Технология • 13 Ақпан, 2023

Дубайда ұшатын көліктер пайда болады

633 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Дубай туристерге арналған ұшатын электрлік таксилерді дайындап жатыр. Жаңа көліктер 2026 жылы қызмет көрсете бастайды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Дубайда ұшатын көліктер пайда болады

БАӘ-мен Бразилиялық Embraer авиакомпаниясына тиесілі Eve Holding компаниясы арасында 35 аэротаксиді жеткізу туралы келісімге қол қойылған. Бұл жоба Дубайдың қалалық әуе көлігі саласындағы әлемдік көшбасшыға айналуына ықпал етеді.

Eve қазірдің өзінде 1825 ұшақ жасауға тапсырыс алған және алғашқы машинаны 2026 жылы іске қосады. Айта кету керек, Airbus және Boeing өнеркәсіптік алыптары eVTOL өндірісіне белсенді инвестиция салып жатыр.

2021 жылдың желтоқсанында Дубайда Британдық Bellwether Industries компаниясы жасаған ұшатын екі орынды көлікке алғашқы сынақ рейстері сәтті өткен болатын. Қашықтан басқарылатын такси төрт метр биіктікте шамамен 40 км/сағ жылдамдықпен бірнеше рейстер жасаған. Болашақта компания төрт орынды ұшатын көлікті нарыққа шығаруды жоспарлап отыр. Ол 217 км/сағ жылдамдықпен ұшады, ал ұшу биіктігі 900 метрге жетеді. Бір батарея зарядының ұшу уақыты 90 минутқа дейін болады.

Ұшатын көліктер 2028 жылға қарай сатылымға шығады деп жоспарланған. Оны жеке көлік немесе такси ретінде пайдалануға болады.