Спортты дамыту дирекциясының директоры Оралбай Жақсымбетов бірер күн бұрын садақ атудан ұлттық құрама өкілдерін қабылдап, Париж Олимпиадасына дайындығын пысықтады. Алқалы жиынға құраманың бас жаттықтырушысы Артём Кичкин, Федерацияның бас хатшысы Айнұр Тыртықаева, сонымен қатар Кореядан келген жаттықтырушы-кеңесші Ким Джэчен және өзге де қызметкерлер қатысты.
Жиын барысында спорттың осы түрін дамыту мәселелері, оның проблемалары мен шешу жолдары талқыланды. Мәселен, ұлттық құраманың жаттықтырушы-кеңесшісі Ким Джэченнің айтуынша, еліміздегі садақ ату спортының болашағы зор. Команданың тәжірибесі, резерві бар. Тек спорт базаларының жеткіліксіздігі ғана бұдан да қарқынды дамуға кері әсер етіп отыр.
«Қазір ең басты мақсат – Олимпия ойындарына лицензия алу. Сондықтан Қытайдағы Азия ойындарында және басқа да лицензиялық турнирлерде лайықты өнер көрсету үшін барлық күш-жігерді жұмсау қажет. Ханчжоу ойындарында қойылатын жоспар – күміс және қола медаль иелену. Бұл міндет үдесінен шығу керек. Ким мырза семинарлар өткізіп, команда бір жүйемен және күнтізбелік жоспар бойынша жұмыс істегені дұрыс. Біздің жаттықтырушылар осындай керемет мүмкіндікті пайдаланып, арнайы шақырылған кеңесшімен тығыз жұмыс істеп, тәжірибе алуы керек», деді Оралбай Ергенұлы.
Қазіргі таңда ұлттық құрама штатында 24 спортшы бар. Алда отандық садақшыларды Әлем кубогі, Азия және әлем чемпионаттары, Ханчжоудағы жазғы Азия ойындары күтіп тұр. Ұлттық құрамаға жаттықтырушы-кеңесші болып тағайындалған Ким Джэчен – садақ ату спортынан әлемдегі ең үздік мемлекеттердің бірі саналатын Корея өкілі. Ким бұған дейін өз елінде Паралимпиада құрамасын жаттықтырған. 2008 жылғы Бейжің Паралимпиадасында оның шәкірттері 2 алтын және 1 күміс медаль иеленген. Сондай-ақ Колумбия ұлттық құрамасын да жаттықтырған.
Халықаралық Олимпиада комитетінің атқарушы комитеті бекіткен құжатқа сәйкес, 2024 жылғы Париж Олимпиадасында мергендер бес жүлде жиынтығын сарапқа салады. Садақ атудан ерлер мен әйелдер арасында жекелей сын, ерлер мен әйелдер арасында командалық сын және аралас командалық жарыстан жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады. Токиодағы додада алғаш рет аралас командалық сында медаль үлестірілген болатын. Ал садақ атудан командалық жарыс Олимпия ойындарының бағдарламасына 1988 жылы енген.
Сондай-ақ спортшыларға бөлінетін квота да өзгеріссіз қалды. Гендерлік теңдік сақталып, ерлерден 64, әйелдерден 64 спортшы бақ сынайды.