Театр • 12 Ақпан, 2023

Тағы да театр туралы

805 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

XXI ғасыр. Жаңа технологияларды игеру уақыты... Жаңа саяси арена... Ал театрлардың жағдайы қалай?

Тағы да театр туралы

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Бүгінгі таңда әлеуметтік желінің абыройы асқақтап тұр. Бес сөйлемнің басын құ­рап тер де, жариялап жібер. Болды. Қойылымдар жөнінде комменттер қаптайды. «Ащы шындық, ақиқатты айтыпсыз», «Сіз айтпағанда, кім айтады?» деп өзеурейді. «Осы спектакль­ге бара алмай жүр едім, енді бармай-ақ қойдым» деп түңі­леді. Тағысын тағы... Кете бе­реді. Тіпті сол спектакльді көр­ме­гендер де «Бұл не деген, бас­сыздық?» деп ой бөліскенін кө­ріп шошисың. Ал біреулер «Сіз­дер бүлдіріпсіздер, құр­тып­сыздар, бұған кім жауап береді, бассыздықты тоқта­туы­мыз керек!» деп театрға, тіпті министрлікке ресми хат жолдайды. «Кері байланысқа шығып қай жері шамыңызға тиді, олқылығы қай жерде?» деп пікірлесейін десеңіз, «мен көрмедім, ана депутат сөй депті, мына мықты бүй депті» мен сосын айтып отырмын» дейді... Таң қаласың. Кәсіби деңгей, ақпаратты талдау, сараптау, сұрыптау деген қайда? Резонанс тудырып жатыр дей­тінін қайтерсің... Қазіргі қо­ғамда көрмей, білмей тұ­рып, естігендері бойынша ғана, ойша образ жасап, мынау – ­жақ­сы, мынау – жаман дей ­сала­­тын «жаман ауру» бар. Бәріміз осы «ауруға» ұшырадық па деп қалдым. Тіпті кейбір әріп­тестеріме де таңғала баста­­дым. Спектакльге барып, бес ми­нут өтпей қыр көрсетіп, шығып ке­тетіндерді де білеміз. Ол шы­­­ғып кетті, яғни нашар спектакль, нашар режиссер деген пайымға сенетін жастарды да білеміз.

«Манипуляция сознание» жасаудың шеберлері пайда болыпты. Директорлар фестивальге неге барады, босқа ақша құртады, қазылармен ауыз жаласады, болмаса фестивальге таныс қазылар шақырады деген айыптаулар жасайтын­дар да бар. Кәсіби сыншыларға кү­мәнданатындар да көбейіп тұр. Бұрын «осы режиссерлер мында қойған спектакльдерін анда да қойды, көрдім, бетім­ді басып әрең отырдым, ұят жоқ па осы дейтіндер, бүгін оянып «ойбүй, бұл дегенің ғажап дүние», Франчайзинг! – дейтіндер де шығыпты. Әлеу­меттік желіні қолданушы кей­бір жандар қазір, тіпті «актер сөзін ұмытып қалды», деп кә­сіби сахна шеберлерінің тіке­лей қызметіне араласуға де­йін кетіп қалған. Бұның бәрі де жанға бататын сөздер, құр­дым­ға құлататын әрекеттер.

ыпы

Осыған дейін «Egemen Qazaq­stan» газетінде жария­лан­ған «Халің қалай, театрым?» (9.11.2021) атты мақаламыз­­да кәсіби маман ретінде театр­дың ішкі мәселелерін көтер­ген болатынбыз. Оларға на­зар аударған ешкім болмады және болмайтын да шығар. Деген­мен де осылай ақпараттар дүр­мегі қоғамға қайта бір ой салу үшін қалам алғызды. Бұл мәселелер менің ғана емес, қазіргі таңда, театр басқарып отырған бар­лық әріп­тес­терімнің де көкейінде жүр. Айтқыштар, жазғыштар жа­ны ашығыштар осындай мәсе­лелердің шешілуіне атсалысса деймін. Сонда ғана театрға көмегіңіз тиеді.

