Форум • 09 Ақпан, 2023

Тарихи тамырластық форумы

296 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан шаһарында Орталық Азия мемлекеттерінің бірінші Парламентаралық форумы өтіп жатыр. Ауқымды іс-шараға аймақтағы елдер Парламент Палаталарының делегациялары қатысады. Екі күнге жалғасатын форумда олар парламентаралық қатынастарды кеңейтудің басым бағыттарын және біртұтас рухани-мәдени кеңістікті дамытудың өзекті мәселелерін талқылайды.

Тарихи тамырластық форумы

Жиынға қатысқан Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Орталық Азия елдері арасындағы қарым-қатынасты әрі қарай нығайту үшін осындай кездесулердің маңызы зор екенін айтты. Палата спикері аймақтағы елдердің Мемлекет басшыларының байланысы жоғары деңгейде екенін де тілге тиек етті. Сондай-ақ өза­ра ынтымақтастықты жан-жақ­ты және белсенді дамытуға Пар­ламент өкілдері де өз үлестерін қосуы керектігін атап өтті.

Форумға қатысып отырған қыр­ғыз, өзбек, тәжік және түрік­мен делегацияларын тиісінше Қыр­ғызстан Жогорку кенешінің төр­ағасы Нұрланбек Шакиев, Өз­бек­стан Олий мажлисі сенаты­ның төрағысы Танзила Нарбаева, Тә­жік­стан Маджлиси намояндагон маджлиси оли төрағасы Мах­мад­­тоир Зокирзода және Түрік­мен­­стан Меджлисінің төрағасы Гур­банмурат Ашыров бастап келді.

Іс-шара кезінде депутаттар Орталық Азия елдерінің жан-жақты стратегиялық ынты­мақтастығын нығайту мәселесін және Парламенттердің осы үдеріс­тегі рөлін талқылайды. Сонымен қатар форумға қатысушылар ортақ тарихи-рухани мұраға не­гіз­делген мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту барысына назар аударады.

Форумның қорытындысы бо­йынша Түркістан декларация­сы қабылданады. Құжатта эко­номикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге және өзіндік біре­гей­­лігімен ерекшеленетін Орталық Азияның біртұтас мәде­ни-тарихи кеңістігін қалып­тас­тыруға ар­нал­ған парламент­аралық қатынас­тарды одан әрі дамыту перспективалары көр­сетіледі.

Айта кетейік, аталған Пар­ла­ментаралық форумды өткізу туралы шешім былтыр шілде айында өткен Орталық Азия Мемлекеттері басшыларының Кон­сультативтік кездесуінде қабыл­данды.