімі 2017 жылдың 1 қаңтарына дейін, Конвенция мүшелері барлық талаптардың толық және мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету үшін және ұлттық білім беру жүйелерінде мейлінше ерте қолдану мақсатында мамандар даярлауда, оларға диплом беруді кідіріссіз жүзеге асыруға шақырылады.
Бұл теңізшілерді даярлаудың барлық бағдарламаларының толық көлемде жаңа редакция талаптарына сәйкес болуы керектігін білдіреді. Конвенция дипломдардан (құзыреттілік сертификаттарынан) басқа, біліктілік құжаттарының жаңа түрін – біліктілік сертификатын қарастырады. Конвенция талаптарына сәйкес құзыреттілік пен біліктілік сертификаттарын тек порттың Теңіз әкімшілігі беруі тиіс. Теңізде жүзу барысында қауіпсіздік үшін жауапты теңіз флоты жұмыскерлерін аттестаттау және тиісті жұмыс құжатын беру порт билігінің қызметін атқаратын және Халықаралық теңіз ұйымының уәкілетті өкілі болып табылатын порттың Теңіз әкімшілігінің ерекше құзыретіне жатады. Республикамызда әлі күнге дейін порттың Теңіз әкімшілігі құрылмаған.
Салада медициналық байқау рәсіміне және медициналық куәлік мазмұнының талаптарына сай, медициналық куәліктерді жалпы қолжетімді мемлекеттік реестріне енгізілген мекемелер мен дәрігерлер ғана беруі тиіс. Медициналық куәландыру бойынша қызмет сапа стандарттарының жүйесі арқылы бақыланады.
ЖОО түлегі тиісті жүзу цензінің жиынтығынсыз жұмыс дипломын ала алмайды, «Мақұлданған жүзу өтілі» деп аталатын құжат қажет. Конвенция талабы бойынша, жүзу өтілі арнайы тәжірибенің немесе кемедегі жұмыстың теңіз маманы игеріп жатқан біліктілігімен байланысты болуын қамтамасыз етуі тиіс, мұндай тәжірибенің немесе жұмыстың мақсаты – теңізшіге теңіз кемелеріндегі жұмыспен алғашқы танысудан бөлек, тиісті бақылауда кемедегі теңізші үміткер болып отырған және дипломда немесе кәсіби жарамдылығы туралы куәлікте көрсетілетін лауазымымен қарастырылған техникалық тапсырмаларының, міндеттерінің және жұмыстарының нұсқамаларынан өтуге және оларды орындаудың практикалық тәжірибесін алу мүмкіндігін беру.
Осы орайда, біздің елімізде теңіз мамандарын даярлаудың ағымдағы жағдайына тоқтала кетейік.
Білім және ғылым министрлігінің 2009 жылғы 26 наурыздағы №136 бұйрығымен Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті теңіз мамандықтары бойынша жоғары және жоғары білімнен кейінгі білімді мамандарды даярлайтын негізгі ЖОО ретінде анықталды. Негізгі ЖОО ретінде университет осы мамандықтар бойынша кадрлар дайындаудың жағдайын талдап, қазіргі нормативті базаның және бірінші кезекте, мемлекеттік стандарттың (МЖББС) халықаралық стандарттарға (1995 жылы енгізілген түзетулерімен Теңізшілерді дайындау мен диплом беру және вахтасын атқару бойынша 1978 жылғы халықаралық конвенциясына ПДМНВ-78/95) сай еместігі туралы қорытынды жасады. Көрсетілген себепке байланысты қазақстандық ЖОО түлектерін кеме жүргізетін компаниялар жұмысқа қабылдаған жоқ. Осының салдарынан түлектер кемелерде жұмыс жасауға мүмкіндік беретін құжаттардың толық топтамасын алу үшін ТМД елдерінің теңіз оқу орындарында қосымша оқуға мәжбүр болды. Бұл жағдай түлектер мен ата-аналар арасында белгілі әлеуметтік алаңдаушылық туғызды. МЖББС-да жүзу тәжірибесі (жалпы ұзақтығы 12 айға дейінгі) және бірқатар сертификаттар мен куәліктерді беретін тренажерлық дайындық қарастырылмаған. Осы айтылғандарды және халықаралық тәжірибені ескере отырып, теңіз мамандықтары бойынша жоғары білім алу үшін оқу ұзақтығы 5 жылдан кем болмауы тиіс екендігі туралы шешім қабылданды.