Қазір еліміздегі театрлар көмекке зәру. Үлкен көмекке. Бұл бүгін-ертең шешілмесе, біз лайға батып қалған машина секілді дөңгелегіміз айнал­ғанмен бір орнымызда тұра бе­реміз. Театр өлмейді, тек өлме­шінің күйін кешіп жүре береді. Өнер туғызушыларда береке болмайды. Бұл жағдайда театрлардың (мемлекеттік болсын, жеке болсын) алға қарай жылжуы туралы сөз қозғау да артық сияқты.

Сонымен, театрлар қызме­тіне қатысты нақты мәселелерді қозғасақ.

Біріншіден, «Театр және оның атқаратын қызметі» туралы заң болуы керек (Бұл заңды дайындауға, атсалысуға дайын мамандар да бар). Мұндай заң ТМД мемлекеттерінің бүкілінде бар, тек қана Қазақстанда жоқ. Біз қазір «Мәдениет туралы» заңның 22-бабының аясында ғана жұмыс істейміз. Оның аясы тар, қысқа қонышты етік секілді.

Басшы кім? Көркемдік же­­текші кім? Бас режиссер кім? Қоюшы режиссер кім? Суретші кім? Олардың қыз­мет аясы қандай, қандай құ­қы­ғы бар, міндеттері нендей? Ак­тер қанша сағатын дайын­дыққа жұмсауы керек, қан­ша уақыт демалуы керек? Сын­шы кім, әдебиет бө­лімінің меңгерушісі кім? Театр­ды директор басқару керек пе, әлде көркемдік жетекші басқаруы керек пе? Бірлесіп, тандемде жұмыс істеуге бола ма? Афиша мен бағдарлама­да кімдердің аты мен атағы жазылуы немесе жазылмауы керек, репер­туар қалай таң­далады, нені қою керек? деген сияқты көпте­ген сұраққа біз қажет деп атаған заңда толық жауап берілуі ­керек.

Театр – үлкен сала. Бірақ осынау саланың ережесі мүл­де жоқ! Әркім өз білгені, өз түй­гені бойынша жұмыс жүр­гізіп жатыр. Еңбек кодек­сі­не сүйеніп жұмыс жүргіз­гені­мізбен, театрдың өзіне сай ерек­шеліктері ескерілмей қала­тыны шындық.

Екіншіден, мемлекеттік сатып алу мәселесі өзекті. Мем­ле­кеттік сатып алу заңына өзге­рістер мен толықтырулар енгізу қажет деп ойлаймыз. Оны заңның 39-бабының 46-тармағына «жұмыс» сө­зін қосса, осындағы «мәде­ниет ұйымының, мәдениет сала­сындағы білім беру ұйымның, телерадио хабарларын тарату, ұйымының өнер туындыларын сахнада көрсетуді, көпшілік алдында орындау мен көрсетуді жүзеге асыру үшін тауарлар мен қызметтерді сатып алуы» дегенге «сахналық киімдерді тігу (сахна киімдері, декора­ция, реквизит костюм, бас киім, аяқ-киім) жұмыстарын сатып алу», деп қосса, көптеген мәселе шешілер еді. Қазір, тауар­лар келген соң, «CT-KZ» cер­ти­фикатын немесе индустрия­лық сертификат сұрайды. Бұл сертификаттарды тіркемесе акт жабылмайды. Бұл да үлкен мәселе. Себебі бұл сертифи­кат­тарды алу үшін өнім беруші әрқайсына қаржы төлеп, сәй­кестігін дәлелдеуі керек. Бізде отандық өнім өндірушілер өте аз екенін бәріміз жақсы білеміз. Кейбір мата түрлері біз­де жоқ. Басқа елден алуға мәжбүрміз. Көптеген қажет­ті нәрселерді шетелден алуға тура келеді. Сондықтан да осы мәселе өзекті.

