Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов ҰБТ бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізген мектеп директорларын құттықтады. Оған түлектері ҰБТ-дан бірнеше жыл қатарынан жоғары балл жинап жүрген он мектеп директоры қатысты.
«Ел игілігі үшін ең маңызды жұмыс атқарып жүрген жансыздар. Тәуелсіз мемлекеттің болашағы сіздердің қолдарыңызда. Елбасы айтқан дамыған 30 елдің қатарына қосылудың басты кепілі – білімді ұрпақ тәрбиелеу. Республика бойынша бірнеше жыл қатарынан жоғары балл жинаған шәкірттерді оқыту арқылы сіздер Елбасы берген тапсырманы орындап келесіздер», деп атап өтті министр.
Кездесу тек құттықтау-тілектерден ғана тұрған жоқ. Аслан Сәрінжіпов педагогтардан бүгінгі білім беру жүйесі мен бірнеше жыл қатарынан қоғамда үлкен дауға айналып келе жатқан ҰБТ жайлы ой-пікірлерін де сұрады.
«Бүгінде ҰБТ туралы пікірлер көп. Алайда, осы әдіс енгізілген 11 жыл ішінде көзімнің жеткені, он жыл оқыған бала білімін кез келген жерде дәлелдей алады. ҰБТ ұстаздар үшін де, оқушылар үшін де ыңғайлы. Дегенмен, бұрыннан келе жатса да, арасында дамыған елдердің тиімді тәсілдерінен сабақ алып отыру да артықтық етпейді», – деді Алматы қаласындағы №159 мектеп-гимназиясының директоры Аягүл Миразова.
Сонымен қатар, ұстаздар ауыл мен қала мектептері арасындағы айырмашылықты жою, оқу-ағарту жүйесін халықаралық стандарттарға сай реформалауға қатысты ой-пікірлерін білдірді.
«Егемен-ақпарат».