Министрлік тарапынан міндеттілік жүктелген соң университетте мүмкіндігінше жұмысты жетілдіру ұмтылысы бар. Бұл бағытта Қазақстандағы мамандықтар классификаторына өзгерістер дайындап, енгізді. Сондай-ақ, университетте магистратураның Теңіз техникасы мен технологиялары және Кеме жүргізу мамандықтары бойынша МЖББС дайындалып, бекітілді.
Теңіз мамандықтары бойынша білім беру бағдарламалары Ресейдің Новороссийск қаласындағы адмирал Ф.Ушаков атындағы Мемлекеттік теңіз академиясы, Санкт-Петербург қаласындағы адмирал С.Макаров атындағы Мемлекеттік теңіз академиясы және Әзербайжан мемлекеттік теңіз академиясы секілді ТМД елдері ЖОО-ларының қатысуымен жүзеге асырылуда.
Студенттерге сабақ беретін оқытушылық құрамның кадрлық әлеуетін нығайту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Оқу үдерісін ұйымдастыруға тәжірибелі мамандар – капитандар, запастағы теңіз офицерлері тартылуда. Әзербайжандық аталмыш академиямен КМТжИУ арасындағы ынтымақтастық еліміздің теңіз бағытындағы мамандарды дайындауды дамытудың маңызды кезеңі болып табылады. Қос оқу орнының бірлесіп жасаған жұмыстары Қазақстан мен Әзербайжанда теңіз кәсібінің беделін көтеруге үлесін қосуға бағытталған.
Шартқа сәйкес 3,5 жылдан кейін ӘМТА-ға жібертілген Ш.Есенов атындағы КМТжИУ студенттері IMO құпталатын әлемнің кез келген елінде еңбек қызметін бастауға мүмкіндік беретін теңізшінің толыққанды дипломын алуға мүмкіндік алады.
Жұмысты лайықты жүргізу үшін мамандар даярлауды қаржыландырудың жеткілікті деңгейін қамтамасыз ету мәселесі тұр. Жүзу тәжірибесі, оқу тренажерлары, басқа да жабдықтар, теңіз мамандықтарында оқитын студенттер үшін оқу нысанды киімін және маусымдық арнайы киімін, сондай-ақ, тиісті профессорлық-оқытушылық құрам үшін киім формасын енгізу т.б. жоғары білімді мамандарды даярлаудың ерекшелігін ескергенде, осы мамандыққа мемлекеттік білім беру грантының жылдық құнының алдын алу есебі шамамен 1 млн. 564 мың теңгені құрайды. Бұл – ең төмен баға. Мұндай мардымсыз қаржыландыру жоғары білімді теңіз мамандарының толыққанды дайындығын ұйымдастыруға мүмкіндік бермейді. Сонымен қатар, болашақ теңізшілерді кемеде практикалық дайындықтан өткізу маңызды мәселе болып табылады. Қажетті жүзу цензін жинамай теңіз оқу орнының түлегі оқу дипломын да ала алмайды. Өзінің алғашқы өндірістік жүзу тәжірибесіне студент оқу кемесінде тәжірибеден өткеннен кейін тек екінші класс матросы (моторисі, электригі) ретінде ғана бара алады.
Теңіз мамандарын тәжірибелік жүзу дайындығынан өткізуге қатысты Халықаралық теңіз ұйымы стандарттарының талаптарын орындау міндетті болып табылады. Алайда, халықаралық талаптарға сәйкес бүкіл оқу үдерісінде жалпы ұзақтығы 12 айды құрайтын мұндай тәжірибені ұйымдастыру едәуір еңбек пен қаржылық шығындарды қажет ететіндігін атап көрсету керек.
Теңіз мамандықтары бойынша дайындық тиісті дәрежеде өтіп жатқан барлық елдерде кеме жүргізу компаниялары тарапынан ЖОО-ға қолдау көрсету үлкен рөл атқарады. Қазақстандағы кеме жүргізу компаниялары теңіз мамандарын дайындау барысында университетке қолдау көрсетпейді. Бұдан басқа, кеме жүргізу компанияларында студенттердің жүзу тәжірибесі мүлде жоқ. Кеме жүргізу компаниялары тәжірибеден өтушілерге кемеде орын жоқтығын сылтауратып, ЖОО студенттерін жүзу тәжірибесіне қабылдаудан бас тартады.
Теңіз мамандарының негізгі тұтынушылары аймақтағы жетекші кәсіпорындар Қазақстанның ЖОО-да мамандар даярлауға тиісті назар аудармайды және қызығушылық танытпайды.
Теңізде жүзу қауіпсіздігіне жауапты теңіз флоты жұмыскерлерін аттестаттау және тиісті жұмыс құжатын беру – порттың Теңіз әкімшілігінің айрықша құзыреті. Мамандарды сапалы даярлаудың кепілі және Халықаралық теңіз ұйымында мемлекет мүддесін көздейтін ұйым бола тұра, Ақтау теңіз портында әлі күнге дейін теңіз өкіметінің қызметін атқаратын порттың Теңіз әкімшілігі құрылмаған. Бұл мемлекеттік ұйымсыз Қазақстан кемелерде жұмыс жасау үшін қажетті құжаттарды – теңізшінің төлқұжаты, құзыреттілігі мен біліктілігі туралы сертификаттары және т.б. бере алмайды. Алайда, 2009 жылғы еліміздің құзырлы министрліктерімен Қазақстан Республикасында Халықаралық теңіз конвенциясы ПДМНВ 78/95 ережелерін енгізу бойынша шаралар жоспарында порттың Теңіз әкімшілігін құру қарастырылған.
Теңіз кемелері құрамын дайындауға қойылатын талаптарды жасақтау және орындау міндеті тек оқу орны күшімен шешілмейді – бұл барлық мүдделі ведомстволар мен ұйымдардың бірлескен әрекеттері негізінде ғана сәтті жүзеге асырылатын жалпыұлттық міндет. Тек қана университет көлемінде, тиісті салалардың нақты көмегінсіз және араласуынсыз, теңіз мамандарын сапалы дайындау міндетін шешу өте күрделі мәселе. Сондықтан, әлемдік қатынасқа алып шығатын су жолы бар, жаңғыру үстіндегі порты бар тәуелсіз Қазақстанның теңіз саласындағы, су көлігі бағытындағы төл мамандарын дайындау үшін әлемдік стандарттар талаптарына сәйкес жұмыс құжаттарын беруге құқық беретін диплом-паспорт бөлімі бар порттың Теңіз әкімшілігін құру және оның қалыпты қызмет атқаруына ықпал ету, Қазақстан Республикасының кеме жүргізу компанияларында, жұмыс кемелерінде жүзу тәжірибесінің белгілі деңгейін қамтамасыз ету қажет.
Алдына биік мақсаттар қойған еліміз үшін әр саланың лайықты дамуы маңызды. «Ауруын жасырған өледі» дегендей, әрбір саланың ішкі қажеттіліктерін дер кезінде қолға алып, уақытында қамдай алсақ, қандай биіктерге де қиналмай қол созуға болады. Порттағы тегеурінділігіміз тыныштық пен табыстың кепілі болмақ.
Сембіғали ЗӘКЕНОВ,
Ш.Есенов атындағы КМТжИУ ғылыми жұмыс және қарым-қатынас жөніндегі проректоры, техника ғылымдарының докторы.
АҚТАУ.