Ол ешқашан сыр бермейді. Ойынына қарап отырып, адам ба, әлде робот па деп ойлайсың. Қарсыластары жүйкесіне ши жүгіртіп жатса да, мыңқ етпейді. Қарсыласының аптығын шеберлікпен басады. Үстел басындағы төзімділігіне таңданасың, не деген сабырлылық деп тамсанбау әсте мүмкін емес. Жанкүйерлерімен де тез тіл табысады. Қарапайым, бірақ қарабайырлардың қатарынан еместігі жүріс-тұрысынан айқын аңғарылады.
Ел чемпионатын сан мәрте жеңіп алған жампозды жұрт 2010 жылы жақынырақ тани түсті. Алматыда аралас пирамидадан әлем чемпионаты өтті. Әлихан Қаранеев бастаған мықтылар фавориттер қатарында болады деп топшылағандарды 22 жастағы Ернар Шымбаев таңғалдырды.
Жартылай финалға қазақтардан Ернар Шымбаев пен Икрам Ахметов қана жолдама алды. Ал финалда Ернар мен қырғыз оғланы Қаныбек Сағынбаев кездесті. Талай додада атой салған Қаныбекті жұрт анық фаворит санаған еді. Алайда Ернар үйде кімнің қожайын екенін көрсетті. Еш сасқан жоқ. Эмоцияға емес, логикаға сенді. Даңқты қарсыласын 6:2 есебімен күйрете жеңген жас перінің қарқынына жанкүйер қошеметті аяған жоқ. Біз де таңдай қақтық.
Иә, Ернар Шымбаев бұдан кейін бірнеше турнирде олжа салды. Ел ішіндегі 17 коммерциялық турнирді қатар ұтып алуы – сөзімізге дәлел. Алайда мұнан соң қазақ оғланы әлем чемпионаты секілді жарыстарда ұзақ уақыт бойы жеңістің биік тұғырынан көріне алмады. Себеп те жоқ емес...
* * *
Қарақалпақстанда дүние есігін айқара ашқан таланттың отбасы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Алматы облысына көшіп келді. Ал Ернардың тастаяққа қызығушылығы бала кезінен басталған-ды.
«Бала кезде тастаяқ ойнап жатқан жігіттердің ойынына қызыға қарайтынмын. Солардың ойынына тамсанып жүріп, күндердің күнінде өзімнің де ойнағым келді. Қолыма кийді алған бойда бірден алты тасты лузаға тоғыттым. Мұндай нәтижелі серияны мықты ойыншылар да ылғи көрсете бермейді. Өйткені үстел үстінде шарлар әр түрлі позицияда орналасады емес пе. Қысқасы, бильярдпен кәсіби тұрғыда 15 жастан бастап айналыса бастадым. 2007 жылы Шымкент қаласында өткен ел чемпионатына қатысып, мықты мамандардың көзіне түстім», дейді Ернар өткен шаққа көз жүгіртіп.
Иә, 2008-2010 жылдары аралас пирамидадан өткен әлем чемпионатында қазақ спортшылары әлем чемпионы атағын ешкімнің еншісіне берген жоқ. Ал Ернар Шымбаев тұңғыш рет жаһан үздігі атанып, есімін тарихқа алтын әріптермен жазды.
Расында біздің көзқарасымызда спортшылар салқынқанды болуы керек. Әйтсе де финалда Ернарға есе жіберген Қаныбек Сағынбаев эмоциясын жасыра алмай қалғандай көрінді. Мұны ойын соңындағы сұхбаттан да айқын аңғаруға болады.
«Ол қолынан келгеннің бәрін істеді. Мені жеңгені – ең үлкен жеңісі. Бильярд үстеліндегі сукно (мата жабындысы) жаңарады деп ойлап едім. Ескі қалпында қалыпты. Ол да кедергісін келтірді десем, артық айтқандық емес. Енді Ернарға мұндай биікті бағындыру өте қиынға соғады. Өйткені бар мүмкіндігін ол бүгін көрсетті. Алдағы уақытта қандай табысқа қол жеткізетінін көре жатармыз», деген еді Қаныбек сол кезде.
