Иә, «Көне Таразды» тыңдаған адамның көз алдынан байырғы шаһардың тарихы іспетті. Бастауы да, шарықтау шегі де жаныңды баурай береді. Құдды бір қойылымды композитор ретінде әрлей отырып, режиссер ретінде ширықтыра түскендей ме, қалай өзі? Оның «Жалын кешкен» деген әні де кезінде хит болғаны баршаға мәлім...
Күй жанрының өнердің басқа саласынан айырмашылығы – адам баласы ауызбен айтып, бояумен бейнелеп бере алмайтын табиғаттың тылсым сыры мен сұлулығын музыка ырғағымен жеткізе білуінде шығар... Күйші-композитор, Аман Малдыбаевтың есімі былайғы жұртқа таңсық емес. Өйткені өз өнерімен дүйім елді тамсандырып, өнер әлемінде өрге жүзіп жүрген Аман Малдыбаев қасиетті домбырамен елге қызмет етіп келеді.
Расында Аман Малдыбаевтың «Көне Тараз» күйі қазақ музыкасының «Алтын қорына» енді. «Ғаламат», «Мұңды саз», «Шоқай датқа», «Мұңлы тамшылар» және тағы басқа күйлердің, сондай-ақ «Шырайлым», «Жалын кешкен», «Жастар маршы», «Наз сезім», «Аққу әні» секілді әндердің авторы ретінде де ол көпшілік ортаға кеңінен танымал азамат десек, қателеспейміз.
Ол бұғанасы бекіп, қанаты қатаймаған балалық шағынан-ақ «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дегенді көкейіне түйіп өскен жан. Ауыл баласы ретінде ойынға емес, ойға әуес болды. Бой жарыстырмады, ертерек есейіп, айналасымен ой жарыстырды.
Аман Жамбыл мәдени-ағарту училищесінің театр бөліміне оқуға түсіп, одан кейін өнердегі білімін Алматыдағы Чайковский атындағы музыкалық училищеде жалғастырады. Мұнда халық аспаптары бөлімін бітіріп, екі жылдық дайындық курсынан кейін Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның халық аспаптары бөліміне түсіп, арманын шынайы өмірге айналдыру жолында талмай тер төгеді. Белгілі өнер қайраткерлері, ғажайып композиторлардан дәріс алады. Николай Лавщенко, Борис Ерзакович, Шамғон Қажығалиев секілді тумалардың тәлімін бойына жиып, тәжірибесін толыстырады.
Ол 1989 жылы Жамбыл қаласына келіп «Әулиеата өрендері», 1991 жылы «Шежіре» фольклорлық ансамблін құрып, оған өзі жетекшілік етеді. Ұжымның репертуарын толықтыруда тынбай еңбектенеді. Бүгінгі таңдағы қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Досымжан Таңатаров алғашқы өнер жолын Аман Малдыбаевтың ансамблінде бастағанын сөз ете кетсек, Малдыбаевтың көрегенділігін байқатқандай болармыз, сірә?!
Жалғыз Досымжан ғана емес, эстрада жұлдызы, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері, інісі Мадияр Малдыбаев, республикалық конкурстардың лауреаты Нұрлыбек Қадырбергенов, әншілер Құралай Ғайымова, Гүлшат Сопбекова, Жанар Үстемірова және өзгелер Аман Малдыбаевтың дәрісін бойына сіңірді. Белгілі композиторлардың ән-күйлерін орындап жүрген әнші-күйшілер талай байқауларда лауреат атанып, ауыз толтырып айтарлық жетістікке жеткені өзінше бір әңгіме. Қазақ мұндайда «ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деп ризашылық білдіріп жатады ғой…
Жұртшылық Аман Малдыбаевты композитор ретінде танып жүрген кезде ол актерлік қабілетімен де жарқ ете қалған болатын. Белгілі режиссер Ермек Тұрсыновтың «Шал» атты көркем фильмінде негізгі рөлдердің бірі Қалтайдың образын қал-қадерінше ашқанын жұрт жақсы біледі.
«Көркем фильмге түсу идеясы маған қатты ұнағанын қалайша жасырайын? Бұл менің өмірімдегі жарқын сәттердің бірі болды деп толыққанды айта аламын. Осындай ғажап мүмкіндікті мүлт жібермеу маған аманатталған болатын. Аманатқа қиянат жасаған жоқпын», дейді ол ағынан жарылып.
Кейіпкеріміздің перзенттері де өнер әлемінен алыс емес. Олардың бәрі де талантты азаматтардың қатарында десек, қателеспеспіз. Осындайда «Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген мақал еріксіз еске түседі.
«Ұлдарым анасының құрсағында жатқанда айы-күні жақындап отырған келіншегімнің жанында отырып күй тартатынмын. Қазақтың ғажап күйлерін балаларымның санасына титтейінен сіңіргім келді. Перзенттерім өмірге келгеннен кейін бесігін тербетіп отырып, талай рет ән айтып, күмбірлетіп күй шертіп әлдилеуші едік», деген Аман Малдыбаевтың сөзінен ұрпағының өнерге неге жақын болғандығын аңғара түскендейміз.
Ұлдарының үлкені Әлібек оқушылар арасында өткен халықаралық «Азия дауысы» ән байқауының дипломанты екенін біреу білсе, біреу білмес. Оның композиторлық қыры да баршылық. Көне шаһардағы сан түрлі жиындар мен мерекелік іс-шараларда қолындағы саксофонынан сызылтып саз төгіп тұратын Әлібектің шеберлігіне тәнтіміз. Өнер адам баласын өрге сүйрейді. Ел көресің, жер көресің. Айналаңды, жер-жаһанды тани түсесің. Таңдауың түзеліп, талғамың қалыптасады. Ойға шомасың…
Әлібек әкесімен бірге Германияның ең көрікті он қаласын аралапты. Өркениет көшінде озық орны бар елдің мәдениеті оған ой салғаны анық. Ортаншы ұлы Рүстем Беларусьте өткен халықаралық ән конкурсының I орын иегері, Мәскеуде, Новосібірде өткен халықаралық өнер додаларының дипломанты екен. Кенже ұлы Қазыбек – қобызшы. Жас қобызшылардың Халықаралық «Жез киік» атты байқауында лауреат атанса, республикалық жас орындаушылар аламанында II орынды олжалады. Қазыбек бұл жүлделермен шектеліп, тоқтап қалған жоқ. 2012 жылы халықаралық «Шабыт» фестивалінде айы оңынан туып, белгілі қобызшы Қазыбек Әбенов атындағы арнайы жүлдені иеленді.
Қазіргі кезде Аман Малдыбаев өнерлі отбасының көркемдік жетекшісі секілді… Домбыра мен күй – қай кезде де қазаққа аманат. Сол аманатқа дақ түсірмей жүрген Аман секілді азаматтар аман болсын!