Құрманғазы қазақ музыкасының тарихына аңызға айналған тұлға ретінде енді. Күйші бала кезінен алғырлығымен, өткір тілімен ерекшеленіп, қос ішекті домбыраны жанынан тастамады. Оның күйлерінде туған жерге деген сүйіспеншілік, заманының бейнесі суреттеледі. Сондай-ақ шығармалары арқылы елінің азаттығын, еркіндігін аңсайды. Бүгінде қазақ өнеріне ұлтының үнін қалдырған күйші-композитордың есімін ұлықтау – елге аманат.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымов жетекшілік ететін Қазақ оркестрі де Құрманғазының шығармаларын кезекті рет орындап, көрерменді тәнті етті. Жалпы, күйдің құдіреті сол, дүрілдете аспанға шапшып ойнаған кезде тыңдаған адамның делебесін қоздырады емес пе?..
Аталған кешті ашқан мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай ұлт руханиятының дамуындағы күйшілік өнердің және Құрманғазы тұлғасының маңызына тоқталды. Әсіресе қазіргі таңда домбыра мен күй құндылығына деген қоғамның көзқарасы түзелу керек екенін атап өтті.
Күй кешінде Құрманғазының «Ақбай», «Кішкентай», «Серпер», «Сарыарқа», «Балбырауын», «Көбік шашқан», «Алатау», «Көк ала ат», басқа да күйлері орындалды. Сонымен қатар концертке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Анар Мұздаханова, Мәдениет саласының үздігі Әмина Бошымова, республикалық байқаулардың лауреаттары Мұхит Салыбеков, Айым Бекбаева, Сұлтан Сәркенов, Қайрат Жұмағалиев қатысты. Дирижер – мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов. Біртуар композитордың өлмес күйлерін Қазақ оркестрінің музыканттары мен солистері жоғары деңгейде орындады.