* * *
Әлем чемпионы атанғаннан кейін Ернар үшін жаһандық додада атой салу расында да оңайға түскен жоқ. Додаларға қатысты, алайда жеңістің ауылы жақындамай қойды. Уақыт өте келе бірнеше ай бойы Түрікменстан құрамасын жаттықтырды.
«Түрікменстан құрамасын жеті ай бойы жаттықтырдым. Жиырма шәкірт тәрбиеледім. Уақыт өте келе олардың ішінен қабілеттілерін іріктеу керек болды. Он екі оқушыны таңдап, сұрыптап алдым. Олардың бірқатары жабық кешенде өткен құрлықтық аламанда ойдағыдай нәтижеге қол жеткізді. Нақтырақ айтсам, алты спортшы жүлделі орыннан көрінді.
Түрікменстан құрамасын жаттықтырған уақытта жеті айға келісімшарт жасасқан едім. Елді қатты сағынған соң жаңадан отбасы құрғанымды айтып, кері қайттым», дейді Ернар.
Бас бапкер ретінде Түрікменстан құрамасын жаттықтырған әлем чемпионы кейіннен Қатар құрамасының тізгінін ұстау мүмкіндігіне де ие болған екен. Алайда ол аталған ұсыныстан бас тартқан.
«Қатар құрамасын жаттықтыруға ұсыныс түскен-ді. Дегенмен бас тарттым. Өйткені араб тілінен бейхабармын ғой. Ол жаққа барғанда снукерден жаттығуыма мүмкіндік туатын еді. Ұсыныс жасағандар снукерден жеке бапкер беретінін айтқан-ды. Бірақ өз қалауыммен бас тарттым. Уақыт өте келе тамаша ұсыныстан бас тартқаным үшін өкінген сәттер де болды», дейді әлем чемпионы.
Талай додада қарсыласының алдын орап, жеңістің биік тұғырынан көрінген саңлақ спортшы бүгінде бірнеше жас періге бильярдтың қыр-сырын үйретіп жүр. Шәкірттерінің алды үлкен жарыстарда жүлдегерлер қатарынан көрініп те үлгерді.
* * *
Ернардың екінші рет әлем чемпионы атануына 11 жыл қажет болды. Түсіне білген адамға бұл аз уақыт емес. Жасы отыздан асқан ойыншылардың жаһандық додада топ жаруы тіпті қиын екенін ескерсек, шеберлік шыңына шыққан Шымбаевтың бұл табысын ерлік деуге де болатындай.
2021 жылы Ресейдің Ханты-Мансийск қаласында өткен әлем чемпионатына орыс бильярдының саңлақтары жиналды. Кілең «сен тұр, мен атайын» деуге лайық мықтылар топқа түскен аламанда Шымбаев чемпион атанады дегенге ешкім сенген жоқ. Бірақ Ернар тас түйін дайындықпен барған еді.
Тағдырдың тартуы дегенді қойсаңшы... Әлем чемпионатына дейін Ернар мен екі дүркін әлем чемпионы, әлемдік рейтингтің көшбасшысы, ресейлік Иосиф Абрамов әлеуметтік желілерде сөзге кеп қалған еді. Сөз таласта Шымбаев артық ештеңе айтқан жоқ. Тек жаһанның кез келген мықтысымен коммерциялық кездесу өткізуге дайын екенін мәлімдеп, инстаграмда пост жариялаған. Өзінен бір мүшел үлкен Ернарға тіл тигізген Иосиф қазақ оғланын күйрете жеңетініне сенімді екенін жазған-ды.
Еркін пирамидадан өткен доданың 1/8 финалында екі спортшының жолы түйісті. Жеті жеңіске дейін жалғасқан кездесуде қазақстандық спортшы 7:6 есебімен басым түсіп, ресейлікті сабасына түсірді. Әйткенмен отандасымыздың бұл жеңісін кездейсоқ табысқа балаған хейтерлер де табылды. Кейін олардың аузы жабылды. Финалға қиналмай жеткен Ернар шешуші ойында әйгілі Никита Ливаданы 7:4 есебімен жеңіп, екінші мәрте әлем чемпионы атағына қол жеткізді. «Жарайсың, Ернар!» дестік біз де сол кезде қанымыз қызып. Енді ше, абайламай сөйлеген Абрамовты ұтқанда қуанбағанда қашан қуанамыз?
