Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Осыдан он жыл бұрын Жабайхан Мүбәракұлының 80 жылдық мерейтойына орай «Еуразия университеті» газетіне ғалымнан сұхбат алғаным бар. Сонда философ ұстазымыз: «Саналы ғұмырымда, негізінен, таным, логика мәселесімен айналыстым. Соңғы кезде адам мәселесі, кісілік, сұлулық тақырыбы толғандырып жүр. Деніме саулық берсе, осыларды тереңірек қарастырғым келеді» деген еді. Осы сұхбаттың өзінен Жабайхан Мүбәракұлының ұлт даналығын жақсы білетіні байқалды. «Кісілік демекші, қазақ «Кісіні кейде таршылық сынайды, кейде баршылық сынайды» дейді. Осыған қатысты не айтар едіңіз?» деген сұраққа ғалым: «Өте жақсы айтылған. Жаман адам басына қиындық түссе, салы суға кетіп, сүмірейіп, жер болады. Өмір болған соң қайшылықсыз болмайды ғой. Ол қайшылықтар шешу үшін беріледі. Ал «баршылық сынайды» деген, кейбір, бұрын жалпылдап, шалғайыңа оралып жүрген адам қолы билікке жетсе, зорға амандасып, шалқайып қалатыны бар. Мұндайда қазақ «Жаман атқа жал бітсе – жанына торсық байлатпас, жаман адамға мал бітсе – жанына қоңсы қондырмас» деп тауып айтқан», деп жауап қатқан еді.
Тағы бір отырыста «Қазақ дәстүрлі дүниетанымында жаман адам түсінігі бар ма?» деген сұрақ туындады. Аяз би туралы аңызды мысалға келтіріп, жаман адам түсінігі жоқ деген пікір айтылды. Сонда академик Жабайхан Әбділдин: «Қазақта жаман адам түсінігі бар. Болмаса қазақ «Жаман малды асырасаң – аузы-мұрныңды май етер, жаман адамды асырасаң – аузы-мұрныңды қан етер» демес еді ғой» деп тұжырымдайды. Ғылыми еңбектерін орыс тілінде жазатын ғалымның қазақ мақал-мәтелдерін, ауыз әдебиетін терең білетіні және осы білімін өз пікірін негіздеуде ретімен қолданатыны таңдандырады.
Жоғарыда айтылған сұхбаттан Жабайхан Мүбәракұлының өмірдің мәні, адам туралы қазақша ойлайтыны байқалды. Осы әңгімеде аға әйел туралы мынадай ой толғады: «Әйел, ең алдымен Ана. Адамдағы барлық асыл қасиет – анадан. Бұхар жырау айтқан ғой:
«Жал-құйрығы қаба деп,
Жабыдан айғыр салмаңыз.
Қалың малы арзан деп,
Жаман қатын алмаңыз.
Жабыдан айғыр салсаңыз,
Жауға мінер ат тумас.
Жаман қатын алсаңыз,
Топқа кірер ұл тумас». Яғни адамның адамдығы – анадан, ана сүтінен, ана мейірінен, ана тәрбиесінен. Әйел, екіншіден, қыз бала. Қазақ халқының қыз балаға үлкен құрметпен қарайтыны мәлім. Әсіресе әке мен қыз бала арасындағы қарым-қатынас ерекше. Қазақ отбасында әке қызға ешқашан қатты сөйлемеген. Ескертулерін де анасы арқылы айтқан. Өзім де үш қыздың әкесімін ғой. Қыз бала нәзік, ерекше ыстық. Оларды осындай қылатын да әке махаббаты». Осы арада айта кететін маңызды мәлімет, Жабайхан ағамыздың балаларына жай ғана әке емес ұстаз бола білгендігі. Қызы Раушан – әке жолын қуып, философия ғылымдарының докторы, профессор, академик атақ-дәрежелерін алған әлемдік деңгейде белгілі ғалым.
Жабайхан аға әрі қарай сөзін былай деп жалғады: «Әйел, тағы да ер адамның жары. Әйелдің ер адамның өміріндегі орны туралы қазақ жақсы айтқан: «Алғаның жаман жолықса – қайтесің дүние шіркінді-ай» деп түйіндеп еді. Сексен бестен асып, жер ортасынан ауғанда жан-жарынан айрылып, қанаты қайырылса да, ағамыз мойымай, ғылыми-зерттеулерін жалғастырып, дәріс оқып, еңбектерін жариялау үстінде.
