Үкімет • 12 Ақпан, 2023

«Жел» заңы төңірегіндегі тайталас

289 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Польша Парламенті ұзақ уақыт талқылаған жел энергиясына қатысты заң жобасын қабылдады. Құжатқа сәйкес, баламалы энергетика көздерін дамытуға арнайы жер бөлінбек. Дегенмен экологтер заңға енгізілген соңғы өзгерістер теориялық тұрғыда жақсы болғанымен, іске асуы неғайбіл екенін айтады.

«Жел» заңы төңірегіндегі тайталас

Ел үкіметі осы мәселеге қатысты сынға ұшыраған еді. Үкіметті жасақта­ған Заң және әділет партиясы (PiS) жаңар­тылатын энергия көздерін дамытуға ерекше ден қойып отыр. Осыған байланысты көмір және қоңыр көмір жағатын жылу электр стансаларын азайтуға ше­шім қабылдаған. Қазіргі таңда Польша энергетикасының 70 пайызы осы отын түрінен алынады. Дегенмен елдегі негізгі өндірістің бірі саналатын көмірден бас тартқаны үшін кәсіпорындар мен қоғамның кей мүшелері билікті айыптады. Жаңа заңға сәйкес, жел турбиналары тұрғын үйлерден кемінде 700 метр қашықта орналасуға тиіс. Алайда саланы егжей-тегжей білетін сарапшылар мұндай шектеу жел энергиясын дамытуға кедергі келтіреді деп есептейді.

Польша жел энергиясы қауымдас­тығының (PSEW) президенті Януш Гаев­скийдің айтуынша, мұндай ереже құрлықта жел турбиналарын салуға мүмкіндік бермейді. Құжатқа өзгерісті PiS партиясының заңгері Марек Суски енгіз­ген-тұғын. Бұған дейін үкімет мүше­лері 500 метрлік шектеу салған-ды. Я.Гаев­ский бастаған лобби тобы заң жо­ба­сының басты кемшілігі де осы екенін алға тартады.

Осыған байланысты PSEW қауымдас­тығы саланы зерттеуге тапсырма берген еді. Жаңартылатын энергетика бойынша консультация беретін компания Urban Consulting-тің есебіне сүйенсек, жаңа ереже Польшаның кейбір аймағында жаңа жел электр стансаларын салуға мүмкіндік бермейді.

«Жел энергиясының дамуына жағдай жасалмайды деп есептейміз. Өйткені инвесторлар шағын фермаларға қаражат құймайды. Яғни құжаттағы шектеулер экономикалық тұрғыда тиімсіз», дейді Я.Гаевский.

Осы салада еңбек етіп жүрген компаниялар да, сарапшылар да заң жобасының осы күйінде қабылдағанына наразы. Өйткені билеуші партия бұған дейін жел энергиясын дамытудағы соны жобаларымен көзге түскен емес. Ал 2016 жылы қабылданған өзгерістерде бірқатар шектеу бар болатын. Мәселен, турбиналар тұрғын үйлерден өз биіктігінен он есе қашықта орналасуға тиіс. Бірақ техно­логия дамып, оларды биігірек салуға мүмкіндік туған сайын, жаңа жел стан­саларын салу қиындай бермек. Себе­бі Польша – аумағы үлкен емес, халқы тығыз орналасқан мемлекет. Салыс­тырмалы түрде қарасақ, елдің аумағы Ақтөбе облысымен шамалас. Бірақ 38 миллион тұрғыны бар. Халық саны бо­йынша әлемдегі 38-мемлекет.

Заң жобасын ұсынған тараптың да айтары бар. PiS партиясының заңгері Марек Сускидің сөзіне сүйенсек, тұрғындар жел диірменінің астында өмір сүруден қауіптенеді. «Турбиналар бақшасына қойылады деп уайымдайтын азаматтарды қорғағымыз келеді. Адамдар жел диірменінің астында өмір сүрмеуге тиіс», дейді М.Суски.

Кей сарапшы жаңа заң Польша­ның жаңартылатын энергия көздеріне көшу жоспарына кедергі келтіреді деп есептейді. Еуропалық одақ бірнеше жыл бұрын «Жасыл келісім» стратегия­сын қабылдаған. Соған сәйкес, қарт құр­лық 2030 жылға қарай парникті газдар шығарылымын 55 пайызға азайтуға тиіс. Ал Еуропалық одақтың 2050 жылға арнал­ған климат жөнін­дегі келісіміне сәйкес, ұйымға мүше мемлекеттер зиянды газ бөлетін отын түрін қолданудан мүлдем бас тартуы керек. Демек алға қойған мақ­саттың мүд­десінен шығу үшін Польша үкіметі қалай да жаңартылатын энергетика саласын дамытқаны жөн.

«Шектеулерді қатаңдату жел энерге­ти­касының қуатын кемітеді. Польша 2030 жылға қарай бұл саладан 20 гигаватт электр энергиясын өндіруі қажет. Өйткені Польша ескірген көмір шахталарын жауып, электр қуатына сұраныстың өсуін қамтамасыз ету оңай шаруа емес», дейді Forum Energii талдау орталығының жаңартылатын көздер бағдарламасының директоры Тобиаш Адамчевски.

Оның айтуынша, бұған қол жеткізу қиын. Өйткені сұраныс жыл санап артып барады. Мәселен, электр көліктердің саны көбейген. Күнделікті тұтыну да жылдан жылға өсе бермек. Қазіргі таңда Польшада жел диірмендері 7,7 гигаватт тоқ өндіреді. Ember талдау орталығы зерттеуіне сүйенсек, заң жобасы өзгеріссіз қабылданғанда 2030 жылға қарай оның қуатын 44 гигаваттқа жеткізуге мүмкіндік бар еді.

