Атап айтқанда, отырыс барысында сенаторлар «Кедендік әкелу баждарының (балама қолданылатын өзге де баждар, салықтар мен алымдар) сомаларын есепке жатқызу және бөлу, оларды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер бюджеттерінің кірісіне аудару тәртібін сақтау мәселелері бойынша бірлескен бақылау іс-шараларын өткізу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қарап, мақұлдады.
Бұл заң жобасы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының Еуразиялық экономикалық одақта кедендік әкелу баждарының сомаларын есепке алу және бөлу тәртібін сақтауын, бюджет қаражатының заңдылығы мен уақтылы қозғалысын бақылауды қамтамасыз етуге арналған. Осы ретте ЕАЭО қызметінің негізгі реттеуші тетіктерінің бірі ретінде кедендік әкелу баждарының сомаларын есепке алу және бөлу тәртібін жетілдіру басты міндеттердің бірі екенін атап өткен жөн.
«ЕАЭО құрамындағы мемлекеттердің жоғары аудит органдары мүше елдерде аталған тәртіптің сақталуына қатысты бірлескен бақылау іс-шараларын жыл сайын өткізіп тұрады. Тиісті келісім жобасын Еуразиялық экономикалық комиссиясына мүше елдердің жоғары аудит органдары мүдделі министрліктер мен ведомстволар сарапшыларымен бірлесе әзірлеген болатын. Бұл құжатқа ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің басшылары 2021 жылы 16 қарашада қол қойды.
Келісімге сәйкес бірлескен бақылау іс-шаралары аясында мынандай мақсаттар бар. Кедендік әкелу баждарының бөлінуге кіретін сомаларын есепке жатқызу, уәкілетті органдардың оларды толық әрі уақтылы аудару, сондай-ақ уәкілетті органдардың кедендік әкелу баждарының сомаларын бөлу нормативтерін сақтауы ескерілген», деді Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі Ардақ Теңгебаев.
Спикердің сөзіне сүйенсек, мүше мемлекеттердің қазынашылық қызметтері бақылау іс-шарасының объектілері болып айқындалған. Бұдан бөлек, Жоғары аудит органдарының сұрау салуы бойынша орталық кеден органдары мен ұлттық банктер қосымша ақпарат ұсынады.
«Бірлескен бақылау іс-шарасы жыл сайын өтеді. Оны мүше мемлекеттердің жоғары аудит органдарының өкілдерінен құралатын бірлескен бақылау тобы жүзеге асырады. Іс-шара қорытындысы бойынша жиынтық есеп қалыптастырылады. Онда заң бұзу фактілері, талдау нәтижелері, уәкілетті органдардың жазбаша қарсылықтарын қарау қорытындысы, анықталған бұзушылықты жою жөніндегі тұжырымдар мен ұсыныстар қамтылады», деді А.Теңгебаев.
Сонымен қатар отырыс кезінде «Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды. Бұл заң қылмыстық құқық бұзушылықтарға қатысты рәсімдерде барынша және өзара құқықтық көмек көрсетуді, екі елдің қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастығының тиімділігін арттыруды көздейді.
«Бұл шарт өзара құқықтық көмектің негізі мен тәртібін, оларды жүзеге асыру жолдарын, жауап алу, күзетпен ұсталып отырған адамдарды уақытша алдырту және басқа да мәселелерді реттейді. Нақтырақ айтқанда, сұрау салу, заттарды тәркілеу, тінту, сараптама жүргізу, банктегі шоттарды анықтау, куәгер мен сарапшыдан жауап алу, ақпарат алмасу сияқты тергеу амалдарын қамтиды. Мысалы, Францияда тінту жүргізу қажет болғанда, біздің құқық қорғау органдары сұрау жолдайды. Францияның тергеу органы өзінің ұлттық заңнамасының негізінде тінту жүргізіп, соның нәтижесін бізге хабарлайды. Дәл осындай тәртіпте Франциядан келіп түскен өтінімді еліміздегі тергеу органдары орындайды», деді Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев.
Сенатор Советбек Медебаевтың келтірген деректеріне сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстанның Франциядағы елшілігінде және Страсбургтегі Бас консулдықта еліміздің 629 азаматы консулдық есепте тұр. Соның 149-ы Францияда тұрақты тұруға құжаттарын ресімдеді. Ал Қазақстанда 532 Франция азаматы бар, оның 84-нің тұруға ықтиярхаты бар, 448-і уақытша есепке тіркелген. Сенатордың пайымдауынша, аталған шартты ратификациялау екі елдің қылмысқа қарсы күрес жөніндегі өзара ынтымақтастығын арттыруға ерекше мүмкіндік береді.
«Мақұлданған заң Қазақстан мен Франция арасында қылмыстық істер бойынша өзара ынтымақтастықты нығайту үшін құқықтық негіз қалыптастырады. Соған сәйкес Шартта екі елдің уәкілетті органдары арасында құқықтық көмек көрсету тәртібі айқындалған. Өзге елдермен осы сипаттағы шарттарды жасасу қылмысқа қарсы күрестің тиімділігін арттыра түседі деп сенеміз», деді Сенат спикері Мәулен Әшімбаев.
Бұдан бөлек, Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды жазасын одан әpi өтеу үшін беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасын қарап, мақұлдады.
«Бұл шарт еліміздің Конституциясында бекітілген талаптарды жүзеге асыруға бағытталған. Елімізден тыс аумақта жүрген азаматтарды қорғауға және оларға қамқорлық жасауға кепілдік берілген. 22 елмен осындай екіжақты шарт жасалды, оның 21-і ратификацияланды. Бұл келісім Қазақстан мен Өзбекстанның бір-біріне деген сенімінің белгісі. Аталған құжатқа қол қою үшін бірнеше жыл келіссөз жүргізілді. Қазіргі кезде Қазақстанның бас бостандығынан айыру мекемелерінде 486 Өзбекстан азаматы жазасын өтеп жатыр. Ал Өзбекстанда сотталған Қазақстанның 20 азаматы бар», деді Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев.
Осы орайда баяндамашы шарттың әлеуметтік маңызы бар екенін жеткізді. Отбасы мүшелерімен, жақындарымен кездесіп тұрса, сотталған адамға оң ықпал ететіні сөзсіз. Сотталғандарды түзету мақсаты тек қана оларды жазалау емес, сонымен бірге тәрбиелік ықпал ету, әлеуметтік байланыстарды сақтау. Шарт халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларына, Қазақстанның және Өзбекстанның ұлттық заңнамаларына сәйкес жасалған.
Шарттың мақсаты – сотталғандардың жазасын өз елдерінде өтеуіне, түзеліп, қоғамдық өмірге қайта бейімделуіне жәрдемдесу. Сенат төрағасы атап өткендей, заң бауырлас екі ел арасында құқық қорғау саласындағы серіктестікті одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді.