Өнер • 13 Ақпан, 2023

Қоштасу

647 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Теңізге ұзақ қарасаң, адамды сағынасың, ал адамға ұзақ қарасаң, теңізді сағынасың.

Қоштасу

«Қоштасу» картинасы атақты теңіз пейзажы шеберінің шығармашылығындағы жаңа дауыс. Суреткер Иван Айвазовский бұл туындысын 1868 жылы жазған. Оны даңқ шыңына көтерген табанды реализм бағыты суретшіден теріс айналған сәтте өмірге келді. Бірақ ол абстракциядан барынша аулақ болуға тырысты.

Қараңызшы, суретші теңіздің шексіз екенін айтады. Әрине бұл географиялық тұрғыдан теріс көрінуі мүмкін. Дегенмен, сіз мөп-мөл­дір шек­сіздікке жүрек көзімен қарасаңыз, күмән­дарыңыздың күл-талқаны шығады, жан тазарады, көңіл көгереді. Өмір көкжиегі соншалықты кең әрі алыс. Мұнда адамдар толқындардан қуат алып, тағдыр арнасына тағы бір тілек жал­ғайды.

Қыл­қалам ұшынан ағып түскен түрлі-түсті тамшының бұлым-бұлым, қатпар-қыртысына дейін дымын қалдырмай сүзіп, мойынына діңкелеп мінген сана дертінен арылуға асық­қан суретшінің жан әлемінің жағрафиясын көресіз. Бұл сұңғыла сурет өнерінің қасиеті! Айвазовский биігі!

Аталған шығарманың мысалында импровизация мен екпінділіктің көрінісімен қатар қоршаған әлемнің соқыр «еліктеуден» ше­гінуін байқауға болады. Оның таңдаған образының композициялық үлгісі де жаңа қырынан көрінеді. Кенептің басым бөлігін шексіз аспан алып жатыр. Бергі жағынан күлгін қызыл түстің иридесцентті реңктері көзге оттай басылады.

Түстердің мөлдірлігі мен нәзіктігі оқыр­манға таң алдындағы тұманның әсерін береді. Бірте-бірте көтерілген күннің жарығы сирейді. Сюжет бейбітшілік пен мұңды дыбысқа қа­ныққан. Ғажабы сол, элегия теңіз бетіндегі тыныштықпен үндеседі. Ал сол тыныштық қоштасудың мұңлы әнін айтып тұрғандай.

Мұнда қылқалам шебері лирикалық күйді жаңғыртты. Ол қызыл жыпылықтарды ескере отырып, кербез мұңды тудырады. Ақырын алтын штрихтар қоштасу сахнасын сұйылтады. Бақсаңыз, сізді сүйіктіңізбен ерте кездесудің қуанышы туралы ойлануға мәжбүр етеді. Теңіз жағасындағы отбасының қоштасуы әсерлі әрі тәтті бейнеленген.

Әйгілі суретші Пабло Пикассоның «Бәрі су­ретті түсінуге тырысады. Неге олар құстардың шиқылын ұғуға тырыспайды?!» дейтіні бар. Қазақы қанмен будандасқан балауса бояудың кенептегі мінезін беру жалаң қолмен мұнара тұр­ғыз­ғанмен бірдей дүние. Оны түйсінуге үлкен сана керек. Адамның жаны – шытырман, қат-қабат. Бұл орайда кейіпкеріміздің еңбегі ұшан-теңіз.

Айвазовскийге тән романтикалық шиеленіс көңіл-күйді бұзбайды. Композицияда сағымға оранған кеме алыстан менмұндалайды. Ал жағаға жақын қайық саяхатшының мінуін шыдам­дылықпен күтеді. Айналаның бәрі үйле­сімділік пен тыныштықтың таңғы нұрына шомылған.

Шығарма теңізбен диалогке түсудің жаңа тәсілі. Сондықтан картинада қолданған көр­кемдік трюктер ерекше. Былайша айтқанда, суретші өз ұстанымынан бас тартпай, жаңаша ой тудырды. Бұл әсіресе, түсте айқын көрінеді. Қылқалам шебері кенептегі бояуды неғұрлым ұстамды және жан-жақты жаққан. Содан да болар туынды оқырманды қиялға жетелейді әрі сюжетке ерекше күй сыйлайды.

Оны Құдай теңіз үшін жаратқандай. Ол үшін теңіз – ғаламның негізгі тірегі секілді. Жағада туды, жағада өсті, толқынмен таласып, уақытпен санасып. Содан да болар қыл­қалам шеберінің осы тақырыпқа келгенде жорғадай жүйткитіні. Адам бірден байқамас, оңайлықпен қолға түспес сұлулықты мөлдір күйінде төгіп тастайды.

Біз картинаға қарап, теңіздің тағдырын кешеміз. Беймәлім өмір сезіледі, толқындардың сыбдыры, күн күркіреуі, жарықтардың өзара шағылысы бәрі-бәрі кенеп бетінде кескін­делген. Қылқалам ұшынан ағып түскен түрлі-түсті тамшының бұлым-бұлым, қатпар-қыр­тысына дейін дымын қалдырмай сүзіп, мойнына діңкелеп мінген сана дертінен арылуға асыққан суретшінің жан әлемінің жағрафиясын көресіз. Бұл сұңғыла сурет өнерінің қасиеті! Теңіз сізді өзіне шақырады.

Қаланың қауырт тіршілігінен қажыған сәтте, теңіз терезе алдынан телмірген бала қия­лыңызды қайта есіңізге түсіреді. Алақан­дай ауылдың аспанына қоныстанған бала бұлттай асқақ, арманшыл шақтарға деген сағы­ны­шыңызды басады. Теңіз адамзатқа азық бере­тін рухани энергия ошағы. Онда махаббат та, ің­кәр­лік те, қатыгездік те, тіпті ұят та бар. Ғажап емес пе!?.