19 Маусым, 2014

Қоғам күткен заң қоғамға қызмет етеді

304 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Кеше Мәжілісте палата Төрағасы Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста бірқатар заң жобалары қаралды. Мәжілістің бұл жолғы жалпы отырысында 15 заң жобасы талқыланды. Расында, Парламент қабырғасында талқыланып, түзетулер мен толықтырулар енгізіліп, қажет тұсында жаңа заң жобалары қабылданатын әрбір заңның біздің мемлекетімізді, қоғамымызды алға апарудағы, оны дамытудағы рөлі аса зор. Осы ретте денешынықтыру және спорт саласындағы заңнаманы жетілдіру, сондай-ақ, «Денешынықтыру және спорт туралы» заң жобасының нормаларын қолданыстағы заңнамамен үйлестіру мәселесінің де айтарлықтай маңызы бар. Осы жерде айта кететін жәйт – байрақты додаларда ел намысын жыртып, көк туымызды желбіретіп, әнұранымызды ойнатып, қанымызды қыздыратын саңлақтарымызды елге келгенде алдымен төбемізге көтеріп қар­сы алып, артынан оған берілген пәтер­дің де дауға түскенін көргенде қа­ра­пайым халықтың налитыны бар. Ол-ол ма, өзі мүгедек бола тұра паралимпиадаға қатысып, жеңіс тұғырына көтеріліп, елі­нің атын шығарған азаматқа бері­летін сый дені сау олимпиа­дашылардан төмен болатынын естігенде, тіптен, жандары ауырған. Тағдырдың теперішіне қара­мастан, бойындағы дертімен күресе, спортпен айналысуға ерік-күші жеткен азаматтарды қайта өзгелерден артығырақ баға­лауымыз керек емес пе деп. Қуанарлығы – заң жобасында осы олқылықтар ескеріліпті. Ал әлеуметтік-мәдени даму коми­те­тінің хатшысы Майра Айсина заң жобасы Мәжілісте 2014 жылғы 28 мамырдағы жалпы отырыста бірінші оқылымда мақұлданғанын еске салып өтті. Мәжілісмендер дауысқа салған заңдардың ішінде Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы авто­мобиль өткізу пункттерінде вете­ри­нариялық бақылауды және өсім­­діктер карантині бойынша ба­қылауды жүзеге асыру, Бри­­тания тарапының Қазақстан аумағы арқылы Ауғанстанға жүк транзитін қамтамасыз ету, экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қатынастарды реттейтін заңна­маны жетілдіру сынды жобалармен қатар, сот жүйесіне қатысты бірқатар заң жобалары жалпы отырыстың күн тәртібіне енгізілген екен. Мәжілістің Заңнама жә­не сот-құ­қық­тық реформа коми­­те­тінің хатшысы Свет­лана Бычкова «Қазақстан Респуб­ли­ка­сының сот жүйесі мен судья­лары­ның мәртебесі туралы» Конс­титуциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңның жобасы (екінші оқылым) бойынша Конституциялық заң жобасының судьялардың тәуелсіздігін кү­шей­туге, судья лауазымдарына канди­даттарды конкурстық іріктеу рәсімдерін жетілдіруге және судья лауазымдарына кандидаттарды іріктеуде жұртшылықтың рөлін күшейтуге бағытталғанын айтты. Сонымен, «Қазақстан Респуб­ли­касының сот жүйесі мен судья­ларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңның жобасы екінші оқылымда мақұлданды. Палата «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне сот төрелігін іске асы­­руды одан әрі жеңілдету, төре­шілдік рәсімдерді азайту мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да екінші оқылымда мақұлдады. Бұл жолы да баяндамашы болған депутат Светлана Бычкова заң жобасында бұйрық арқылы іс жүргізуді қолдану саласын оған қуынымдық іс жүргізудің кейбір дауларын беру жолымен кеңейту көзделетінін мәлімдеді. Азаматтық іс жүргізу кодексіне татуласу келісімін жасасу рәсімін егжей-тегжейлі регламенттеуді көздейтін жаңа тарау енгізілген екен. Отырыста Мәжіліс экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша түзетулерді екінші оқылымда ма­құлдады. Экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қатынастарды реттейтін заң­на­маны жетілдіру заң жобасының негізгі мақсаты болып табылатынын Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев баяндап берді. Жалпы отырыс барысында Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пунк­ттерінде ветеринариялық-сани­тариялық бақылау және өсім­діктер карантині бойынша бақылау функцияларын кеден органдарына беру мәселесі бойынша түзетулер екінші оқылымда мақұлданды. Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Зухра Сая­пова заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар көлік-логистика орталықтарын жайластыру және техникалық жарақтандыру жө­ніндегі үлгілік талаптарды әзірлеу және бекіту бойынша құзыретті айқындау, сондай-ақ, кеден органдарын өзіне тән емес функциялардан босату жөнінде түзетулер енгізгенін мәлім етті. Аталған заң жобасын қабылдау Қазақстан Республикасының кеден органдарының Кеден ода­ғы­ның кедендік шекарасы ар­қы­лы автомобиль өткізу пункт­терінде ветеринариялық бақы­лауды және өсімдіктер каран­тині бойынша бақылауды жүзе­ге асыру үшін құқықтық база құруға, Кеден одағының кеден­дік шекарасы арқылы автомо­биль өткізу пункттерінде әкім­ші­лік кедергілерді жоюға, бақы­лаушы органдардың санын қыс­қартуға және Кеден одағының шекарасындағы өткізу пункттері арқылы жүктерді өткізуді жеделдетуге мүмкіндік береді. Мәжіліс жалпы отырыста «Денешынықтыру және спорт ту­ралы» заң жобасын ілеспе түзе­ту­лерімен екінші оқылымда мақұл­дады. Палата өндірісіне алынған та­би­ғи монополиялар және реттелетін нарықтар мәселелері бойынша заң жобасы жөнінде Экономикалық ре­форма және өңірлік даму коми­тетінің төрағасы Сейітсұлтан Әйім­бетов сөз алып, түсінік берді. Ал Әлеуметтік-мәдени даму коми­те­тінің төрайымы Гүлнар Ықса­нова «Ақпараттандыру туралы» (жа­ңа редакция) заң жобасын қабыл­дау қажеттілігі туралы айта келіп, оның күші барлық нысаналы топтар мен әрбір адамға қатыс­ты­лығына тоқталды. Шынында, қазіргідей ақпа­рат­­тық-коммуникациялық тех­но­ло­гиялар дамыған ға­сырда әркім электронды ақ­параттық ресурс­тарын, ақпараттық жүйелерді пай­да­ланып, электрондық қызмет­тердің әрі меншік иесі, әрі әзірлеушісі (өнім берушісі) немесе көбінесе пайдаланушысы болуда. Сондықтан әр азаматтың ақпараттандыру үдерісінің бел­сенді қатысушысының рөлін атқа­ратынын айтқан депутат назарға ұсынған заң жобасы да депутаттар тарапынан қолдау тапты. Заң жо­басы бойынша қорытынды әзір­ленетін болды. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».