Сол бір ойынды Ернардың өзі де есінен шығарған емес. Кездесудің зор маңызға ие болғанын отандасымыз да ашық айтады.
«Иосиф Абрамовты жеңгеннен кейін кем дегенде жартылай финалға жететініме сенімді болдым. Ал жартылай финалға жолдама алған кезде әлем чемпионы атанатыныма ешқандай күмәнім болған жоқ. Финалда сол кездегі екі дүркін, кейіннен үш дүркін әлем чемпионы атанған Никита Ливадамен кездестім. Ол 2:0 есебімен алға шыққан кезде кейбіреулер мені түбегейлі жеңілді деп ойлады. Әйткенмен, салқынқандылығымнан танбай, 7:4 есебімен басым түстім. Осылайша, екі дүркін әлем чемпионы атағына қол жеткіздім», дейді тастаяқ тарланы.
* * *
Бильярд әлемінде әлем чемпионатына пара-пар бірнеше жарыс бар болса, соның бірі – Кремль кубогі. Аталған додаға Қазақстан атынан бірнеше спортшы қатысты. Олардың қатарында Ернар Шымбаев та бар.
Бұл жолы да Ернар мен Иосиф Абрамов бір себетке түсті. Кезекті кезеңнің бірінде екеуінің жолы қайта түйісті. Аралас пирамидадан өткен жарыстарда барын салатын Ернар ойын ортасында қарсыласынан 3:2 есебімен басым түсіп жатқан. Кезекті партияны өз пайдасына шешкен ресейлік спортшы қазақстандықтың шамына тие сөйледі.
«Сәл-пәл бабым жақсы болса, мен сені талқандаймын. Соңғы он бес жылда ешкім білмейтін әлем чемпионатынан басқа түк ұтқан жоқсың. Қаныбек Сағынбаевтың қисық соққыларының арқасында бағың жанды. Мен үлкен турнирлерді сенен бес есе артық ұтқанмын. Сен өзі кімсің?» деді ресейлік спортшы ашуға булығып.
Бұл жолы Ернар да үнсіз қалмады. «Мен екі дүркін әлем чемпионымын. Ал сен қай кезде бабыңа енесің? Соны айтшы», деп қысқа қайырды қазақ спортшысы. Ал Абрамов болса тоқтаған жоқ. «Мен бабымда жүргенде сен жоқ болдың», деді ол күңкілдеп. Ернар бұдан кейін оның сөзін елең қылған жоқ. Қарсыласын 5:4 есебімен жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды.
Шешуші партияда ғана үстемдік танытып, өзбекстандық Джамал Қошқаровты 5:4 есебімен жеңген Ернар жартылай финалда ресейлік Павел Плотниковтан да 5:4 есебімен айласын асырды. Финалда өзінің досы, қырғыз елінің үкілі үміті Дастан Лепшаковпен кездескен Шымбаев 5:2 есебімен басым түсіп, Кремль кубогін ұтып алды. Осылайша, тағы да Абрамовтың аузына құм құйылды.
Үлкен спортқа қайта оралып, екінші тынысы ашылған Шымбаевтың тағы бір арманы бар. Сол арманға жету жолында талмай тер төгуге дайын.
«Үш дүркін әлем чемпионы атанғым келеді. Сол мақсатқа қол жеткізу жолында бар күшімді салатын боламын. Рас, отыздан асқан соң әлем чемпионы атану оңайға соқпайды. Алайда үздіксіз жаттығудан қол үзбесең, мақсат ақиқатқа айналады», дейді Ернар.
Халықаралық додаларда ел намысын абыроймен қорғап жүрген спортшының үш дүркін әлем чемпионы атануына барлық мүмкіндігі бар. Оның бойындағы шеберлік пен талант, салқынқандылық жеңіске бастар жолдан жаңылдырған емес. Талантын еңбекпен ұштағанның есесі кетпейді.