Енгізілген өзгеріс жел диірмендерінің қуатын 11 гигаваттқа дейін ғана жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл Еуропалық одақтың экологиялық заңнамасында көрсетілген 17-27 гигаватт деңгейінен әлдеқайда төмен. Ендеше, Польша билігі электр қуатының басқа көздерін іздеуі керек. Осыған байланысты Балтық теңізінде жел турбиналарын салатын үлкен жобаның құрылысы басталып кетті. Сондай-ақ атом электр стансаларын да қажет етеді. Сарапшылар тапшылықты жою мақсатында билік газ арқылы электр өндіретін жылу электр стансалары көптеп салынуы ықтимал екенін алға тартады.

Бүгінде Польшада өндірілетін электр энергиясының 83 пайызы қазба отындардан келеді. Қалған 17 пайызы ғана жаңартылатын энергия көздеріне тиесілі. Соның 70 пайызға жуығы көмірден алынады екен. Ал бүгінгі мақалаға арқау болған жел диірмендері 11 пайыз ғана өндіреді. Бұдан бөлек, газ (7,04 пайыз), био отын (4,33 пайыз), күн (4,47 па­йыз) секілді электр көздері бар. Жоспар бо­йынша, 2030 жылы көмірден мүлдем бас тартылуға тиіс. Ал қазба отындарды пайдалану 2035 жылға дейін аяқталуы қажет. Әрине, қазіргі қарқынмен бұған қол жеткізу қиынға айналатыны айтпаса да түсінікті.

Жалпы, халықаралық қоғамдастықтың климат өзгеруіне алаңдап келе жатқанына талай жылдың жүзі болды. Осыған байланысты бірқатар құжат та қабылданды. Мәселен, Париж келісімі БҰҰ-ның климат өзгеруі жөніндегі конвенция аясында 2015 жылы қабылданып, бір жылдан кейін қол қойылды. Құжат 2020 жылдан бастап әлем елдерін ауаға бөлінетін көмірқышқыл газы мөлшерін азайтуға міндеттейді. Бүгінгі таңда оған әлемнің көптеген елі қол қойды. Келісімнің басты мақсаты ‒ жаһандық жылынуды 2 градус Цельсийден төмен деңгейде ұстап қалу.

Қазақстан бұл құжатқа 2016 жылғы 2 тамызда қол қойды. Сол жылы құжат Пар­ламенттің екі палатасында да қара­лып, ратификацияланды. Қазақстан халық­ара­лық қоғамдастықпен қатар жаңар­тылатын энергия көздерін дамытуға үлкен көңіл бөледі. Осылайша, 2060 жылға қарай көміртекті бейтарап ел болуға ұмтылмақ. Бұдан бөлек, Қазақстан тұрақты даму мақсаттарына, Париж келісімі бойынша міндеттемелерді орындауға уәде беріп отыр. Сол себепті энергия көздерін әрта­рап­­тандыруға мүдделі.

Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар орасан демесек те, ауыз толтырып айтатын жобалар баршылық. Жоспар бойынша 2035 жылға қарай Қазақстанда 6,5 ГВт жаңартылатын энергия ресурсы пайда болады. Бұл орайда «жасыл сутегі» – келешегі зор бағыттың бірі. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, еліміз сутегін экспорттаушылардың алғашқы ондығына кіре алады.

Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірлік­теріне ресми сапары аясында осы мәселеге көңіл бөлген еді. «Абу Даби тұрақты даму апталығы» саммитінде сөйлеген сөзінде бұл саланың еліміз үшін маңызы ерекше екеніне тоқталды.

«Күн мен жел факторлары, сондай-ақ ұлан-ғайыр жеріміз Қазақстанның климатты сақтау жолындағы жаһандық іс-әрекеттерге атсалысып, жаңартылатын энергия секторында көш бастауына мүмкіндік береді. Осыған байланысты біз инвесторларға анағұрлым ұтымды шарттар ұсыну үшін нормативтік-құқықтық базаны жетілдіріп жатырмыз», деген еді Қ.Тоқаев форумда сөйлеген сөзінде.

Президенттің пікірінше, климаттың өзгеруіне қарсы күрес тек даму немесе жаңғырту шараларымен шектелмей, өзара тығыз байланыста қатар жүру­ге тиіс. Мемлекет басшысы елімізде электр энергиясының 70 пайызға жуығы көмірден өндірілетінін атап өтіп, алдағы уақыт­та өнеркәсіп пен экономикаға түбе­гейлі құрылымдық өзгерістер әкелетін ауқымды шараларға арнайы тоқталды.

«Халықаралық қоғамдастық климат­тың өзгеруіне қарсы күрес шара­ларын қаржы­лан­дыру мәселесіне қатыс­ты міндет­те­мелерін арттыра түседі деп сенеміз. Бүгінгі жиынның маңыз­дылы­ғы да – осы. Қазақ­стан көміртегі бейтарап­тығына қол жеткізудің ұзақмерзімді міндетте­мелерін айқындады. Іс жүзінде еліміз Париж ке­лісімін алғашқылардың бірі болып ратификациялады. Сол сәттен бері біз экономиканы әртараптандыруға және жаңартылатын энер­гия көздері мен орнықты технология­лар­ды ілгерілетуге бағытталған барынша тең­герімді, ұтымды саясатымызды қа­лып­тас­тырдық», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы сапар аясында Қазақстан Респуб­ликасы Энергетика министрлігі мен KIDF қоры және Masdar компания­сы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа сәйкес, Түркістан және Жамбыл облыстарында қуаттылығы 1 ГВт жел электр стансасын салу жөнін­дегі бірлескен жобаны іске асыру жоспарланып отыр.