Соңғы он жыл ішінде бұрын батыстың философтарын үңіле зерттеп, зерделеген Жабайхан Мүбәракұлының отандық, халықаралық деңгейде жарияланған көптеген ғылыми шығармаларымен қатар перзенті, академик Раушан Жабайханқызымен бірігіп жазған «Абай – гениальный мыслитель и гуманист», «Чокан Валиханов – великий ученый и мыслитель» және «Проблема целостного и абстрактного человека в творчестве Ч.Айтматова» атты сүбелі еңбектері жарық көрді. Бұлар ағылшын, түрік тілдерінде де жарияланды.
«Абай – гениальный мыслитель и гуманист» кітабының бір бөлімін «Абай о вере, о любви, о прекрасном» деп атаған екен. Абай поэзиясындағы сұлулықтың жырлануын, атақты «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ» деген өлеңін негізге ала отырып, былай талдаған екен: «В образе прекрасного боевого коня художник рисует своеобразное сочетание признаков гармонического целого. Возможно все эти признаки не всегда присутствует в конкретном животном, однако это обстоятельство не говорит о том, что изображение коня поэтом выдумано, поскольку художник создал истинный образ, понятие идеального коня, который по существу является всеобщим, истинным» / «Суреткер сұлу жарау ат бейнесінде гармониялық тұтастық белгілерінің ерекше үйлесімін сипаттайды. Мүмкін бұл белгілердің барлығы нақты бір жануарда бола бермейтін де шығар, бірақ бұл жағдай ақынның жылқы бейнесін ойынан шығарғанын білдірмейді. Өйткені суреткер шын мәнінде жалпы, ақиқат болып саналатын идеал жылқы ұғымын жасады» (аударған – автор). Жабайхан ағамыз жоғарыда берген сұхбатында жас кезінде Абайдың өлеңдерін жатқа айтқанын, өзінің де өлең жазғанын есіне алған болатын. Енді диалектикалық логика тұрғысынан Абайдың өлеңдерін осылай талдайды.
«Чокан Валиханов – великий ученый и мыслитель» атты ғалымның 180 жылдығына орай жазған кітабында Шоқан Уәлиханов феноменінің қазақ халқының өмірінде, өзіндік санасының дамуында аса маңызды орын алатынын, Еуропаға қазақтың зияткерлік мүмкіндігінің деңгейін көрсеткен, аққан жұлдыздай аз ғұмырында батыс әлемін таңдай қақтырған дарынды тұлға екенін айта келіп, ғалымның әдіснамалық тәсілінің артықшылықтарын айқындайды. Соңғы, алтыншы ерекшелігі ретінде Ш.Уәлихановтың дәстүрлі халық мәдениетіне үлкен қызығушылық білдіріп, терең зерттегенін атап көрсетеді. «С точки зрения Валиханова, только народ, освоивший свое историческое бытие, знающий свою историю, свою культуру как форму освоения им мира, отношения человека к человеку, может быть творческим, живым, конкретным» / «Уәлихановтың көзқарасы бойынша, өзінің тарихи болмысын игерген, өзінің тарихын, мәдениетін әлемді игеру формасы, адамның адамға деген қатынасы ретінде білетін халық қана шығармашыл, тірі, нақты бола алады» (аударған – автор) деп түйеді.
Жабайхан Мүбәракұлы бір естелігінде атасы Әбділданың кіре тарта жүріп, атақты ақын, әнші Мәди Бәпиұлымен кездескенін айтады. Бораннан шаршап тоңған көп жолаушы айдалада бір кішкентай үйге кез болады. Бірақ үй иесі іште қонақ барын айтып, кіргізгісі келмейді. Оны естіген төрде жатқан үлкен кісі: «Мына боранда қайда жібересің оларды, жиырма адам жатқан жерге тағы жиырма адам сыймай ма?!» деп үй иесінің бетін қайтарып тастайды. Атасы Мәдидің кісілігіне риза болып, азығынан бөліп тастап кетіпті. Яғни бұл – кісілік. Кісілік туралы Жабайхан Мүбәракұлының түсінігі. Даналық – кісілікті тану құралы. Атасы азығын Мәдидің жақсылығының өтемі ретінде тастап кетті десе, бұл даналық емес. Мәдидікі – кісілік. Оны кісілік деп тану үшін даналық керек.
Абай отыз сегізінші сөзінде: «Әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хакім – ғалым» дейді. Даналық философиялық ұғым болғанымен, мазмұнының тереңдігі мен сан қырлылығы жағынан, оған философияның көптеген функцияларының (ғылым, таным теориясы, логика, методология, идеология және тағы басқасы) бірі ретінде қарауға болмайды. Философия ғылымсыз да өмір сүре алады. Ал даналықтан қол үзсе, философия аты ғана қалып, заты (мәні, мазмұны) жоғалады.
Гүлнар АДАЕВА,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті философия кафедрасының профессоры