Үшіншіден, жалақы мә­се­лесі жанға батады. Азамат­тық қызметкерлерге, мемле­кет­тік бюджет қаражаты есе­бінен ұсталатын ұйымдар­дың қызметкерлеріне, қазы­на­­лық кәсіпорындардың қыз­мет­керлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы құжат (Қазақ­стан Республикасы Үкіметінің ­2015 жылғы 31 желтоқсанын­дағы №1193 қаулысы) 2016 жыл­ғы 1 қаң­тардан бастап қолданысқа енді. Содан келіп, 17 697 тең­ге мөлшерінде база­лық лауа­зымдық айлықақы бел­гі­лен­­­­ген. Күнделікті тұтыну та­уар­­­лар­ы­ның бағасы өсіп жатса да, ­бұл көлем еш өзгермейді.

Сондай-ақ осыған дейінгі еңбекақы төлеу жүйесі бойын­ша мәдени мекемелерге «ака­демиялық» дәрежесі болған жағдайда 1,72 коэффиценті қолданылатын. Ал осы №1193 қаулыны шығарар кезде ол есепке алынбай қалған. Қазір «академиялық» мәртебесі бар ма, жоқ па бәрібір айлық сол қалпы. Осыны өзгертсе де біраз күш болар еді. Осы қаулы бо­йынша «С» санатындағылар­дың айлық мөлшері өте төмен. Бұл санатқа театрға танертең кіріп, түнде шығатын (сахна құрастырушы, гример, декорация, бутафор, жарық, дыбыс, т.б.) қызметкерлер жатады. Олар тіпті екі есе көп жұмыс істе­се де, айлықты екі есе аз ала­ды. Ең ауыр жұмыс осылар­да және олардың еңбегінсіз спек­такль қойылмайды. Көрер­мен тек сахнадағы актерді кө­реді, бұлар сахна сыртын­да қала­ды. Еңбектері де көрін­бейді. Мұн­дай мамандар өте тап­шы. Оқытпаймыз, даярламай­­мыз. Қазіргі театрларда осын­дай қызметкерлер театрға де­ген өзінің жан қалауымен ғана қызмет етуде. Олардың айлы­ғын 3 есе көтерсе де аздық ет­­пейді. Ал жас актерлердің айлығы шайлығына жетпейді. Кей­бірі қосымша жұмыстар істеу­ге талпыныс жасайды. Бірақ театрдан ұзап кете ал­май­ды. Күнделікті дайындық жұмыстары аяқтарына тұсау болады.

Осы орайда біздің Қал­леки театрының өзекті мәсе­лесін айтқым ке­леді. Ол – театрымызға «ұлт­тық» мәрте­бе беру туралы. Алма­тыда­ғы М.Лермонтов театрына берілген «ұлттық» мәртебені Қал­лекиге неге қимай отырмыз? Астанадағы өнердің үл­кен шаңырағына бұл атақ жа­ңаша серпін берері сөзсіз.

30 жылдан астам тарихы бар театрымыз «ұлттық» мәртебе­­ге қойылатын талапқа барлық жағынан сай келеді. Жаңа ғи­марат, академиялық мәртебе, сан алуан репертуарлық саясат, актерлік құрам, көрерменді қамту көрсеткіші тағы басқа да мәселе де негізгі талапқа сай. Тек Үкіметтен қолдау керек. Ұлттық мәртебе театрдың жаңа шығармашылық деңгейге көтерілуіне жол ашар еді.

Әрине, жұмыс барысында кемшіліктер болып тұрады. Бірақ түймедей нәрсені түйе­дей етіп көрсетіп, аяқтан ша­луға жаныққандардан гөрі еліміз­дегі театр саласын дамыту мақ­сатындағы салмақты ойларын, тұшымды ұсыныстарын айтар отандастарымыз көп бол­са дейміз. Сонда ғана қазақ театр өнерінің дамуына қоға­мымыз өз үлесін қосқан болар еді. Мұндайда халқымыз «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді.

 

Айболат ЖАУДЫР,

Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері